Келес: Тазалық мәселесі қатаң қадағаланады
Түркістан облысы Келес ауданы аумағында белгіленбеген орындардағы қоқыстар мен рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын орындарды анықтау бойынша шаралар жүргізілді. Бұл туралы Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мониторинг жұмыстарының барысында қоқыстарды қоқысқа арналып арнайы бөлінген орындарға тастамау фактілері анықталды. Әкімшілік заңнаманы тек ұйымдар ғана емес, сонымен қатар үйлеріне немесе пәтерлеріне жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан азаматттар да бұзуда. Бұл бойынша Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық жиында аудандық ТҮКШ және АЖ бөлімінің сектор меңгерушісі Алмас Абдуллаев атап өтті. Жиын барысында ауылдық аумақтарға бей берекет тасталған қоқыстар, жиналған жерге қайта тасталған күл қоқыстардың бейнесі көрсетіліп, нақты шараларды атқаруға тапсырма жүктелді.
- Аудан аумағында тұрмыстық қалдықтарды заңсыз төгу салдарынан, қоқыстардың көбеюі мәселесі өткір болып тұр. Мұндай дөрекілікке барғандарға ескерту жасалды. Ендігі кезекте тек заң нормаларына сәйкес айыппұл салынсын. Заманауи техникалар қажеттілігіне сай қолданылсын. Сонымен қатар санитарлық тазалық шараларын бір сәтке бәсеңдетуге болмайды. Анықталған кемшілікті жою бойынша атқарылған шараларға зерделеу жұмыстары жүргізіледі, - деді Жәнібек Есенұлы.
Жиын барысында облыс, аудан әкімінің берген хаттамалық тапсырмаларының орындалуы барысы мен аудан орталығы Абай ауылындағы өзекті мәселелер талқыланды. Дербес бөлім басшылары мен ауыл әкімдерінің тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдауын бекітілген кестеге сәйкес атқарылуы тапсырылды.
- Бірнеше ауыл әкімдері жеке қабылдау өткізбеген. Сіздер адамдарды қабылдасаңыздар маған келмейтін еді. Ұят емес пе?! Бөлім басшылары да қабылдауды қойған. Реттеңіздер. Арыздарға сапалы жауап берілуін аудан әкімі аппараты қатаң қадағалаңыздар. Заң нормаларына сәйкес арыз иелерімен тыңдалым өткізу керек. Құқықтық сауаттылық бойынша түсіндіру шараларын ұйымдастырыңыздар, - деген аудан Абай ауылындағы өзекті мәселелерді шешу бағытында нақты шараларды атқаруды тапсырды. Ауыл аумағын көгалдандыру, ғимараттардың сыртқы қасбеттерін реттеу, егілген көшеттерді тамыр алып кетуі бағытындағы кемшілікке жол берген жауаптыларға шара көрілетіндігі ескертілді.
Айта кетейік, Абай ауылының сыртқы қасбетін реттеу бойынша жауаптылар 4 аумаққа бөлініп, тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізе отырып, нәтижелі жұмыс жүргізуді қолға алған.