Түркі әлемінің бағалаушылары Түркістанда бас қосты

Oinet.kz 04-06-2023 207

19.jpg

Түркістан қаласы халықаралық деңгейдегі маңызды басқосулар өтетін орталыққа айналып келеді. Тарихи шаһарда Орталық Азия және Түркі әлемі бағалаушыларының І халықаралық форумы өтті. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Форумның ашылу салтанатында «Қазақстанның бағалаушылар достастығы» өзін-өзі реттейтін ұйымы, Бағалаушылар палатасының Басқарма төрағасы Асқар Омарбеков жиынның маңыздылығына тоқталды. Ол мемлекетті дамытуда бағалаушылардың қосып жатқан үлесі мол екенін жеткізді. 

– Орталық Азия мен Түркі әлемі бағалаушыларының бірінші халықаралық форумының мақсаты – іскерлік ынтымақтастықты нығайту, бағалау қызметінде де түркітілдес мемлекеттер арасындағы өзара іс-қимылды одан әрі тереңдету. Тарихи тамырластықты нығайта түсу үшін түркі мемлекеттері бағалаушы палаталарымен іскерлік байланысты нығайту туралы шешімге келдік. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінде Түркістан қаласын түркі әлемінің рухани астанасы ретінде ресми түрде жариялағаны баршаға мәлім. Сондықтан киелі қаланың тарихи маңызын ескере отырып, форумды қасиетті Түркістанда өткізуді жөн санадық, – деді Асқар Омарбеков. 

Форумда ҚР Қаржы министрлігіне қарасты департамент директорының орынбасары Бекзат Айқымбаева құттықтау сөз сөйлеп, бағалаушылардың қоғамдағы орнына тоқталып, бұл саланың аса маңызды әрі жауапты қызмет екенін жеткізді. 

Маңызды басқосуда бағалау қызметінің өзекті мәселелері жөнінде конференция өтіп, сарапшылар пікір, тәжірибе алмасты. Сонымен бірге пленарлық отырыста да Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және өзге де мемлекеттерден келген бағалаушылар өз пікірлерін айтты. Бағалау қызметін дамыту, тәжірибе алмасу бағытында да маңызды баяндамалар жасалды. 

Халықаралық форумды «Қазақстанның бағалаушылар достастығы» өзін-өзі реттейтін ұйымы, Бағалаушылар палатасы ұйымдастырды. Оған Түркістан облысының әкімдігі мен Қазақстан Республикасы банктерінің қауымдастығы қолдау көрсетті. 


Келесте 9 ауылға газ беріледі
Түркістанда бағалаушылардың халықаралық ұйымы құрылды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу