Келесте 9 ауылға газ беріледі
2021 жылы қабылданған «Қуатты өңір –ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін елді мекендердің инфқұрылымға деген қолжетімділін толық қамтамасыз ету көзделіп отыр. Ұлттық жобаны іске асырудың мақсаты базалық қызметтерге халықтың тең қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық жағдайды жақсарту және тұрғын үй құрылысын дамыту, сондай-ақ көліктік байланысты қамтамасыз ету және елдің көліктік-транзиттік әлеуетін жоғарылату есебінен азаматтардың қолайлы өмір сүру ортасын құру болып табылады. Осы бағытта Түркістан облысында бірқатар жобалар іске асуда.
Мәселен, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды елді мекендердегі газға қатысты жобаларды жедел аяқтап, газдандыру жұмысын жандандыруды тапсырған болатын. Өңірде осы бағытта жұмыс жүруде. Келес ауданына қарасты Қошқарата ауылдық округінің Жаңақоныс, Бесауыл, Жамбыл-1 елді мекендеріне табиғи газ берілді. Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев елді мекендерге «көгілдір отынды» қосу рәсіміне қатысты. Аудан әкімі тұрғындарды қуаныштарымен құттықтап, ауыл-аймақты табиғи газбен қамту – өңірді дамытудағы негізгі басымдық екенін атап өтті.
– Жыл сайын Келес ауданындағы елді мекендер табиғи газға қосылып, жергілікті тұрғындар көмір мен отын жағудың машақатынан арылуда. Аудан қайта құрылғалы 14 ауылға табиғи газ берілсе, жыл соңына дейін 9 ауылды табиғи газға қосу жоспарланып отыр. Солардың қатарында, міне, бүгін Бесауыл, Жаңақоныс және Жамбыл-1 елді мекендеріндегі үйлерді табиғи газға қосып отырмыз, – деді Жәнібек Ағыбаев.
Аудан басшысы Бесауыл елді мекенінің тұрғыны Мұратбек Бектұрсыновтың шаңырағында болды. Шаңырақтағы 90-ға келген қарт әжейдің батасын алды. Жергілікті тұрғындармен тілдесіп, қуаныштарын бөлісті.
Түркістан облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Жиынға қатысқан «QazaqGaz» ұлттық компаниясына тиесілі «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның жергілікті филиалының газ мамандары тұтынушылардан көгілдір отынды пайдалану кезінде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды сұрап, қауіпсіз пайдалану ережелері көрсетілген жадынамаларды таратты.
Айта кетейік, Келес ауданында 133 753 тұрғын, 83 елді мекен бар оның ішінде 60 елді мекен табиғи газбен қамтылған. Яғни елді мекендердің 72,3%, тұрғындардың 94,4% газдың игілігін көріп отыр (бүгінгі таңда 14 361 абонент бар). Биыл Келес ауданы бойынша 9 елді мекенді табиғи газға қосу жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде Қошқарата ауылдық округі, Жаңақоныс, Бесауыл, Жамбыл-1 елді мекендері бүгін қосылып, Келес ауданы бойынша тағы 307 тұрғын үй табиғи газға қол жеткізіп отыр. Елді мекендерді табиғи газбен жабдықтау бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жергілікті әкімдіктің тапсырысымен 2021 жылы басталған. Газға қосылу «Ғани Мұратбаев» газ тарату станциясы арқылы жүзеге асырылады.