Бала қауіпсіздігі басты назарда
Түркістан облысы Созақ ауданы әкімдігінің мәжіліс залында аудан прокуратурасының ұйымдастыруымен балалардың жазғы каникул кезіндегі демалысын тиімді ұйымдастыру, қауіпсіздік мәселесіне қатысты жиын өтті.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, жиынды аудан прокурорының аға көмекшісі Бексұлтан Бейсенбай ашып, жүргізіп отырды.
Күн тәртібінде қаралған басты мәселе жазғы демалыс кезіндегі балалардың өмір қауіпсіздігі туралы аудандық өтенше жағдайлар бөлімінің басшысы, азаматтық қорғау подполковнигі Қанат Ақбаев, полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Ержан Нұргазиев, адами әлеуетті дамыту бөлімінің бас маманы Мамырхан Көшкінбайұлы хабарлама жасады.
Онда шомылу маусымында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында су айдындарының қауіпті, шомылу үшін жабдықталмаған, тыйым салынған учаскелерінде аудан әкімдігімен бекітілген жоспарға сәйкес полиция бөлімі және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, 31 рет рейдттік жұмыстар жүргізілгені, сондай-ақ аудан аумағында барлық білім ошақтарында аталған мәселелер бойынша түрлі іс-шаралар өткізіліп, оқушыларға қауіпсіздік шаралары өз дәрежесінде түсіндіріліп жатқаны айтылды.
Күн тәртібінде қаралған мәселе бойынша жазғы демалыс кезіндегі балалардың қауіпсіздігі егжей-текжейлі талқыланып, аудан әкімі аппаратының басшысы Абдуахат Бакиров ұтымды ұсыныстарын ортаға салды.
Аудан прокурорының аға көмекшісі Бексұлтан Мұхамеджанұлы бала өмірі ең басты құндылығымыз екенін айтып, бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі күшейту керектігін жеткізді.
Лездемелік жиынға барлық ауыл, кент округ әкімдері мен бөлім, мекеме басшылары және сала мамандары қатысты.