Балық шаруашылығы-береке
Түркістан облысы Кентау қаласында Қарнақ ауылында балық аулау демалыс орталығы іске қосылды. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Кәсіпкер Құрбан Казиханов 2015 жылдан бері бұл кәсіп түрін қолға алған. Алғашқы да кішігірім жасанды көл жасап, оған тұқым шашып, өнімін алады. Кәсіптің берекесін сезінген ол ұлғайтуды қолға алып, есігінің алдын кеңейте бастайды.
Бүгінде кәсіпкер шаруашылығының маңайын демалыс орталыққа айналдырып, ел тынығатын аймаққа жеткізуді мақсат етіп отыр.
– Балық шаруашылығын бір сиыр бұзауымен сатып, сол ақшаға 25 кг тұқым алып, кәсіптің көзін бастағанмын. Бүгінде міне, кәсібім қанатын кеңге жайып, отбасылық ісімізге айналды, – дейді кәсіпкер.
Бұл аймақтан төрт түрлі балықты кез келген демалушы өзі аулап, аулаған балығын сол жерде дайындатып, тамақтана алады. Тіпті отбасымен барғандарға арнайы орындар мен шомылуға арналған бассейн орнатып жатыр.
Қарнақ ауылында орналасқан бұл демалыс аймағына қазірдің өзінде келушілер қатары көп. Кәсіпкер 10-ға жуық ауыл тұрғынын жұмыспен қамтыған. Ол алдағы уақытта мемлекеттен несие алып, кәсібін жаңа қажеттіліктермен толықтыруды жоспарлап отыр.