«Арай-2023» байқауының І кезеңі аяқталды
Түркістан облысының 5 жылдығына орай ұйымдастырылған аймақтық «АРАЙ-2023» жас эстрада әншілері мен мәдени іс-шара жүргізушілері байқауының алғашқы күні қорытындыланып, жеңімпаздар анықталды. Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Салтанатты шараны Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Темірхан ашып беріп, 1995 жылдан бері өтіп келе жатқан дәстүрлі байқаудың маңызына тоқталып, биылғы қатысушыларға сәттілік тіледі.
Байқаудың бірінші күнінде мәдени іс-шара жүргізушілері үш кезең бойынша бақ сынады. Атап айтсақ, алдымен үміткерлер қазақ ақын-жазушыларының қара сөздерін жатқа мәнерлеп айтса, екінші кезеңде ситуациялық сұрақтарға жауап берді. Ал үшінші кезеңде өздерінің алдын ала дайындаған түрлі іс-шаралар, байқау, фестивальдердің сценарийі бойынша жүргізуден сайысты.
Таланттарды бағалау үшін қазылар алқасының құрамында ҚР Мәдениет қайраткері, профессор, журналист, ғалым, композитор Бекжігіт Сердәлі мен ҚР Мәдениет қайраткері, өнертанушы, көркемсөз оқу шебері Гүлбала Абуова, музыкалық продюсер, қоюшы режиссер, «Шешендік өнер шебері», «Бұқаралық мәдени іс-шараларды ұйымдастыру және жүргізу» жоба жаттықтырушысы Бахыт Тажинов, Қазақстан Жазушылар одағы, Түркістан облыстық филиалының төрағасы, ақын Айдар Сейдәзім, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, тележурналист Төребек Байтас бар.
Қазылар алқасының шешімімен ордабасылық Тасполат Бақдәулет бас жүлде иегері атанды. Ал жүлделі І орын Бәйдібек ауданынан келген Бағдат Сәрсенбекке, жүлделі ІІ орын отырарлық Өтеген Нұрдәулет пен шардаралық Эльвира Икрамбайға, жүлделі ІІІ орын Төлеби ауданынан келген Еркеназ Мырзахан мен Созақ ауданынан келген Төлбай Әбілқасым және келестік Сәкен Қалқаға бұйырды. Сонымен қатар, жетісайлық Жанар Бектас Облыстық мәдениет және туризм басқармасы басшысының арнайы жүлдесіне, түркістандық Уәлихан Шыңғыс Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының жүлдесіне, сарыағаштық Индира Рабан-Нахчавани «Көрермен көзайымы» номинациясына, сайрамдық Гүлзат Окетова Саттар Ерубаев атындағы жүлдесіне, мақтааралдық Жаппар Бекен Қаныбек Сарыбаев атындағы жүлдесіне, ал кентаулық Мелдехан Аңсар «Ең жас жүргізуші» номинациясына ие болды. Өзге үміткерлерге қатысқаны үшін арнайы дипломмен марапатталды.
Шара соңында облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры, ҚР Мәдениет саласының үздігі Мейіржан Алиакбаров сөз сөйлеп, жеңімпаздарды жүлделі орындарымен құттықтады.
Айта кетейік, 18 мамыр күні сағат 11:00-де жас әншілер «Фараб» ғылыми-әмбебап кітапханасының концерт залында эстрада бағытында бақ сынайтын болады.