Түркістан: Облыстық жолдар жөндеуден өтуде
Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2021 жылы азаматтардың қолайлы өмір сүру ортасын құруға бағытталған «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын әзірлегені белгілі. Ұлттық жобаның мақсаты халықтың базалық көрсетілетін қызметтерге тең қол жеткізуін қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық жағдайды, көліктік байланыстылықты жақсарту және елдің транзиттік әлеуетін, сондай-ақ халықтың ұтқырлығын арттыру болып табылады.
Ұлттық жобаны іске асыру екі бағыт бойынша жүзеге асырылады: базалық көрсетілетін қызметтерге тең қол жеткізу және көліктік байланыстылықты қамтамасыз ету. Соңғы бағыт бойынша Түркістан облысында бірқатар жұмыстар атқарылуда.
Мәселен, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына орай облыстағы маңызы бар жолдар жөндеуден өтуде. Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан Бәйдібек ауданындағы жалпы ұзындығы 3,4 шақырымды құрайтын облыстық маңызы бар КХ-122 «Таңатар елді мекеніне кіреберіс» автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстары іске асырылуда.
Түркістан облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, сметалық құжаттамаға сәйкес, 3,4 шақырым жолдың ескі асфальт қабаты толығымен жаңартылатын болады. Сондай-ақ елді мекен ішіне аяқжол, заманауи үлгідегі диодты жарықтандыру шамдары қарастырылған. Нысан ағымдағы жылы пайдалануға беріледі.
Айта кетейік, облыс әкімінің аудан тұрғындарымен кездесулерінде жол бойынша көтерілген мәселелері назарға алынып, жұмыстар жүргізілуде. Биыл Бәйдібек ауданының автомобиль жолдары саласын дамытуға қажетті қаржы бөлініп, 56,6 шақырымды құрайтын 37 нысанға жөндеу жұмыстары басталды. Оның ішінде: облыстық маңызы бар 3,4 шақырымды құрайтын 1 нысан орташа жөндеуден өтсе, 9,5 шақырымды құрайтын аудандық маңызы бар 2 жол және елді мекендерде 43,7 шақырым көше орташа жөндеумен қамтылуда.