Жетісайда газ тарату станциялары іске қосылады
Қазақстанда азаматтардың негізгі қызметтерге теңдей қолжетімділігін қамтамасыз ету, тұрғын үй-коммуналдық жағдай мен көлік байланысын жақсарту мақсатында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйверлері» Ұлттық жобасы құрылған болатын.
Бұл жоба 2021 жылы іске қосылды. Ол тұрғын үй-коммуналдық және инфрақұрылымды дамытуға арналған бірнеше мемлекеттік бағдарламаларды біріктіргенін айта кеткен жөн. Аталған жоба аясында Түркістан облысында бірқатар жұмыстар жүріп жатыр.
Мәселен Жетісай ауданындағы Қарақай ауылдық округінде «Жетісай», Ынтымақ ауылдық округінде «Киров» автоматтандыру газ таратқыш станциясының құрылысы жүргізіліп жатыр. Жалпы сметалық құны 3,8 млрд теңгені құрайтын станция экологиялық жағдайды жақсарту, тұрғындарға қажетті мөлшерде газ жеткізіп беру және табиғи отын тапшылығын болдырмау мақсатында жүзеге асырылуда.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, газ таратқыш станциясының құрылыс жұмыстарымен танысу мақсатында Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов Ынтымақ ауылдық округіндегі «Киров» АГТС-қа барды. Бүгінде жұмыстың 95 пайызы толығымен аяқталған. Құрылысы жүргізіліп жатқан екі бірдей газ тарату станциясы пайдалануға берілсе, аудан тұрғындары тұтынып келген 18 мың текше метр газға қосымша 50 мың текше метр қосылмақ.
Сондай-ақ бүгінде ауданға келген қонақтар мен тұрғындардың қажетті мекенжайларына жету үшін Ш.Ділдәбеков, Қызылқұм ауылдық округтері мен Жетісай қаласының кіреберіс шекараларына Жетісай ауданын белгілейтін тиісті белгілер қойылған. Сонымен қатар, Сырабад елдімекеніндегі жалпы ұзындығы 2 шақырымды құрайтын ескі шарбақтар ауыстырылып, Асықата кентіндегі орталық базар алдындағы ескі қоршаулар мен Жетісай қаласы, М.Әуезов көшесі бойындағы 1,9 шақырымды құрайтын тиісті белгілер сырланып жатыр.
Аудан аумағында атқарылып жатқан абаттандыру жұмыстары алдағы уақытта белгіленген кестеге сәйкес, барлық округтерде жүргізілмек. Аталған жұмыстар тұрғындардың таза, көрікті ортада өмір сүрулеріне оң ықпалын тигізеді.