«Ауыл аманаты»: Жетісайда көшелер жөнделуде
Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытовтың кезекті кездесуі Жылы су ауылдық округінде өтті. Бұл туралы Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Аудандық мәслихат депутаттары мен барлық бөлімдердің, құзырлы органдардың басшылары қатысқан жүздесуде аудан басшысы биылғы жылы Жылы су ауылдық округінің Әл-Фараби елді мекеніндегі 20 гектарға ауыз су жүйелерін ағымдағы жөндеуге 54,5 млн теңгенің, фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысының жобалау сметалық құжаттарына 8,2 млн теңгенің, С.Сейфуллин елді мекенінен мүгедектер үйі ғимараты құрылысының жобалау сметалық құжаттарын әзірлеуге 11,3 млн теңгенің бөлінгенін, сондай-ақ, елді мекендерді су басу қаупінің алдын алу үшін арық-атыздар қазу жұмыстарын аяқтауға 1,3 млн теңге, Жылы су елді мекенінде орналасқан №4 жатақхана шатырын ауыстыру жұмыстарына 13,3 млн теңге, Жылы су елді мекеніндегі мәдениет үйінің құрылысына жобалау сметалық құжаттама әзірлеуге 3 млн теңге қаржы қаралғанын айтты.
Ал, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Сейфуллин, Жылы су, Мырзашоқы елді мекендеріндегі ұзындығы 6,8 шақырымды құрайтын 11 көшенің орташа жөндеу жұмыстарына 158 млн теңге бөлінген.
Кездесу соңында аудан әкімі округ тұрғындарына жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Жауапты сала мамандарына заң аясында тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырды.
Айта кетейік, І тоқсанда округ тұрғындарының аудан басшысымен өткен кездесуінде табиғи газ құбыры тартылған Сейфуллин, Әл-Фараби, Байқоныс ауылдарына газ беру, Жылы су, Әл-Фараби, Баққоныс, Байқоныс, Мырзашоқы ауылдарын тұрақты ауыз сумен қамтамасыз ету, тік дренаждарды іске қосумен қатар Сейфуллин, Әл-Фараби, Баққоныс, Жылы су ауылдарындағы мектепке баратын көшелерді жарықтандыру, аяқ жол салу, Әл-Фараби, Баққоныс ауылдарындағы мектептің ескі ғимаратын тұрғындарға беру мәселелері көтерілген болатын.