Аудан әкімі тұрғындарды сенбілікке бастап шығарды
Тазалық - денсаулық кепілі. Тазалық болған жерде береке орнап, елдің ырысы артады. Лас жерден бәрі қашады. Таза жер көңіл-күйді көтереді. Сондықтан да айналаны таза ұстау аса маңызды. Тазалықты өскелең ұрпаққа насихаттау өте қажет. Жастайынан тазалықты көріп өскен бала өскенде төңірегін ластамайды. Бұл өз кезегінде экологиялық проблемаларды болдырмайды.
Осы орайда бүгін Қазығұрт ауданында игі іс қолға алынды. "Таза ауа - жанға дауа". Осы ұстанымды ұстанған қазығұрттықтар жаппай сенбілікке шықты. Аудан әкімшілігінің ұйымдастыруымен өткен шарада айналаның барлығы күл – қоқыстан тазартылды. Төңірек тап-таза болып, көпшілікті қуанышқа бөледі.
Ал, жалпы сенбілікке аудан тұрғындарымен барлық әкімшілік қызметкерлері және білім ошақтары, денсаулық саласының ұжымдары қатысты. Одан бөлек қажетті техникалар да жұмылдырылды. Сенбіліктен соң аудан әкімі Арман Абдуллаев Тұрбат, Қарабау ауыл округіндегі құрылысы жүріп жатқан жолдардың сапасын бақылау мақсатында бірқатар нысандардын аралап шықты.
Сонымен қатар, аудандық "Жастар ресурстық орталығы" КММ-нің ұйымдастыруымен аудан орталығында орналасқан Қонаев көшесінің бойында сенбілік жұмысы жүргізілді.
Сенбілік барысында жабайы шөптер мен тікендер шабылып, қоқыстардан тазартылды.