Келесте Африка жайыны өсіріледі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған былтырғы Жолдауында балық шаруашылығына баса мән беру қажеттігін тапсырғаны белгілі. Осы мақсатта Түркістан облысында балық шаруашылығына ден қойған кәсіпкерлер көбейіп келеді.
Келестік кәсіпорын балықтың жаңа түрін өсіруді қолға алды. Жыл он екі ай аптапта тіршілік етуге бейімделген «Африка жайынын» өсірген жеке кәсіпкер жылына 160 тонна жаңа балық тұқымын алуды көздейді. Келес ауданының Қошқарата ауылдық округіндегі «Бижігіт-Ата» ЖШС-і Ақ амур, күміс сазан, көксерке балық түрлерінің әрқайсысынан жылына 10 тонна өнім алады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша,
уылдырықтарды қолдан ұрықтандыру, балық өсіру және балық етін өңдеумен айналысатын жоба аясында 15 азамат тұрақты жұмыспен қамтылады. Жалпы аумағы 600 шаршы метр жерде орналасқан кәсіпорында жылына 300 тоннаға дейін тауарлы балық өсіру жоспарланған.
«Балықты күтіп баптайтын маманды Өзбекстан елінен арнайы алдырдық. Қазірде «африкалық сом клариевый» түрін өсірудеміз. Ерекшелігі әр 2-3 айда уылдырық жинап отырады. Шабақты өсіп жетілгенше, 6-7 ай осы бассейнде қажетті температураны сақтап, өсіреміз. Сосын үлкен көлге тастаймыз. Ол көлде 3-4 ай бағылып, тұтынуға жарайды. Бүгінде көрші елдерден 1000 тоннаға дейін тапсырыс түсуде», – дейді кәсіпкер Нұрбол Жанұзақов.
Тропикалық балықты өсіру үшін айрықша күтім қажет. Балық бағып бизнес жасап, табыс тауып отырған іскер азамат бұл жоба биылға тек тәжірибе ретінде қолға алынып отырғанын айтады.