«Балалық шақтан-Болашаққа» фестивалі өтті
Түркістан Оқушылар сарайы және Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ұйымдастыруымен «Балалық шақтан – болашаққа» атты балалар әдебиеті фестивалі өтті.⠀Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл фестивальге Түркістан облысы адами әлеуетті дамыту басқармасының басшы орынбасары Ардақ Мәдіханқызы, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Амангелдіқызы, Оқушылар сарайының директоры Индира Сарқытқызы және балаларға арналған кітаптардың авторлары мен бүлдіршіндер қатысты.⠀
⠀Фестивальдің ашылу салтанатында сөз алған ХҚТУ-нің ректоры Жанар Амангелдіқызы: «Балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру үшін ата-аналардың да кітап оқуы маңызды. Баланың өзге адамдардың жан дүниесін түсіну мен жай-күйін ұғыну қабілеттілігі, яғни эмпатияны дамыту үшін де кітаптың әсері мол. Бұл алғаш рет өткізіліп отырған фестиваль, алдағы жылдары ауқымын кеңейе түсіреді деп сенемін» деген ойын бөлісті.⠀
Фестиваль кітап көрмесімен жалғасып, соңғы кезде жарық көрген тәрбиелік, танымдық және әлемдік классикадағы шығармалар таныстырылды. Сонымен қатар, аталмыш шараның аясында балалар «Әженің ертегісін» тыңдап, театрландырылған «Алтын айдарлы бала» қойылымын көрді. Балалар қызығушылығын арттыру, олардың ойларын жетілдіру үшін «Ойнай өс, ойлай өс!» танымдық орындары ойнатылып, жеңімпаздарға сыйлықтар беріледі. ⠀⠀Фестиваль барысында балалар мен жастар «Хәрри Поттер мен жасырын бөлме» кітабының жауапты редакторы Назгүл Қожабек, «Отбасы хрестоматиясы» жобасының атқарушы директоры Бағдат Құдияр және балалар жазушысы, ғалым Зира Наурызбаевамен кездесіп, өздерінің көкейде жүрген сұрақтарына жауап алды. ⠀
Авторлар өз жұмыстарын таныстырып, шығармалардың бала дамуына әсері жөнінде айтты аударма мен кітап шығару кезіндегі қызықтары мен қиындықтарын бөлісті.⠀
Жиын соңында сөз алған Оқушылар сарайы директоры Индира Сарқытқызы: «Балалар – біздің болашағымыз! Десе де соңғы жылдары балалар әдебиеті мен балалар жазушыларына деген тапшылық байқалады. Қазір осы мақсатта қаншама жұмыстар атқарылып жатыр. Соның бірі осы – бүгінгі фестифаль. Осындай шаралар арқылы балалар әдебиетін дамытуға, балалардың ой-өрісін өсіруге ықпал етеміз деген ойдамыз. Бұл мақсат жолында еңбек етіп жүрген баршаңызға алғыс айтып, жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!», – деді.
Аталмыш фестиваль облысымызда тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Оның негізгі мақсаты – балаларды кітап оқуға баулу, балалар жазушыларын дәріптеу және қалыптастыры. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы уақытта да осы мақсаттағы іс-шаралар көптеп ұйымдастырылмақ.