Жас журналистерге жаңа мүмкіндік

Oinet.kz 11-03-2026

Журналистиканы тек аудиторияда отырып үйрену мүмкін емес. Ол өмірдің өз ырғағымен бірге соғатын, қоғамдағы әр өзгерісті қалт жібермей бақылауды талап ететін, уақытпен жарыса жүретін мамандық. Сондықтан болашақ журналист үшін теориялық білім ғана жеткіліксіз. Камераны қолға алып көру, микрофон алдында сөйлеу, кадр артында монтаж жасау, эфирдің жауапкершілігін сезіну – осының бәрі кәсіби қалыптасудың ажырамас бөлігі. Қазіргі медианың шынайы мектебі де сол – тәжірибе.  

Screenshot_4.jpg

Сондықтан да әлемнің алдыңғы қатарлы университеттері журналистика факультеттерін жабдықтағанда ең алдымен тәжірибелік ортаны қалыптастыруға ерекше мән береді. Мәселен, Harvard Unіversіty мен Unіversіty of Oxford секілді беделді оқу орындарында студенттерге арналған медиа зертханалар, телестудиялар, подкаст алаңдары бұрыннан жұмыс істейді. Мұндай орталықтарда студенттер тек дәріс тыңдап қана қоймай, нақты медиа өнім жасап, аудиториямен байланыс орнатып үйренеді. Осы үрдісті ескере отырып, Түркістандағы танымал білім ордасы Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті болашақ журналистердің тәжірибелік дағдыларын дамытуға арналған жаңа медиа студияны іске қосты. Өнер, медиа және дизайн факультетіне қарасты журналистика кафедрасында ашылған бұл студия студенттердің шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған маңызды жоба екені даусыз. Мұнда студенттер камера алдында жұмыс істеуді, эфир жүргізуді, сұхбат алуды, бейнемонтаж жасауды, подкаст жазуды үйренеді. Бір сөзбен айтқанда, журналистиканың бүгінгі заманға тән барлық бағыттары бір жерде тоғысқан. 

Салтанатты шараға журналистика саласында танымал мамандар, медиа өкілдері, өңірлік БАҚ қызметкерлері қатысты. Қонақтар қатарында белгілі тележурналист Жайна Сламбек, республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Ғалымжан Елшібай, облыс әкімінің баспасөз хатшысы Мира Пернебекқызы, Қызылорда телеарнасы директоры Нұрбек Амиша, подкаст продюсер Әйнел Әмірхан және жергілікті медиа өкілдері болды. \

Іс-шара аясында студенттер мен қонақтар үшін тағы бір мәдени шара ұйымдастырылды. Республикалық «Фотоөнер» қоғамдық бірлестігінің мүшесі, өңірге танымал фотограф Нахып Шынтемировтың «Таспаланған тарих» атты фотокөрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеде 60-тан астам фототуынды қойылды. Бұл суреттер жай ғана көркем кадрлар емес, белгілі бір кезеңнің тынысын бейнелейтін тарихи сәттердің көрінісі іспетті. Кейбір фотоларда өңірдің мәдени өмірі көрінсе, енді бірінде қарапайым адамдардың күнделікті тіршілігі бейнеленген. Фотография да журналистиканың маңызды құрамдас бөлігі. Бір ғана кадр кейде ұзақ мәтіннен де артық әсер қалдыруы мүмкін. Сондықтан мұндай көрмелер студенттер үшін үлкен шабыт көзіне айналады. 

Салтанатты рәсімде жаңа студияның лентасын қию университет ректоры Жанар Темірбековаға, ректор өкілі Нажи Генчке, тележурналист Жайна Сламбекке және Журналистика кафедрасының негізін қалаушы, профессор Сейдулла Садықовқа бұйырды. Бұл символикалық сәт жаңа студияның ресми түрде өз жұмысын бастағанын білдірді. 

Студияның лентасы қиыла салып подкаст жазылды. Журналист Молдияр Ергебеков пен подкаст продюсер Әйнел Әмірхан «Подкаст қалай жасалады: идеядан эфирге дейін» тақырыбында әңгіме өрбітті. Бұл кездесу студенттер үшін шағын шеберлік сабағына айналды. Қонақтар подкасттың қалай жоспарланатынын, тақырыпты қалай таңдауға болатынын, дыбыс сапасының маңызын, аудиториямен байланыс орнатудың жолдарын түсіндірді. 

Жаңа медиа студия бірнеше функционалды аймақтан тұрады. Мұнда телебағдарламалар түсіруге арналған арнайы TV-аймақ, подкаст жазуға арналған студия, кәсіби дыбыс жазу бөлмесі, бейнемонтаж жасауға арналған бөлме және гримерлік бөлме қарастырылған. Барлық кеңістік заманауи техникалық құралдармен жабдықталған. Камералар, жарық жүйелері, дыбыс жазу құрылғылары мен монтаж бағдарламалары студенттердің толыққанды медиа өнім әзірлеуіне мүмкіндік береді. Бұл жерде студенттер жаңалықтар сюжетін түсіреді, ток-шоу форматындағы бағдарламалар әзірлей алады, подкаст жазып, әлеуметтік желіге арналған бейнежобалар жасай алады. Бір сөзбен айтқанда, оқу процесі нақты медиа өндіріс форматына жақындай түседі. Жаңа студияның ашылуы тек бір күндік шарамен шектелмейді. Алдағы уақытта мұнда түрлі тренингтер, мастер-кластар, медиа жобалар ұйымдастырылмақ. Мастер-кластардың тақырыптары қазіргі медианың ең өзекті бағыттарын қамтиды. Мәселен, «Dіgіtal ар-ождан: ЖИ дәуіріндегі медиа этика» тақырыбы журналистиканың жаңа кезеңдегі жауапкершілігін талқылауға арналса, «ЖИ сервистер: журналистің қолқанаты әрі фактчекинг жасауға көмекші құрал» тақырыбы жасанды интеллекттің медиадағы мүмкіндіктерін түсіндіруге бағытталған. Сонымен қатар «Ашық деректермен жұмыс» және «Камера! Мотор! Сен эфирдесің!» секілді тақырыптар да болашақ журналистердің кәсіби дағдыларын дамытуға көмектеседі.

"Рейтинг" газеті

Ғалымжан ОРЫНОВ: Директорлардың 70 пайызы тесттен өте алмады
Коучтар неге көбейіп кетті?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу