Ғалымжан ОРЫНОВ: Директорлардың 70 пайызы тесттен өте алмады
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен білім саласындағы өзекті мәселелер талқыланған мәжіліс өтті. Облыстық білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов өңірдегі білім беру жүйесінің бүгінгі жағдайы, кадр сапасы және ваучерлік қаржыландыру тетігінің тиімділігі туралы баяндама жасаған маңызды жиынға білім саласының өкілдері, жауапты басшылары, аудан, қала әкімдері селокторлық режимде қатысты.

Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі таңда облыста 1438 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның 78 пайызы жекеменшік сектор. 2-6 жас аралығындағы балаларды қамту деңгейі 99,6 пайызды құрайды. Бұл республикалық межеден жоғары. Мемлекеттік тапсырыс 1406 балабақшада 153 мыңнан астам орынға орналастырылған. Мектепке дейінгі ұйымдарда 13380 педагог еңбек етеді. 2027 жылдан бастап балабақшаларды лицензиялау талаптары енгізіледі. Ал ваучерлік қаржыландыру енгізілгеннен кейін балалар контингенті 2306 балаға қысқарды. 2025 жылғы мониторинг нәтижесінде 3 млрд теңге бюджет қаражаты үнемделген. Балалардың қатысуын автоматты есепке алу мақсатында Face ІD жүйесін енгізу басталған.
Сондай-ақ мемлекеттік балабақшалардың материалдық-техникалық базасын жаңғырту мәселесі қаралды. Соңғы жылдары жөндеу көрмеген және ғимараты жоқ бірқатар мекемелер бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін қолдану ұсынылды.
Жиын барысында облыстағы орта білім беру жүйесінің қазіргі ахуалы, негізгі тәуекелдер мен инфрақұрылымды дамыту мәселелері талқыланды. Жалпы өңірде 1116 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Соның 938-ы – мемлекеттік, 178-і – жекеменшік. Соңғы үш жылда мектеп жасындағы балалар саны шамамен 2 мың оқушыға өсіп, 554 мың 236 балаға жетті.
2024-2025 жылдары 22900 орындық 29 «Келешек мектебі» пайдалануға берілді. Мектептерді жаңғырту жобасына 115 мектеп енгізілген. 2025 жылы 41 мектепке 19,3 млрд теңге бөлініп, 26 нысан пайдалануға берілді. Ал 15 нысан 2026 жылға өтпелі. Биыл 38 мектепті жаңғырту жоспарлануда. Жалпы алғанда, облыста мектеп құрылысы мен жаңғырту жұмыстары жоспарлы жүргізілуде.
Білім сапасына әсер ететін негізгі фактор – кадр әлеуеті. 2023 жылдан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске асырылып жатқан «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы басқарушылардың жаңа буынын қалыптастыруға бағытталған. Осы жоба аясында 2023-2024 жылдары облыстан 69 педагог резервке алынды, оның 58-і басшылық қызметке тағайындалды. 2025 жылы тағы 56 үміткер даярланды, бүгінгі күні олардың 4-еуі директорлық қызметке кірісті. «Облыста 66 мың 943 педагог еңбек етеді, оның 94 пайызы жоғары білімді. Алайда жоғары санатты педагогтердің үлесі өте төмен. Атап айтқанда мұғалімдердің 62,6 пайызы өз пәнінен тесттен өте алмаған. Кейбір аудандарда мектеп директорларының 70 пайыздан астамы тесттен құлаған. Әрбір үшінші түлек ҰБТ-ның шекті балын жинай алмаған», – деді басқарма басшысы.
Басқарма басшысы өз пәнін толық меңгермеген мұғалім балаға қандай білім беретініне, тесттен өте алмаған мектеп басшысы білім сапасын қалай көтеретініне, бүгін білім сапасын көтермесек, ертең облыстың болашағы қандай болатынына алаңдайтынын жеткізді. Орыновтың ойынша, білім саласында формальды есеп емес, нақты нәтиже болуы керек. Себебі баланың болашағы бәрінен маңызды.
Жүргізілген талдау білім сапасын арттыру үшін инфрақұрылымды дамыту жеткіліксіз екенін көрсетті. Осыған байланысты кадр резервін әлсіз мектептерге бағыттау, педагогтерді қайта даярлау мен қайта бағалау жүйесін енгізу, төмен нәтиже көрсеткен аудандармен жеке жұмыс жүргізу және директорлар корпусын кезең-кезеңімен жаңарту ұсынылды.
Өңірде білім беру жүйесін кешенді жаңғыртуға бағытталған «TURKІSTAN JANA MEKTEBІ» жобасын іске асыру жоспарлануда. Жоба аясында 3000 педагог пен 50-ден астам мектеп басшысы MBA бағдарламасы бойынша оқытылып, нәтижеге бағытталған басқару моделіне көшу көзделген.
Жиын қорытындысында өңір басшысы мектепке дейінгі білім беру жүйесінде кадр сапасын арттыру, жекеменшік секторды тиімді реттеу, ваучерлік қаржыландыруды жетілдіру бағытында тиісті тапсырмалар берді.
– Барлық нәрсе іргетастың беріктігіне байланысты. Бірінші кезекте педагогтер даярлайтын оқу орындарына мониторинг жасалуға тиіс. Қай оқу орнының түлектері білім дәрежесін бақылайтын сынақтардан жиі сүрінсе, сол оқу ордалары туралы ұсыныс берілсін. Егер жас маман сапалы білім алмаса, білікті маманға айнала алмайды. Білім саласындағы қызметкерлердің біліктілігін көтеруге басымдық берген жөн. Сондықтан Түркістан облысында білім сапасын көтеру бағытында арнайы жоспар әзірлеп, тиісті жұмысты күшейтіңіздер. Білім инфрақұрлымы жақсарып, жаңа мектептер ашылуда. Соңғы жылдары Мемлекет басшысының қолдауымен ұстаздардың еңбекақысы жақсара түсті. Ендігі кезекте білім сапасын жақсарту қажет. Жауапты басқарма, департамент, білім бөлімдері жанашырлықпен іс атқарып, жұмысты ширатуы керек. Білім саласын цифрландыру бағытында да нақты тірлік атқарылсын, – деді Нұралхан Көшеров.


