Вице-президенттікке үміткерлер: Мұрат Нұртілеу неге елеусіз қалды?
Қазақстанда жаңа Конституция қабылданған жағдайда саяси жүйеде тағы бір маңызды институт – Вице-президент лауазымы енгізіледі. Осындай саяси реформа аясында Вице-президент қызметіне лайық болуы мүмкін тұлғалардың есімдері де аталып жатыр. Сарапшылар көбіне Мәулен Әшімбаев, Ерлан Қошанов және Ерлан Қарин сияқты саясаткерлерді мысалға келтіреді. Алайда бір кезде Президенттің ықтимал мұрагерлерінің бірі ретінде аталған Мұрат Нұртілеу есімі бұл тізімде жоқ десек те болады. Бұл жағдай сарапшылар арасында сұрақ тудырып отыр: неге кезінде Тоқаевтың сенімді кадрларының бірі саналатын тұлға қазір саяси талқылауларда елеусіз қалды?

Былтырға дейін Мұрат Нұртілеудің мансабы Қазақстандағы ең жылдам өсіп жатқан саяси карьералардың бірі болды. Ол дипломатиялық қызметтен бастап, президенттік әкімшілік жүйесіне дейін көтерілді. Бір кезеңде ол Президенттің көмекшісі, кейін әкімшілік басшысы, одан соң сыртқы саясаттағы негізгі тұлғалардың бірі – вице-премьер әрі Сыртқы істер министрі қызметін атқарды. Осындай тәжірибе жинаған кадрдың болашақта жоғары мемлекеттік лауазымдарға келуі ықтимал деген пікірлер жиі айтылды.
Сол кезде көптеген саяси бақылаушылар Нұртілеуді Президентке жақын технократтардың жаңа буынына жатқызды. Оның артықшылықтары ретінде дипломатиялық тәжірибесі, халықаралық байланыстары және Президент аппаратының ішкі жұмысын жақсы білетіні көрсетілді. Кейбір талдаушылар, тіпті, оны ұзақмерзімді перспективада Мемлекет басшысының ықтимал мұрагерлерінің бірі ретінде атады.
Алайда былтыр қыркүйекте күтпеген кадрлық өзгеріс болды. Нұртілеу Сыртқы істер министрі қызметінен босатылып, Президенттің халықаралық инвестициялар және сауда ынтымақтастығы жөніндегі көмекшісі қызметіне ауыстырылды. Формалды түрде бұл қызмет те маңызды, өйткені ол шетелдік инвесторлармен байланыс пен экономикалық дипломатияны үйлестіруге жауап береді. Бірақ саяси салмағы жағынан бұл бұрынғы қызметтеріне қарағанда әлдеқайда төмен деп бағаланды.
Сарапшылардың бір бөлігі мұны билік жүйесіндегі классикалық кадрлық ротация деп түсіндіреді. Қазақстан саяси жүйесінде ықпалды тұлғалар мезгіл-мезгіл басқа қызметке ауыстырылып отырады. Мұндай ротация кейде олардың ықпалын уақытша төмендету немесе элита ішіндегі тепе-теңдікті сақтау мақсатында жасалады.
Тағы бір пікір – Нұртілеудің ықпалы тым жылдам өсіп кеткен болуы мүмкін. Бірнеше жыл ішінде ол қауіпсіздік құрылымында да, президенттік әкімшілікте де, сыртқы саясатта да жұмыс істеп үлгерді. Мұндай жылдам мансап кейде саяси жүйеде күдік туғызуы мүмкін. Сондықтан ықпалды кадрларды уақытша «салқындату» тәжірибесі жиі кездеседі.
Үшінші фактор – ақпараттық фон. Нұртілеу қызметтен кетер алдында әлеуметтік желілер мен кейбір медиа алаңдарда оның атына қатысты түрлі алып-қашпа әңгімелер пайда болды. Кейін олардың көпшілігі расталмаған ақпарат болып шықты. Бірақ саяси тәжірибеде мұндай ақпараттық шабуылдар белгілі бір тұлғаның беделін әлсіретуге бағытталуы мүмкін деген пікір де бар.
Дегенмен Нұртілеудің толықтай саяси сахнадан кеткені туралы айту ерте. Оның қазіргі қызметі Президент аппаратына тікелей байланысты. Бұл – билік жүйесінің орталығына жақын позиция. Сондықтан ол формалды түрде көлеңкеде болғанымен, шешім қабылдау процестерінен толық шеттетілді деуге негіз жоқ. Кейбір сарапшылар Нұртілеудің болашағы әлі алда деп есептейді. Оның басты артықшылықтары: салыстырмалы түрде жас саясаткер, халықаралық тәжірибесі бар және Президент командасында жұмыс істеп келеді. Мұндай кадрлар көбіне саяси жүйеде ұзақ уақыт сақталады. Сондықтан ондай кадр Вице-президент, Премьер-министр, тіпті болашақта президенттік постқа да үміт арта алады. P.S. Мұрат Нұртілеу туралы соңғы ақпаратқа тоқтала кетейік. Биыл 10 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев: «Мен арнайы көмекші тағайындадым, ол инвестициялар мәселелерімен айналысады. Шетелдік және отандық инвесторлар туындайтын барлық сұрақтар бойынша Мұрат Нұртілеуге focal poіnt ретінде жүгіне алады», – деді. Бұл жерде «focal poіnt» деген сөз «негізгі адам», «негізгі тұлға» деген мағынаны білдіреді. Яғни, бұдан «негізгі адам» Мұрат Нұртілеудің Ақорда үшін абырой-беделінің, саяси салмағының кемімегені байқалады.


