«Әкем қатты жылады»: Танымал блогер Рамина Таипова хиджабын шешкенін мәлімдеді
Белгілі блогерлердің көшін бастап тұрған Рамина Таипова өміріндегі өзгерістерді айтты, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Ойбай youtube арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Блогер орамалын шешкеніне көп уақыт болса да, себебін айтуға дайын болмаған.
“Дінді қатты ұстанатын отбасында дүниеге келдім. Әке-шешем, әжем, сіңлілерімнің бәрі дін жолында жүр. Осы жолы бәрін ашып айтқым келеді. Өйткені хиджабтан бас тартқан кезең мен үшін өте ауыр болды. Енді ғана ол туралы әңгіме қозғауға дайын болған секілдімін. Жалпы, намаз оқып, аяттарды жатқа білсем де орамал тағам деп ойламадым. Мен орамал тағудан және оны шешуден қатты қорықтым. Бірінші намаз оқығаннан соң, екі аптадан кейін орамал тақтым. Мұндай іске бұрын-соңды дайындалмадым. Күйеуіме айтып едім, бірден қолдады. Оған айттым: “Күзде Меккеден келгеннен кейін, бәлкім орамал тағармын” деп айтып жүргенмін. Бірақ ол жақты күтпей өзімнен-өзім тағып алдым. Сол кезде өмірімде түсініксіз дүниелер болып жатты. Діни орта іздеп, ұстаздардан уағыз тыңдадым. Бірақ ішкі жан-дүнием түсініксіз болып жатты. Өзім шариғат шеңберінен шықпауға тырысамын, бірақ ішкі даусым “сен мұндайды ойламаушы едің ғой” деп тұрады. Тіпті менің орамалымды көргенде әкем жылап жіберді. Алла адамды өзгертем десе бір-ақ сәтте өзгерте салады екен. Оны сен түсініп те үлгермейсің”, – дейді блогер.
Оның айтуынша, айналасындағы адамдардың қысымынан орамалды шешуге мәжбүр болған.
“Орамалмен ел алдында жүру – өте қиын. Тіпті “күйеуіне ұнамағасын шешіп тастаған” деген әңгімені де естідім. Шынымды айтсам, күйеуім ішімдік ішетін адам. Дінге қатысы жоқ. Оқырман сол кісіден де көрді. Сол жылы өте көп хейт пен негатив пікір естідім. Ел алдына орамалмен шығу мүмкін болмай кетті. Одан кейін жүктілігім қосылды. Токсикозым өте қиын өтті. Соның бәрі орамалды шешуіме әкеліп соқты. Бірақ кейін ораламын. Оны анық білемін. Мен орамал таққан кезде шоу-бизнестегі біраз қыз-келіншек те дінге бет бұрып жатты. Халық одан сайын шулады. Өзім де қатты қиналдым. Бұл да бір Алланың қалауымен болған дүние. Мен өзімнің оқырмандарыма үлгі болатын адам емеспін. Маған “Сізді көргеннен кейін орамалымды шештім” деп жазды. Оны оқып тағы қиналдым”, – деп ағынан жарылды Рамина.
Сондай-ақ, танымал журналист Динара Сәтжан екеуінің арасында болған оқиғаның немен аяқталғанын да айтып берді.
“Динараға екеуміздің арамызда конфликт болған емес. 2018 жылдан бері араласамыз. Сән үлгілерін көрсетуге бірге қатыстық. Бір-бірімізді әлеуметтік желіде оқимыз. Сол оқиғадан кейін менің парақшамды оқудан бас тартыпты. Мен осы іс-әрекетіне таңғалдым. Динара дін мен дәстүрдің орнын алмастырып алды. Негізінде екеуі екі бөлек дүние. Бәрін Аллаға тапсырдым. Ең ұлы шешім шығарушы – Алла. Мен өзіме жауап беремін”, – дейді блогер.