«Қияметте ақымды аламын»: Блогер өзіне сиқыр жасаған адамға видео үндеу жолдады
Қайырымдылық шараларымен белсенді айналысатын Ілияс есімді блогер сырқатына диагноз қойылмай жатқанын айтқан, қазір ұстаздарға дем салдырып жүр. Сонымен қатар сиқыршыға Алладан кешірім сұрауы керектігін ескертіпті, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.
«Ей маған сиқыр салушы Құдайдың бір пендесі! Алладан қорықпадың ба? Білем, сен мені құртқан боларсың. 10 күннен бері ішек құрылысым, аяқ-қолым дірілдеп, ішімнің бәрі ауырып, жан дүнием өртеніп жатыр. 10 күнде қаншама салмақ жойдым. Көріп отырған жандар біледі. Менің бұрынғы түрім қандай? Қазіргі түрім қандай? Осы сиқырды саларда Алладан қорықпадың ба? Тозақтан орын алдым деп ойламадың ба? Тым болмағанда көздері жәутеңдеп күтіп отырған жетімдер үшін осыны істемесең болмас па еді? Ауырып жатқан адамдар «Ілияс бауырымыз келеді» деп үміт күтіп жатыр. Білем, мен бұл дүниеден өтермін. Бірақ, Алла әділ. Мына өмірде кездеспесем де мен сенімен қияметте кездесемін. Қияметте ақымды аламын.
Білемін, тіл-көз бар. Бірақ, мынадай сиқыр маған түсініксіз болды. Маған осындай қастандық жасауыңа не себеп болды? Көреалмаушылық түбіне жетті ме?
Диагноз шықпай жатыр. Ұстаздарымызға Алла разы болсын. Оқып жатыр. Емделуге тырысып жатырмын. Елдің дұғасы бар. Мен жазыламын. Сіздің кім екеніңізді білмеймін. Дереу Алладан кешірім сұра», — деді блогер.
Желі қолданушылары болса оның тезірек аяқттан тұруын тілеп, жылы лебіздерін жазып жатты.