Бірінші әйелге білдірмей құпия түрде екінші әйелге үйленуге бола ма?

Oinet.kz 22-04-2019 2589

c4fbdb412358bf724098e80f802d2dad.jpg

Айналадағыларға жария етпей, бірінші әйеліне білдірмей, екінші әйелге үйлену тақырыбы – әсіресе ер адамдар ішінде көп талқыланатын мәселе. Бабалары үш-төрт әйел алған, қыз бен қымызға құмар қазекең үшін – бұл бір аяқталмайтын, өңі күрең тартпайтын әңгіме. Негізінде ислам ғұламалары сауалдың бұлай қойылуын дұрыс санамайды. Ғұламалардың пікірінше, бұл мағынадағы сауалдан нәпсі құлдығына түсіп, тән ләзатын шариғат талаптарынан үстем қоятын адамдарың теріс пиғылы «менмұндалап» тұрғаны байқалады. Сауал: «Исламда көп әйел алуға қандай талаптар қойылады?» деген мағынада болуы керек. 

Бүгінгі қазақ қоғамында екі немесе үш әйел алған азаматтар көбейіп келеді. Өз басым «өзіңдегі жоқ көтен боғыменен қайнасын» деген іштарлықтан аулақпын. Ондай азаматтарды көріп немесе олар жайлы естіп жатсам «Әй, азамат екен!» деймін. Мұндағы негізгі әңгіме – сол көп әйел алудың шариғатқа сай болуында. Орталық Азия елдеріндегі ең үздік ислами сайт болып табылатын «islom.uz» сайтының жазуынша, шариғатқа сәйкес екі немесе одан көп әйел алуға қойылатын негізгі талап – күйеуінің барлық әйелдеріне бірдей әділетті болуы. Екі немесе одан көп әйел алған адам бәріне бірдей қарауы керек. Ол әйелдердің үй-жайы, ішер тамағы, киер киімі, емделуі, демалысы – бәрі-бәрі бір деңгей, бір дәрежеде болуы керек. Ислам ғұламалары «екі әйелі бар адам, әйелдерінің үйіне кезекпен түнеуі, тек түнеп қоймай, сол әйелінің ер мен әйел арасындағы қатынасқа орай ақысын өтеуі талап етіледі» - дейді. Ғұламалар да, қарапайым адамдар да екі әйелге бірдей әділетті болу мүмкін емес дейді. Хикметте айтылуынша, бір кісінің екі әйелі бар екен, екуіне бірдей қарайды екен. Ажалы келіп, екі әйелі бір күнде қайтыс болыпты. Тірісінде бірдей қарадым, өлгеннен соң да екеуіне бірдей әділетті болайын деп, үйден екеуінің мәйітін бірдей шығармақ болып, ұста шақыртып, бөлмеге тағы бір есік қойдырыпты. Сонда бәйбишесі түсіне кіріп, «сен тоқалыңды жақсы көреді екенсің, жаңа есіктен мені емес, тоқалыңды шығардың» депті. Бұл ғибратты әңгіме екі әйелге бірдей әділетті болу өте қиын екендігін көрсетіп отыр. Пендесінің осалдығын білген Алла тағала Қасиетті Құранда да: «Егер әділетті бола алмаудан қорықсаңдар, бір әйелмен шектеліңдер» деп ескерткен.  

Жоғарыдағы сауалға ислам ғұламалары қандай жауап айтады. Неке неке болуы үшін үш шарт, яғни ұш талап орындалуы керек. Біріншісі – махр. Үйленіп жатқан еркек алып жатқан әйелге немесе қызға махр, яғни ақы төлеуі, сыйлық беруі керек. Ханафи мазһабының талабына орай, бұл махрдың ең аз мөлшері – 33,6 грамм кұміс немесе 4,8 грамм алтыннан кем болмауы керек. Екіншісі – неке қию кезінде екі ер адам немесе бір ер адам, екі әйелдің куә болуы керек. Ал үшіншісі – үйлені жатқан адамдар отбасын құруға деген ниетін жария айтуы, бұны неке қиуышы мен куәлар да есітуі керек. Осы үш парыз орындалса, неке қиылған болып есептеледі. Егер үйленіп жатқан адамдар куәларға «менің үйленгенімді ешкімге айтпа» десе,  ғұламалардың пікірінше, бұл құпия некеге айланып қалады да, неке дұрыс болмайды. Ғұламалардың бір қатары «некені қию кезінде кәулар болды, осыменен іс бітті», яғни бұл неке құпия болса да, болмаса да, неке қиылды, бәрі дүрыс болды дейтіндері де бар. 

Имамдар кейде бизнесмендердің келіп, «Жәке ертен демалысқа аттанбақпыз, біздің некемізді қиып беріңіз» деген өтінішпен де келіп жататынын жұма уағыздарында айтып жатады. Әрине, бұл нәпсі құлдығында жүрген бауырларымыздың рухани азғындыққа бой алдырғанының белгісі. Ал қолынан келіп, қалтасы көтеріп, әйелдеріне әділетті болуға шамасы жетіп жатса, тоқал алған айып емес екен. Жағарыда айтқанымыздай, көп әйел алған адам шариғаттың басты талабы – барлық әйелдеріне бірдей әділетті болу керектігін ұмытпауы керек. Осы талап бабалар жолын қуған қандастардың есінде болса екен. 


Құранды тәпсірлеген тұлға еді…
Әйеліңізге маһр бергенсіз бе?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу