Құранды тәпсірлеген тұлға еді…
Ислам әлеміне танымал Шайх Мұхаммад Садық Мұхаммад Юсуф өмірден өтті
Күні кеше Ислам әлемінің танымал ғұламасы, Құран Кәрімді тәпсірлеген шайх Мұхаммад Садық Мұхаммад Юсуф 63 жасында қайтыс болды. Шәкірттері ғұламаның жаназасы 11 наурыз күні Ташкент қаласындағы Зайниддин мешітінде пешін намазынан соң өтетіні жайлы интернетте хабар таратты.
Хазреті Мұхаммад Садық Мұхаммад Юсуф Совет одағы ыдырау қарсаңында, 1989 жылы Ташкентте орналасқан Орта Азия және Қазақстан діни басқармасының төрағасы, муфтиі болды. Кеңес одағы Жоғары кеңесіне Өзбекстанның атынан депутаттыққа сайланған. Кеңес одағының басшысы Михаил Горбачевпен халық қалаулысы ретінде кездесіп, аймақта мешіттер мен медреселердің салынуына ықпалын тигізді. Сол жылдары қажылыққа баратындар саны үш мыңға жетті. Бұған дейін Өзбекстаннан жылына екі-үш адам ғана қажылыққа баратын.
Шайх Мұхаммад Садықтың муфтилік миссиясы тәуелсіздік жылдарында басталды. Бұл дәуір – ислам дінінің қайта өрлеу кезеңі болатын. Жер-жерлерде жаңа мешіттер мен медреселер ашылып, муфтияттың әлем елдеріндегі мұсылман ұйымдарымен қарым-қатынасы нығайды. Орталық Азия елдерінде жерленген ұлы ғұламалар – рахматуллаһи әлейһтерге кесенелер салынды. Қарапайым халық былай тұрсын үкімет органдары мекемелерінде адамдар намаз оқып, кешке мемлкеттік қызметкерлер бірге ауыз ашып жататын.
Бірақ бұл қайта өрлеу ұзаққа созылмады. Айта кетер бір жайт – Шайх Мұхаммад Садықтың абыройының жоғарылығы соншалықты, ел тұрғындары оны президенттікке ұсынбақ та болды. Шығыс даналығы дәлелдегендей « екі қошқардың басы бір қазанда сыймайды» емес пе?! Муфти Мұхаммад Садық биліктің қаһарына ұшырап, мәжбүрліктен бассауғалап Араб елдерінің біріне кетті.
Мухажиратта, яғни айдауда жүріп, Шайх Мұхаммад Садық бойындағы бар күш-қуаты мен әлеуетін халықтың діни сауатын арттыруға бағыттады. Соңғы жылдары Шайх хазрет 40-тан аса кітап жазды. Сол кітаптарының ішінде Тафсири Хилал – Құранды тәпсірлеген, әрбір аятына түсінік берген 6 томдық кітабын айта кету керек. Бұл кітап Өзбекстанда жаңа бір құбылыс ретінде қабылданды. Ай сайын «Зикр ахлидан суранг» деген кітапшасы шығып, бұл шығармада түрлі мәселелерге орай пәтуалар беріліп тұрды.
«Азаттық радиосының» Ташкенттегі тілшісі, Рахматжон деген әріптесімнің Өзбекстан президентіне шетте бассауғалап жүрген Өзбекстанның бұрынғы муфтиі – Мухаммад Садық жайлы сұрағаны бүгінгідей жадымда. «Шайх хазрат елге қайта алады ма, ал оралып жатса, өзбек билігі оның еркіндігін шектейтін әрекеттерге бармайды ма?» деп сұрады ол. Бұл сауал - ислам әлеміндегі үлкен ғұлама, жерлесін сағынған Өзбекстандағы момын-мұсылман қауымның мүддесін көздеген сауал еді. Өзбекстан президенті: «Ол кісіге жеткізіңіздер: елге оралсын, ешқандай кедергі болмайды» - деді. Кейде журналистер осылай күрмеуі қиын істің шешілуіне мұрындық болып жатады. Осылай өзін елі сағынған, өзі елін сағынған атақты ғұлама Мұхаммад Садық ұзаққа созылған мухажираттан соң, туған топырағына қайта оралды.
Ғалима Бұқарбаева деген қандасымыз Лондонның «Институт освещения войны и мира» деген зерттеу орталығының Ташкенттегі өкілі болатын. Өзінің офисінде шет мемлекеттердің елшілерімен, оппозиция және тәуелсіз адам құқықтарын қорғау ұйымдарының басшыларымен, түрлі саланың белгілі тұлғалармен кездесулер ұйымдастырып тұратын. Бірде Ғалиманың офисінде Өзбекстанның бұрынғы муфтиі Мұхаммад Садықпен кездесу өтті. Кездесуде адам көп болған жоқ. Шайх хазірет елдегі терроризм мен діни экстремизмге қарсы күрес жайлы әңгіме өрбітті. Ол кісі «уахабилер және «хизбуттахриршілермен» күштік құрылымдар– Ұлттық қауіпсіздік қызметі, Ішкі істер министрлігі немесе прокуратураның күшімен емес, дұрыс діни үгіт-насихат пен мағрифаттың, яғни ағарту жолымен күресу керек. Діни басқарма бұл тұрғыдағы өз міндетін жөнді орындап жатқан жоқ, «хизбутшылардың» үндеулеріне сауатты шариғи негізде тойтарыс беретін кітаптар мен қолданбалар шығып жатқан жоқ. Ислам ғұламалары мен имамдар күштік құрылымдарды тасалап, солардың қызметін идеологиялық тұрғыдан қамтамасыз етумен ғана шектеліп жатыр» деген пікірін ортаға салды. Шайх хазрет Ислам мемлекеті жайлы да пікірлерімен бөлісті. «Ислам мемлекеті деген жоғары стандартқа сай келетін мемлекет – Британия елі» деді. Шайхтың бұл мәлімдемесі біздер үшін үлкен жаңалық болды. Ол кісі - әлемнің әр тарапын, мұсылман, христиан елдерін көп аралаған үлкен ғұлама. Сондықтан ол кісінің сөзі мені қатты таңырқатты...
Мұхаммад Садық Мұхаммад Юсуф мырза кездескен сайын менің немере ағам – Абдулла қажы Жолдасұлына сәлем айтатын. Екеуі Бухараи шәріпте – «Мирараб» медресесінде бірге оқыған. Мұхаммад Садық муфти болып тағайындалғаннан кейін Павлодар облысының бас имам-хатыбы болып істеп тұрған немере ағамды Ташкентке алдырды. Бұл жерде Абдулла қажы ағам муфтияттың «Муараннаһр мұсылмандары» деген журналының араб тілінде шығатын вариантының редакторы болды, әрі Ислам институтында Тафсирден дәріс берді.
Пайғамбарымыз Мухаммад с.а.у. «Менің үмбеттерімнен шыққан ғұламалар яһудилердің пайғамбарларымен тең» деген екен. Әрине, бұл жердегі әңгіме - біліміне тақуалығы сай ғұламалар жайлы. Сол пайғамбарымыз айтқан ғұламалардың бірі – Шайх Мұхаммад Садық Мұхаммад Юсуф деп айтсақ артық болмас. Алла Шайх хазреттің иманын саламат етсін!
Үсен Асқаров
Мұрағаттан: 15.03.2015