Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Мына төмендегі хатты үтір-нүктесін өзгертпей қоғам талқылауына ұсынғанды жөн көрдік. Әрине, хат авторының ашуы мен өкініші орынды. Бірақ, жекелеген еркектердің теріс қарекетінен қоғамда «дін жаман» деген түсінік тумаса керек. Асыл дінге пенделік әрекетімен кір келтіріп жүргендер сабақ алса, ойланса деп көпшіліктің талқылауына осы хатты ұсындық. Қазақстан мұсылмандар діни Басқармасы да өз тарапынан жауап қатар деген үміттеміз.
Қазақстан мұсылмандар діни Басқармасы
МАЯМЕРОВ ЕРЖАН МАЛҒАЖЫҰЛЫНА!
Қазақ жігіттері соңғы кездері мұсылман дінініндегі көп әйел алушылықты желеу етіп отбасын ойрандап, бір әйелден кейін бір әйел тастауды модаға алдырды. Мен білетін Мұсылман дінінде бәйбішенің жағдайын жасап барып тоқал алуға рұқсат берілетін. Қазір пәтерден пәтерге көшіп жүріп, көп әйел алып балаларын тентіретіп тастап жатқандардың 90 пайызы мұсылман дінінің өкілдері. Ешқандай дін отбасын құрып, демографияны өсірдемейді! Бұл олқылыққа ең басты кінәлі мешіттерде неке тіркеудегі тәртіптің болмауы. Үйдегі әйелім біледі деген сөздің расын тексеріп жатқан ешкім жоқ. Үйдегі бала – шағаның жағдайы жасалған ба деп сұрап жатқан ешкім жоқ. Біздің университеттегі ұстаз жігіттер төрт-бес баласымен әйелдерін жатақхананың бөлмесіне қалдырып, жас иіс деп тоқал алуда. Нәтижесінде екі әйелдің де баласы тентіреп жүр. Кейбіреулері екінші әйелінің үстінен пәтері бар, көлігі бар әйел кездессе үшінші етіп алып, өздері қолдарына кіріп алды. Бірінші әйелі заңды ажырасуға келіспеген күйеуінен алимент ала алмайды, балаларын үйге қамап кетіп жұмыс істеп нан тауып жүр. Екінші әйелдері тоқал болып, пәтерден пәтерге көшіп жүр. Сонда Ислам діні еркек тек баласын таптырсын, әйел өзі бақсын деп уағыз айта ма? Зинақорлыққа түсіп, бала-шағаның тентіреп қалғанын көре тұрып тоқалдыққа ұмтылған қыздарда қандай тәлім-тәрбие бар? Өйткені тоқалдыққа келісетіндердің дені мешіт жағалап, діншіл болып жүргендер. Оларды неге бірінші әйелдің қамы ойлантпайды?
Бұл жерде Өзіңіз басқаратын Діни басқарма тарапынан ағарту жұмыстарының жүргізілмеуі себепкер болып отыр. Мен танитын отыз шақты отбасының тең жартысы мұсылман дінінің осы «көп әйел алу және демографияны көтеру» деген сылтауымен шаңырағы шайқалды, балалар тірідей жетім қалды. Оқыған жігіттер дінді теріс үйреніп, «қатын жолда, бала белде» деп жүр. Мұндай мұсылман дінінің әйелдерге керегі не? Баламызды тірі жетім етіп жалғыздан жалғыз жетілдірер болсақ, тек еркектің қамын жеп, әйелді аяқ сүртер еткен дінді ұстанған қыз-келіншектерге кім араша болмақ?
Ешқандай қорғаушымыз жоқ, біздер тірідей - жетім бала, жесір әйел болып отырамыз да, мешіт тек неке қию бизнесін арттыра бере ме? Маған онда Мұсылман болып не керек? Басқа дінде әйелді Отбасының ұйытқысы, балалардың анасы деп қарайды, онда мұсылман дінінде бұл неге жоқ? Мұсылман дінінің қазіргі насихатталуы бойынша көп әйел алуды қолдайды екенсіз,онда қатын-баланың заңды тұрғыдан қамтамассыз етілуін неге қарамайсыздар? Сонда қыз-келіншектер арасында Ислам дініне деген жаман сөздер мен былапыт пікірлер айтылмас еді. Жігіттер жағы барлығы тоқал алды деп отбасын бұзуда және жаңа некесін Мешіттен қиғызуда. Әйел де адамның баласы, олай болса жағдайы жасалмаған әйел шиеттей бала-шағаны қалай жалғыз жетілдірмек? Мұсылман діні маған қорған бола алмаса маған Оның керегі НЕ?
Сандуғаш.
Мұрағаттан: 19.02.2015