63 пайғамбар жасы емес
Біздің қоғамда 63-ті пайғамбар жасы дейтін ұғым қалыптасқан. Алайда дінтанушылар, теологтар оқыған баяндамаларына зер салсақ ол пайғамбар жасы емес екен.
Бұл туралы орталықтағы «Әйіп қажы» мешітінің бас имамы Е.Қамзағалиев: – Алланың сүйікті құлы Мұхаммедке пайғамбарлық 40 жасында келген. Яғни осы жаста бүкіл адамзат баласы мен жындарға пайғамбар ретінде таңдап жіберген соңғы және ең үстем пайғамбары. Ал 63 фәни ден бақилыққа аттанған жасы. Өкінішке орай, бізде түсінік басқаша,- дейді ол.
Бас имамның сөзіне қарағанда сонда пайғамбарлық қонған 40-ты пайғамбар жасы деуіміз керек екен. Тарихи деректерге қарағанда Мұхаммед Абдуллаұлы 571 жылдың сәуір айында дүниеге келген. Өмірге келер алдында әкесі дүниеден өтсе, алты жасында анасы Әмина қайтыс болады. Өмірі осындай қиыншылықпен басталған ол сегіз жасына дейін атасы Абдулмутталибтің, одан кейін көкесі Әбу Тәліптің қасында болған. Жиырма бес жасында Хадиша Хубра анамызға үйленеді. Ал қырық жасында бүкіл адамзат пен жындарға пайғамбар болғандығы Алла тарапынан білдіріліп, үш жылдан кейін барлық адамдарды иманға шақыра бастайды. Кейін 53 жасында Меккеден Мәдинаға көшіп, 27 рет соғыс өткізіп, 632-ші жылы 63 жасында өмірден өткен екен ұлы пайғамбарымыз.
Ж.ІСІМ.
Индер ауданы.