Еңбексіз табыс ауру шақырады (қисса)
14-01-2021
Бір күні бір шәкірті Яссауи бабадан бүй деп сұрады:
- Тақсыр, бұ дүниедегі ең ірі бақытсыздық не?
- Жүректің өлуі, - деп жауап берді Әзірет Сұлтан.
- Жүректің өлуі деген не? Ол неден өледі?
- Дүниеге толық байлануы. Адамзатқа деген махаббатты дүниеге деген құштарлық жеңген кезде пенденің бағы байланып, бақыты қайтады, - деді ұстаз. Бәрі үнсіз қалды. Үнсіздікті бір мүриді және бұзды. Ол:
- Тақсыр, өлген жүрек, сөнген ой қайтсе тіріледі? – деді.
- Ол үшін дәруіштің көз жанары құлшылықта құрғамасын. Себебі Алланың рақымы көздің жасымен келеді. Тәңірі тағала Құранда «бұ дүниеде аз күліңдер. Көп жылаңдар» деген. Момынның қорқынышы болсын. Бұл көңілдегі кібірлікті жояды. Тән құмарынан Рух қалауы биік тұрсын. Кәпір нәпсі денесін билемесін. Тәні тәубе еткенде, маңдайы сәжде етсін. Қолы сақауатта, аяғы шариғатта болсын. Неғұрлым жомарт болса, Алланың рақметіне шомылады. Тілі зікірмен, ойы пікірмен, көңілі шүкірмен шұғылдансын. Зікір жүректің – емі, пікір – ақылдың кені, шүкір – сабырдың жемісі. Осыларға бекем болса, өлген жүрек тез тіріледі. Сөнген ой қайта жанады. Жүректің көзі ашылса, көңілге сәулесі молынан құйылады, - деп ұстаз сөзін аяқтады.