Тері сұлулығына арналған мұз текшелері
Криотерапия (суықпен емдеу) – теріні жасартуға арналған тиімді салондық процедура. Қазіргі кезде криосауна немесе криомассаж танымалдыққа ие болуда. Үйде бет терісін мұз текшелермен сүрту осы айтылған процедураларға өте тиімді балама болады. Ендеше, косметикалық мұздың пайдасына тоқталайық. Терімен байланыс кезінде текше жібіп, теріге тереңірек жақсы сіңіп кететін, эпидермис жасушасын қоректендіретін еріген су түзеді. Суық әсері жаңару мен қалпына келтіру процестерін терінің ең терең қабатына жібереді. Суық әсерінен тесіктер тарылады, ал температура қалпына келгенде, ағза суық әсерінің орнын толтыру үшін жергілікті қан айналым мен зат алмасуды күшейтеді. Егер күнде бет пен мойынды мұз текшесімен сүртсеңіз, теріңіз жұмсарады, терінің табиғи түсі оралады, ұсақ әжімдер азаяды және аздап салбыраған беттің сопағы тартылады. Мұз текшесімен дұрыс істелген процедуралар қартаюды баяулатып, жастықты қайтаруға көмектеседі. Басты ережелер Бастысы, судың тазасын, яғни, газсыз бөтелкедегі немесе сүзілген суды алу керек. Егер емдік шөптер мен гүлдер қайнатпасын, жаңа сығылған жемістерді қатырса, оның әсері күштірек болады. Текшемен бетті және мойынды уқалайды. Үйде криотерапияны екі апта жасайды. Мұзды таңертең және кешкі жуынудың орнына қолданады.
Содан соң бір ай демалып, қайтадан бастауға болады. Шөптер қайнатпасы мен су қатуы үшін екі сағаттың өзі жеткілікті . Бір жасағанда бірден көп мөлшерде жасамаңыз. 3-4 күн сайын жаңасын жасаған жөн. Бетіңізді қатты баспай және бір орында ұзақ тұрмай, массаждық сызықтар бойынша мұз текшемен сүртіңіз. Процедура 2-3 минут уақытты алады. Содан соң бетіңіз өздігінен кебу керек, соңынан қоректендіргіш немесе ылғалдандырғыш крем жағыңыз. Суды қатыруға арнайы мұзға арналған немесе шоколад қорабындағы пластик ыдысты қолданыңыз. Бұл процедураға да қарсы көрсетілім бар. Оны қан тамырларымен проблема болғанда, сезімтал тері кезінде және бөрту болғанда жасауға болмайды. Кейде суыққа аллергиялық реакция болады. Осы процедурадан соң теріден асқыну байқасаңыз, жалғастырмаңыз. Жуунуға арналған текшені неден дайындауға болады? 1 стақан газсыз суға 2 ас қасық лимон суын құйыңыз. Мұндай мұз кез келген тері типіне болады. Шөптер қайнатпасын қатыруға болады. Қалыпты теріге жалбыз, жолжелкен (подорожник), шайқурай (зверобой), сәлбен (шалфей), мыңжапырақ, шегіргүл келеді. Құрғақ теріге жаужапырақ (мелисса), жөке, раушан гүлінің жапырақтары сай келеді. Майлы теріге түймедақ, қырмызыгүл (календула), қайың бүршіктерін қолдануға болады. Егер беттің сопағы салбырай бастаса, алқызыл су дайындаймыз. 1 ас қасық раушан гүл жапырағына 1 стақан қайнаған су құямыз. Оны 30 минут ұстап, суытып, содан соң қатыру керек. Көк шай теріге тонус пен балғын түр сыйлайды. Ол кезде де бірінші көк шай дайындап алады, ол суыған соң, мұздатады. Теріге қарбыз бен қияр суы да пайдалы.
Дереккөз: massaget.kz