«Ұлыңды шайтан түрткен» деді
10-11-2024
Шынайы өмірде елестің барына сенесіз бе? Сенуші едік. Кішкене күнімізде. Үлкендер елес туралы көп айтушы еді. Айдалада жалғыз келе жатқан кезде соңынан қуғанын айтқанда жүрегіміз аузымызға тығылып, көзіміз бақырая қорқатын едік. Түнде жатар алдын оны елестетпей көз ілмеуші едік. Бала күнімізде ойымыздағы елестің сұлбасы аппақ киім киген, ұзын шашын алдына қайырған әлемдегі ең қорқынышты бейне. Бүгінде сол елесті теледидардан еш эмоциясыз көріп жүрміз. Елес бейнесі әсіресе соңғы он жылдың ішінде Кәріс телехикаяларының басты кейіпкеріне айналды. Сонымен, Корей елінің үздік үш елес туралы дорамасына тоқталсақ.
1. «Күн иесі» (Властелин солнце)
Бұл фильм көзіне үнемі елес көрінетін Гон Силь есімді арудың хикаяты. Оның көз алдына қорқынышты елестер емес, онымен әңгімелескісі келетін түрі қорқынышты болғанымен, жүрегінде мұңы бар нәзік рухтар кезігеді. Олар өліміне себепкер болған әлдебір жауыздардан есесін алуды көздейді. Елестен құтыла алмай жүрген Гон Силь күндердің бір күні кешкілік «Патшалық» атты ірі сауда орталығының иесі Чу Чжу Вон есімді іскер жігітпен тосыннан кезігіп қалады. Ол қыз жігіттің жанына жолаған сәтте елестердің лезде ғайып болғанын аңғарып, ол жігіттен мәңгілікке айырылмауға бел байлайды. Себебі, қыз жігітті өзінің қорғаушысы деп тапты, тек елестен қорғаушы дос ретінде таныды. Бастапқыда қосылуы мүмкін емес тағдырлар мәңгілік махаббатқа тоғысты. Оларды қосқан – Елестер.
2. Елеспен шайқас (Давай сразимся призрак)
Тумысынан елес көре алатын қасиеті бар Бонпаль есімді жігіттің хикаясы. Бала күнінде елестен қорқып өскен ол, өсе келе елестермен шайқасу өнерін игереді. Осылайша елеспен шайқасты басты табыс көзіне айналдырып, адамдардан тапсырыс алып, ақша табады. Сөйтіп жүріп сұлу елес бойжеткенге қалай ғашық болып қалғанын өзі де аңғармай қалады. Елес пен адам арасындағы махаббат мүмкін бе? Олар мүмкін емес жағдайды шындыққа айналдырды. Бон Пальдің өлшеусіз махаббаты елестің қайта тірілуіне үлкен әсер етті.
3. Жебеуші елес (О мой призрак)
На Бон Сан - өмірден баз кешкен, тұйық мінезді ару. Ол осы мінезінің кесірінен дос таба алмайды. Ертелі кеш асханадан табылатын қыздың бойына күндердің бір күні Су Э есімді елес кіріп кетеді. Су Э – мінезі ашық жарқын, аспаз қыз. Ол жиырма жасында бұзақылардың қолынан қаза тапқан. Өмірден ештеңе көрмей кеттім деп үнемі түңілумен жүретін елес, кез келген адамның денесіне еніп, қалағанын жасап жүрді. Өзіне мәңгілік тұрақтайтын лайықты дене табуды көздеп, На Бон Сан есімді арудың денесін өзінің иелігіне өткізеді. Аяқ астынан мінезі өзгерген На Бон Сан көптеген достар тауып, өзі ұнатқан жігіт Кан Сан Умен жақсы қарым-қатынас орнатады.