Суықпен емделу. Криотерапияның құпиялары
Адамдарға табиғат арқылы берілген мүмкіндіктер өте көп. Ауру-сырқаудың да емін біздер ең алдымен табиғаттан іздеймін. Ал бүгінгі жаһандану дәуірінің жетістігі сол табиғаттың берген мүмкіндігін технологиямен ұштастыра білуінде. Суық, аяз – адамды тоңдырады. Төмен температурада біздің ағзамызға суық тиіп, тұмау секілді түрлі дертті жабыстырып алуымыз мүмкін. Алайда суықтың да денсаулыққа пайдасы бар. Мұны әсіресе, орыс халқы жақсы біледі. Көрші ел ертеден-ақ аязды күндері тастай суға сүңгіп шығуды әдетке айналдырған. Сондай-ақ олар ыстық моншадан шыға салып денесіне сұп-суық қарды үйкелегенді ұнатады. Осы арқылы көптеген ауруларды емдеген. Мұндай процедураны қазіргі медицина тілімен айтқанда криотерапия деп атаймыз.
«Аяз терапиясының» құдіреті. Криотерапия дегеніміз салқынмен емдеу, физиотерапевтік ем, медицинада, косметологияда төңкеріс әкелген жаңалық. Бұл адам ағзасының төмен температуралардың әсерінен жандандыру қабілеті. «Аяз терапиясының» атауы суық болғанымен, денсаулыққа тигізер пайдасы көл-көсір. Ол ең алдымен дененің кез-келген бөлігіндегі асқынуларды жояды, ауырсынуды басады. Бір реттік терапия аса ауыр деген аутоиммунды ауруларды емдеуге қауқарлы. Мәселен: ревматоидты артит, Бехтерев синдромы т.б. Суықпен емделу ағзадағы зат алмасу процесін жақсартады, қандағы қант деңгейін төмендетіп, холестеринді азайтады. Мамандардың айтуынша «мұздай терапиядан» кейін организмде эндорфин гармоны бөлінетін көрінеді. Ал эндорфин ұйқыны жасқартып, көңіл-күйді көтеретін қасиетке ие. Бір сөзбен айтқанда криотерапия денсаулығыңызды нығайтады. Көптеген спортшылар маңызды жарыс алдында аяз терапиясын қабылдауы да бекер емес шығар.
Аязбен емделу процедурасы қалай өтеді? Бұл сұраққа жауап бермес бұрын криотерапияның қандай түрлері бар деген сауалға жауап іздесек. Криотерапияның ең қолжетімді түрі криомассаж. Аталған массаж дененің белгілі бір бөліктеріне ғана жасалады. Көп жағдайда косметикалық мақсатта бет, мойын тұстағы қал, сүйелді сұйық азоттың көмегімен кетіреді. Сондай-ақ беттегі әжімдерді тегістеу үшін, дақ пен сепкілден құтылу үшін әйел заты суық емді қалап жатады. Ол арнайы аппликатор-бүріккіштің көмегімен жүзеге асырылады. Процедурадан кейін тері айтарлықтай тартылып, балғынданып, жасара түседі.
Криомассажды үй жағдайында да жасауға болады. Ол үшін мұз болса жеткілікті. Егер бетіңіздің балғын әрі тегіс болғанын қаласаңыз газсыз тазартылған суды қатырыңыз. Қолдануға ыңғайлы болу үшін суды арнайы мұз текшелеріне арналған ыдысқа құйыңыз. Егер емдік шөптер мен гүлдер қайнатпасын, жаңа сығылған жемістерді қатырса, оның әсері күштірек болады. Текшемен бетті және мойынды уқалайды. Үйде криотерапияны екі апта жасайды. Мұзды таңертең және кешкі жуынудың орнына қолданады. Содан соң бір ай демалып, қайтадан бастауға болады. Шөптер қайнатпасы мен су қатуы үшін екі сағаттың өзі жеткілікті . Бір жасағанда бірден көп мөлшерде жасамаңыз. 3-4 күн сайын жаңасын жасаған жөн. Бетіңізді қатты баспай және бір орында ұзақ тұрмай, массаждық сызықтар бойынша мұз текшемен сүртіңіз. Процедура 2-3 минут уақытты алады. Содан соң бетіңіз өздігінен кебу керек, соңынан қоректендіргіш немесе ылғалдандырғыш крем жағыңыз.
Криосауна – денсаулықты нығайтады. Криосауна массажға қарағанда күрделі әрі кешенді ем болып табылады. Тарихи деректерге сүйенсек мұздай су құйылған ыдыста шомылып, емделу әдісі Жапония елінде пайда болған екен. Ал қазір аяз саунасы заманауи келбетке ие. Яғни арнайы корпустың іші – 110 градустан -160 градусқа дейін төмендетіледі.
Сеанстың алдында жақсылап тамақтанып алған абзал. Себебі суық сіздің біраз энергияңызды сорып алады. Сонымен суық саунаға кіруге дайын болсаңыз іш киімнен басқасын бәрін шешіп тастайсыз. Есесіне аяғыңызға кроссовки мен қолыңызға қалың қолғап киесіз. Себебі қол мен аяқ үсігіш келеді. Сондай-ақ қолғап сізге есікті ашып-жапқанда көмекші болады. Суыққа төзімсіз мүшенің бірі – құлақ та жабылады. Қалауыңыз бойынша басыңызға бас киім киюіңізге болады. Корпустың іші алғашқыда – 60 градус төмен температуда болады. Пациент ішке кіргесін температура жәймен төмендетіле береді. Кейбір медициналық орталықтарда криосаунада пациент өзін жақсы сезіну үшін музыка қосып қояды. Процедура кезінде ішінде билеп алсаңыз да болады. Алайда жылдам, оқыс қимылдауға және ән салуға болмайды. Сеанс 1-3 минутқа ғана созылады. Криосаунадан кейін жоғарыда аталған аурулардан ада болып, кәдімгідей сергіп қаласыз. Мамандардың айтуынша процедурадан кейін псориаз, серобея секілді тері аурулары да жазылатын көрінеді. Төмен температура сондай-ақ семіздікпен күресудің де таптырмас жолы екен. Курстық емнен кейін 2 келіден 4 келіге дейін салмақтан арылуға және целлюлиттен құтылуға болады. «Аязға бір сүңгіп алу» адамды стресстен де арылтады. Криотерапияның бір курсынан өту сізді жіті респираторлы вирусты инфекцияның маусымында түрлі жұқпалы аурулардан сақтануға мүмкіндік береді. Яғни иммунитеттің жоғарылауына криотерапияның ықпалы зор.
Қателік қауіп төндіреді. Таяқтың екі ұшы болады демекші криотерапияның да денсаулыққа зиянды тұстары бар. Емнің нәтижелі болуы маманға байланысты. Корпус ішінде отырғанда егер маман температураны және оның берілу жылдамдығын дұрыс таңдамаса пациентті үсік шалуы мүмкін. Қатты аяз ең алдымен адамның тыныс алу жолдарын зақымдайды. Ал корпус ішінде ұзақ отырып қалу адамға тікелей қауіп төндіреді. Сондықтан криотерапияға жүгінбес бұрын медициналық орталық пен маманды дұрыс таңдай біліңіз.
Криотерапия пайдалы, нәтижелі емдік тәсіл болғанымен аяз адамды аямайды. Сол себепті суықпен емделуге әлжуаз адамдардың жоламағаны дұрыс. Сонымен қатар суыққа аллергиясы барлар, бронхиалды астма, аритмияның ауыр түрі, гипертоникалық ауруларда және балалар мен жүкті әйелдерге криотерапияны қолдануға мүлдем болмайды.