Жүз ауруға бір ем – хиджама

Oinet.kz 25-05-2020 4756

Бүгінде дертіне шипа іздеген қазақстандықтар ағзадан қан шығару, яғни хиджама әдісіне көптеп жүгініп келеді. «Хиджама» сөзі жалпы араб тілінен аударғанда «сору» дегенді білдіреді. Оны жасайтын адам «хиджам» деп аталады. Қазіргі таңда адам ағзасы дәрі-дәрмектердегі химиялық заттарға тәуелді. Ағзаны тазарту үшін артық қан алдыру керек. Хиджама жасау кезінде адам бойындағы қан алмасу жақсарып, арам қандар сыртқа шығады. Барлық жасушалары жаңарып, ағзаға оттегі мен нәрлі заттар тарайды. Арам қанды денесінен алып тастау арқылы дертінен сауыққандар аз емес. Тіпті бұл тәсілге кейбір дәрігерлердің өздері де жүгінеді екен. Оған тосқауыл жоқ. Десе де, дәстүрлі емес медицинаның бұл түрі терең зерттеуді қажет етеді. Ең басты талап – хиджама тәсілін арнайы білімі бар маман жасауы керек.

9ea538e1f154054b7c8e29f6374d8a64971e4698ed41af87463b2284c389.jpg

Хиджама арқылы емдеуші мамандар өздерін емші санайды. Дәстүрлі емес емдеу жолы болғанымен, емшілер медициналық білімнің қажеттілігін де айтады. Емдеу әдісі, әдетте, әкеден балаға мұра ретінде беріледі. Емшілер ісін ары қарай жалғастыратын шәкірттер тәрбиелеп жатады. Хиджама жасау кезінде нақты диагноз қойылмайды. Сырқат адам келіп, қай жерінің ауырып тұрғанын айтады. Адам денесінде түрлі ауруларға жауап беретін нүктелер болады. Сондай нүктелерге тілім жасалап, арнайы құрал арқылы емдей береді. Қазір адамдардың көпшілі хиджама маманына остеохондроз, мойын, бас ауруларына жиі шағымданып келеді екен. Көп жағдайда адамдар хиджама мен сүлікпен емдеу арасында қандай айырмашылықтың бар екендігін түсіне бермейді. Мамандар олардың айырмашылығын келесідей түсіндіреді. 

Сүлік тістелген жерден қанды сору жеңіл болу үшін гирудин деген затты бөліп, қанды сұйылтады. Сондықтан сүлік қанды сорып болғаннан кейін, қанды тоқтату оңай емес. Оның қаншалықты қауіпті екендігі айтпаса да белгілі. Одан бөлек, бас ауруларын емдеу кезінде адамның жадына жауап беретін нүктелерге сүліктің зақым келтіруі мүмкін. Ал хиджама жасау кезінде маман қай жерге тілім жасауға болатындығын біледі, сондықтан ол әлдеқайда қауіпсіз саналады екен. Тағы бір ерекшелігі – сүлікпен емдеу қымбатқа түседі. Бір сүлік, қызмет ақысын есептемегенде, кем дегенде 500 теңге тұрады. Сүлікті бір рет қолданғаннан кейін оны өлтіру керек. Бірақ, кейбіреулер оны тұзды суға «жуып», кейін қайта қолдана береді. Мамандар хиджаманың осы тұста әлдеқайда таза екендігін алға тартады. Әрбір адамның хиджама жасауға арналған өз құралы болады. Мұсылман тауарларын сататын дүкендерден осындай құрылғылардың түр-түрін көлеміне қарай шамамен 1500-ден 5000 теңгеге дейінгі аралықта алуға болады. Қызмет көрсетудің ақысы да әртүрлі: 2000-нан 15000 теңгеге дейін. Оны емшінің өзі тағайындайды. Ал хиджама орталықтарында 200 доллардан басталуы мүмкін.

Хиджама қалай жасалады?

Хиджама немесе банкамен емдеу тері және бұлшық еттің үстіңгі қабатын (яғни, сыртқы ағзаларды) ауырсыну жайлағанда қолданылады. Мұндайда құрғақ және дымқыл банкалар пайдаланылады. Ал, ішкі ағзалардың ауырсынуын қан алу әдісімен емдейді. Құрғақ банкалар ауруға байланысты терінің белгілі бір аймағына 3 минутқа қойылады. Ал дымқыл банкалар қарапайым банкалар қойылғаннан кейін ғана қолданылады. Кәдімгі банканы терінің үстіңгі қабатынан (эпидермис) алғаннан кейін өткір қандауыр пышақпен (скалпель) 3 см көлемінде кесік жасалады да, қанды сорып алу үшін бірден жаңа банка қойылады. Банка қатқан қанға толғаннан кейін (3-10 минут), оны алып, кесіндіні спиртпен сылап, залалсыздандырылған сулықпен жауып (жабыстырып) тастайды. Бұл банкалар қан тамырлардың үстіне, жүйке жалғаулары тығыз орналасқан аймақтарға қойылмайды. Банканы жауырын арасына, омыртқа бойына, мойын аймағына қою арқылы көптеген үлкен сырқаттарды емдеуге болады.

Хиджама қауіпті ме?

Қан алу әдісі Қазақстанда 2000 жылдары басталған. Ал Сирия, Мысыр, Сауд Арабиясы секілді мұсылман елдерінде хиджама өте жақсы дамыған. Тілімнің жасалу жерлеріне қарай хиджама үш түрге бөлінеді. Бірінші түрі – құрғақ хиджама, яғни ол қан шығарусыз жасалады. Бұл әдіс көп қолданылмайды. Екінші түрі – күре тамыр хиджамасы. Оны варикоз секілді сырқаттарды емдеуде қолданады. Соңғы түрі – тілдің астына жасалатын хиджама. Хиджаманың бұл түріне ішкі ағза мүшелерін, бас ауруларын емдеу кезінде жүгінеді. Қан алдырудың ешқандай кері әсері болмайды. Хиджама жас талғамайды. Сондай-ақ жүкті әйелдер мен емізулі баласы бар аналарға да қолдануға болады. Тіпті әйелдер хайыз және нифас кезінде, қандай да себептермен хайыз келмеген себептерде де жасай алады. Кішкентай сәби балалар шетпе болып ауырған кезде де ата-бабаларымыз олардың арқа тұсынан қан алатын болған.

Хиджама қандай ауруларға көмектеседі?

Мойынға жасалған хиджама бас ауруына, құлақ, тамақ, мұрын және тіс ауруларына, улануда көмектеседі. Басқа жасалған хиджама – психикалық ауруларға (күйзеліс), тіс ауруына, әлсіздікке, бас сақинасына, көру және есту қабілетін жақсартуға, ми қабынуының алдын алуға пайдасын тигізеді.

Сондай-ақ, тіс ауруын банканы иекке қою арқылы емдейді. Осы арқылы түрлі микробтар мен бактериялар жиналатын ағзаның ең лас аймағы – ауыз қуысы тазаланады.

Кеуде жасушаларына, іш аймағын жасалған хиджама төмендегідей ауруларға әсерін береді:

1. Кардиомиопатия (жүрек бұлшық еті қызметінің әлсізденуі), қан қысымының жоғарылауы, ревматизм (буын-буын мен бұлшық еттердің шаншып, сырқырап ауыруы), бронхит;

2. Іштің үстіңгі аймағындағы фурункулез, аяқтағы бітпейтін (жазылмайтын) жаралар, гемморой, ұйқышаңдық, қышыма, жатыр және қуық қалбыршығының қабынуы;

3. Жатырдан қан кету және етеккір кезіндегі аурулар.

Үстіңгі аймақтардың ауырсынуларында банка жамбасқа, санға қойылады. Ал, варикоцеле (енбаудың қабынуы) кезінде санның алдыңғы бөлігіне қойылады. Табанда іріңді жазылмайтын жара болса, банканы аяқтың артқы бөлігіне қояды. Етеккірдің кешігуі және жамбас, сан жүйкесінің қабынуы кезінде хиджама өкшеге жасалады. Ішек аурулары, семіздік, қан айналым жүйесінің бұзылуы, бронх демікпесі жағдайында бөксеге жасалады.

Алайда, хиджама кез келген жағдайда кез келген аурға ем бола бермейді. Мұндай әдістер дұрыс жасалмаған жағдайда ағзаға үлкен зиян тигізуі де мүмкін. Сондықтан да, хиджаманы арнайы маманнан кеңес алғаннан кейін ғана, білімді, тәжірибелі адамға жасатқан дұрыс.

Кімдерге қан алдыруға болмайды?

Хижаманы белгілі бір тәжирибесі бар мамандарға жасатқан жөн. Себебі, оның жасау жолдарын білмеген адам керісінше адам денсаулығына зиян келтіреді. Әсіресе, денеден бөлініп шыққан қан адамның ағзасына кетіп қалудан сақтану керек. Хиджама жасауда өзінің денеде арнайы белгілі нүктелері болады. Аурудың бетін қайтару үшін сол нүктелерді айқындау керек. Себебі, кез-келген нүктеден қан алу адамның денсаулығына кері әсерін тигізуі мүмкін. Хиджама барлық ауру түрлеріне ем бола бермейді. Асқынып кеткен немесе жаңа заман індеттері саналатын ЖИТС (СПИД), онкология секілділерге хиджама көмек бере алмайды. Адам жеңілдік сезінуі мүмкін, бірақ толыққанды айығып кетпейді.

Хиджаманы қан қысымы төмен, аурудан енді айыққан, әсіресе отадан кейін шыққан адамдарға, қант диабеті, бүйрек ауруына шалдыққандар мен жүктіліктің алғашқы 4 айында жасауға болмайды. Дұрыс жасалмаған хиджаманың арты қатерлі болуы мүмкін. Елімізде хиджама жасаушыларға

арнайы лицензия берілмейді. Хиджама мамандары егер Қазақстанның халық емшілері ассоциациясынан куәландыратын құжат болса, оны алуға болады деп есептейді.

Хиджама жайлы ескеру керек деректер:

1. Қанды жерге көму, хиджамадан кейін ғүсыл құйыну міндетті емес.

2. Жыл сайын бір мезгілде күндіз, не түнде жасау деген белгілі уақыт жоқ.

3. Хиджаманы аш құрсақ кезде жасау керек деген сөз, оны ертерек жүзеге асыру дегенді білдірмейді.

4. Қан тоқтаған кезде ғана хиджама аяқталған болып есептеледі.

5. Хиджама нәтижесінде шыққан қан, ауру таратпайды.

6. Тілмей қан алу, хиджама болып саналмайды.

7. Хиджамадан кейін төсек қатынасында болу зиян деген пікірдің ешқандай негізі жоқ.

8. Хиджамаға дейін және одан кейін де сүт өнімдерін тұтыну зиян деген пікір де дәлелденбеген.

9. Әйелдердің хайыз не нифасынын келуі хиджаманың орнын баспайды.

10. Хиджаманын барлық түрлерін бір күнде жүзеге асыруға болады.

Б.БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Туризмді қалыптастыру кәсіпкерлікті дамытады
Өзі келіп көрінетін пациенттер көп
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу