Туризмді қалыптастыру кәсіпкерлікті дамытады
Рашид АЮПОВ,Түркістан қаласының әкімі:
– Рашид Абатуллаұлы, бүгінде облыс орталығына айналған Түркістанды Елбасының туризм орталығы ретінде дамытуды тапсырғаны бар...
– Иә, Нұрсұлтан Әбішұлы айқындап берген бағытпен дамимыз. Бірақ, туризмді қалыптастыру үшін ең бірінші кезекте Түркістанның инфрақұрылымына көбірек көңіл бөлуіміз қажет. Қаланы көбірек көгалдандыру керек. Солай ғана шаһарымызға келетін туристерге жағдай жасай аламыз. Өйткені Түркістанда өндіріске қажетті мұнай, газ жоқ. Бар байлығы – 6 ғасырдан басталатын терең, бай тарихы. Соны дұрыс насихаттап, туристерге Қожа Ахмет Ясауи кесенесі сияқты Әзірет Сұлтан кешенінің маңына топтасқан тарихи орындарымызды көрсетіп, қаланың статусын жоғарылатып, халықаралық деңгейге жеткізуіміз керек. Көп адам бізде халықаралық деңгей дегенді дұрыс түсіне бермейді, 40-50, 100-ге дейінгі көпқабатты үйлері бар қала деп ойлайды. Бірақ, олай емес. Еуропаның кез келген қаласына барсаңыз, барлығы ескі үйлерден құралған. Сондай жәдігерлерді тамашалауға жыл сайын қаншама адам Еуропаға ағылады. Ал, біздің тарихи дүниелеріміз олардыкінен әлдеқайда көп,
Жалпы, Түркістан қаласына келетін туристер 4 категорияға бөлінеді. Біріншісі – тарихи жерді көргісі келетіндер. Екіншісі – тек архитектуралық ғимараттарды тамашалауға қызығатындар. Үшіншісі – зиярат етушілер. Төртіншісі – жолай Түркістанды көргісі келетіндер. Осы туристердің келуі үшін әр категорияға мүмкіндік жасауымыз керек. Мысалы, зияратшыларға – жуынатын, киім ауыстыратын, намаз оқитын орындар. Ал, сырттан келетіндерге мавзолейден бөлек тамақтануына ыңғайлы, ас мәзірі бай, тынығатын, уақыт өткізетін орындар ұсынуымыз керек. Қонақүйі дұрыс болуы тиіс және қатынауына көлік жағын қарастыруымыз қажет. Басқа туристерімізге көбірек ақпарат беруіміз керек. Бұл тарихи ғимараттың кірпіші неден жасалды? Қай жылы құйылды? Қандай шебер, қандай сәулетші тұрғызды? Туристер тұрмақ, жергілікті халықтың өзі толық білмейді мұны. Тағы бір топқа Қожа Ахмет Ясауидің кім болғанын айтуға тиіспіз. Түркі әлеміне әйгілі ғұламаның шәкірттері Жерорта теңізіне дейін барып, қазіргі Түркия жерінде қалып қойған. Олар туралы мағлұматтар көп. Бірақ, Ясауидің өз өмірі туралы ақпарат өте аз. Халық арасында айтылатын аңыз әңгімелердің бәрін жинап, қорытып, сан-саққа жүгіртпей ғылыми негіздеуіміз керек.
– «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқыдыңыз, Еуропаны араладыңыз... Жалпы, Еуропа Түркістанды біле ме?
– Шаһарымыздың танымалдылығына келетін болсақ, біреу үшін Түркістан тарихи қала, енді біреу үшін – Қожа Ахмет Ясауи, біреу үшін – Әмір Темір, біреу үшін – Әл-Фараби. Яғни, әркімнің өзінің түсінігі бар. Мен шетелде оқып келген соң, анық айта аламын, «стан» деген жалғау Батысты қатты қорқытады. Қазақстанның «станы» бар, оның ішінде Түркістанның «станы» бар. Сондықтан біз бұдан да асып түсу үшін қосымша маркетинг жолдарын қарастырып жатырмыз. Мысалы, «Түркістан – қауіпсіз стан» деген секілді... Барлығын түсіндіріп көрсетуіміз керек. Өйткені Батыс бізді онша біле бермейді. Бізден де Африка мемлекеттерін сұраса біле бермейміз ғой. Олар да сол сияқты ажырата алмайды. Түркістан мен Түркіменстанның айырмашылығын білмейді. Түркістанды Түркіменстан деп қабылдайтындар да бар. Бөлек мемлекет деп ютубтан іздеп кетеді. Сондықтан да біз көбірек материалдарды жинақтап, қаламыздың жақсы тұстарын көрсететін видеороликтер әзірлеп, ауқымды жұмыс жүргізуіміз керек.
– Туризмді жетілдіру мақсатында қандай бизнес жобаларды қарастырмақсыздар? Оны да кәсіп етіп, соған бейімделу керек қой...
– Дұрыс айтасыз. Қазір бізде екі түрлі бағытта бизнес жобалар бар. Іс-шаралар туризмін әзірлеп отырмыз. Біздің қолымыздан нақты не келеді? Қонақ күту және керемет ас мәзірін дайындау. Біз осыны пайдалана отырып, тамақ фестивальін өткізсек, шақырсақ болады. Қонақжайлығымызға қызығып келеді. Одан кейінгі дамып келе жатқан туристік бағыт – креативтік индустрия. Жәй ғана көшеде фотоаппаратпен сурет түсіру емес, дұрыс ракурста түсіріп, соның көрмесін өткізу. Немесе қолдан әдемілеп графика жасап, әлемге паш ету. Немесе өзгеше бір зат жасап, оны әлемге паш ету. Яғни, осы креативтік индустрияны қолдана отырып, жаңа жыл мерекесінен кейін көптеген шараларды ұйымдастырамыз. Сөйтіп соның нәтижесінде топ-топ қылып адамдар тарта бастаймыз. Мысалы, біздің жоспарымыз бойынша, 500 мыңнан артық қызғалдақ егеміз. Сөйтіп қызғалдақ фестивальіне шақырамыз. Оған көп адамдар келеді. Өйткені қызғалдақтың мекені, отаны – Қазақстан! Бұл дәлелденген дерек, бәрінің білесіздер. Голландия елімен келісіп, осы жерде үлкен қызғалдақ көрмесін өткізіп, қалай өсетінін әдемілеп көрсетеміз. Одан кейін Наурыз мейрамында тамақ фестивальін өткізіп, дәстүріміздің қайдан шыққанын көрсетіп, тарихымызбен таныстырамыз. Сосын сәуір айында жеміс ағаштарының гүлдейтін кезі болады ғой. Шығыста «Сакура» деп атайды. Ол бізде де бар ғой негізі. Соны жасаймыз. Мамыр бар, маусым бар, ай сайын осылай көбейтіп отырамыз. Мысалы, Сингапур мемлекетінде жабық климатикалық жағдайда сақтайтын өздерінің саябағы бар. Кірсеңіз, Африкада да өсетін, Ресейде де өсетін, басқаларда да бар гүлдейтін ағаштарды көресіз. Олар жыл сайын Еуропадан түрлі ағаштарға тапсырыс береді. Әкеліп егеді, соның гүлдегенін көрсетеді. Туристер тамашалап кеткен соң алады да қоқысқа тастайды. Келесісін тағы шақырады. Неге? Оған шығарған қаржысы келген туристермен еселеп қайтады. Үстінен қаншама табысқа кенеледі. Ол ағаштар Сингапурде өспейді. Климатын жерсінбейді. Оны біледі, ауа райы сәйкес келмейді. Бірақ, соны туристер үшін жасайды. Біз олай алып тастамаймыз. Өйткені көп көшет біздің топыраққа жерсінеді. Сондықтан сондай гүлдейтін ағаштарды өзіміздің іс-шараларда пайдалана отырып, туристерді шақырсақ деген жоспар бар. Әлемдік мемлекеттер саммиті сияқты үлкен-үлкен бағыттағы жиындарды Түркістанда өткізуге тырысамыз. Соған келіссөздерді қазірден бастап жатырмыз.
– Оған қала дайын ба?
– Орынды сұрақ. Біз туристерді қабылдауға дайынбыз ба, жоқ па? Бұл үлкен мәселе болып тұр. Сосын олар келген соң айналасында бизнес дамиды. Біреу киім, енді біреу сувенир сатады. Біз оларға қай тілде сөйлейміз? Олар қазақ тілін үйренбейді. Ол үшін біз әлемдік тілдерді үйренуіміз керек. Өзіміздің мамандарымызды даярлауымыз керек. «Ана тілім тұрып, неге басқа тілде сөйлеуім керек?» дейтіндер де бар. Бірақ, өзге тілді үйрену, ана тіліңді ұмыту емес қой. Біз осыған дайын болуымыз керек. Бұл өте ауқымды идеалогиялық жұмыс. Бұл бағытта қазір жастармен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Ашық түрде әңгімелесу, ашық түрде осы мәселелерді көтеру керекпіз. Негізінде идеалогия бойынша бізде жұмыс өте көп. Жалғыз туристерді қабылдау және қай тілде сөйлеу ғана емес. Тәрбие жағына да жете мән беріп, халықпен тікелей жұмыс істеуіміз керек. Сосын тағы бір мәселе – қазір жаңа технологиялар соншалықты дамыған. Тілді үйренбей-ақ сол техникаларды пайдалануға болады. Оған да біз дайын болуымыз керек. Егер осы даярлықтарымызды тиянақтап, көктемге дейін бір нәтижеге жететін болсақ, қанша турист келсе де қабылдауға даяр болар едік.
Сингапурды мысалға келтіретін себебім, ол қаланы мен көп зерттедім. Түгі де жоқ. Тіпті ішетін суы да жоқ. Бірақ, бүгінде өте үлкен дәрежеге жетті, әлемнің дамыған 10 мемлекетінің қатарына енеді. Сол қалаға бір жылда 160 миллион турист келіп кетеді. Бүкіл Ресей келіп кететін секілді. Соншалықты жүйені ойластырып, қалыптастырып қойған. Қанша адам келсе де орын бар. Қанша адам келсе де қала көшелерінде көлік кептелісі болмайды. Қауіпсіздік, басқа да жағынан ешқандай проблема жоқ. Сол үшін бізге жобалық басқару жүйесін енгізу керек. Ол бойынша әрбір студентіміз, жастарымыз дайын болуы тиіс. Оған арналған жоспарымыз бар. Нақты не керек екенін білеміз. Сол бойынша жұмыс атқарудамыз.
– Туризм де табыс көзі. Осы тұрғыдан алғанда Түркістанда кәсіпкерлік қалай дамиды?
– Бұрын Түркістанда индустриалды аймақ 40 гектар болған. Қазір оған 310 гектар қосылып жатыр. Еліміздің басқа қалаларында индустриялды аймақтар салалық болып бөлінеді, аграрлық индустриялды аймақ деген секілді. Ал, Түркістанда барлығы бір жерде орналасады. Кез келген инвестор қаржысын салып, қалаған бағытында жұмыс істей береді. Жалпы бәрін топтастырып бір аймақта орналастыру өте дұрыс шешім деп есептеймін. Өйткені жеріміз онша үлкен емес, бар болғаны 19 мың 600 гектар. Оның 350 гектары индустриалды аймақ.
Жалпы инвесторлар бізге не үшін керек? Өйткені КСРО кезіндегідей ешкім үлкен зауыт сала алмайды. Біз тек кәсіпкерлерді қолдау арқылы ғана кәсіпорындарды аша аламыз. Ол үшін бізде шектеу жоқ. Өзіміздікі не шетелдікі деп бөліп қарауға болмайды. Инвесторларды Түркістанға тарту үшін біз қандай жағдай жасай аламыз? Алматыдағы бизнесменнің Түркістанға келіп кәсіп ашуына қандай қызығушылықтар, қандай жеңілдіктер бар? АҚШ-тан келуі үшін Америкадағыдан жақсы қандай мүмкіндік бере аламыз? Қауіпсіздік бірінші кезекте тұрады. Сондықтан да облыс әкімі Өмірзақ Естайұлының ұсынысымен, Үкімет басшысы Асқар Ұзақбайұлының қолдауымен арнайы экономикалық аймақ құрылды. Яғни, мұнда келіп, кафе, ресторан ашатын болсаңыз, ешқандай салық төлемейсіз. Тек келіп салсаңыз болды. Сырттан қараған адам «мұның мемлекетке не пайдасы бар?» деп ойлауы мүмкін. Мемлекетке пайдасы, біріншіден, қаржы кіреді. Екіншіден, жұмыс орны ашылады. Үшіншіден, инфрақұрылымымыз дамиды. Төртіншіден, технологиялар келіп жатса, біздің азаматтар оны көріп үйренеді. Көріп үйренген соң ол да ашуға тырысады. Оны көріп білмесе, біздікілер қалай ашады? Қиын ғой. Мысалы, менен біреу осыдан 15 бұрын «қалай ойлайсыз, Түркістанды Рим сияқты дамыта аламыз ма?» десе, күмәнданып қалатын едім. Өйткені ол кезде Римді естігенім болмаса көрмегенмін, білмегенмін. Енді қазір сұраса, нақты жауап бере аламын. «Былай дамыта аламыз. Былай етсек, мынадай нәтижеге қол жеткізуге болады» деп салыстырмалы түрде айта аламын. Сондықтан да инвесторлар арқылы жаңа технологиялар мен жаңа зауыттардың келгені біз үшін өте маңызды. Сыртқа шыға алмайтын азаматтарымыз солардан көріп, әрі қарай дамытып алып кетеді. Түркістан индустриалды аймағында ешқандай шектеу жоқ. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге де болады. Жаңа технология шығаруға да болады. Кез келген бағытта зауыт ашып істеуге де болады.
Өзіміздің кәсіпкерлерді мемлекет тарапынан қолдаудың барлық бағдарламалары жасалған. Ол әрі қарай тоқтамайды, дами береді. Бірақ, бізге қазір креативті индустрияны дамыту маңызды болып тұр. Осыған үйретіп алсақ, жаңа бағытта бәсекелестік жоқ деп айтуға болады. Егер соны пайдалана алсақ, көптеген азаматқа бизнес ашуға мүмкіндік туады.
– Түркістан қаласының бас жоспарында Шығыс базарының орны бар. Оны дамытатын қандай стратегиялық жоспарларыңыз бар?
– Өзіңіз білесіз, Қазақстанның оңтүстік өңірінде азаматтарымыз кәсіпке бейімделген. Кез келген кәсіптің жолын көрсетсеңіз болды, әрі қарай дамытып алып кетеді. Өзіңіз айтып өткен Шығыс базары Түркістанның мәдени және демалыс орталықтары аймағында орналасатын болады. Қазір жобаны егжей-тегжейлі жоспарлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сол бойынша ол қанша қабаттан тұруы керек? Оның көлемі қанша болуы қажет? Ол жерде не сатылуы тиіс? Кім сатуы керек? Ол бойынша инвесторлар тарту жұмыстары жүріп жатыр. Одан бөлек, «Қолөнершілер орталығы» деген бар. Мүмкіндігінше шетелден бір институттарды алып келіп, халықаралық деңгейге көтерсек деген ой бар. Өйткені жәй ғана құмыра, кесе, пиала жасаңдар десек, сол деңгейде қалып қоямыз. Бізге жаңа технологиялар, жаңа білім, жаңа ғылым керек. Сондықтан да сырттан мамандар шақырамыз. Сол бойынша да келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Жалпы Шығыс базарында кез келген объектінің коммерциялық мүмкіндіктерін қарастырудамыз. Ол жерде біріншіден, келген туристерге қолдан жасап жатқан бұйымдарымызды көрсетеміз. Қызығады ғой. Бес доллар төлесе жасап көрсетеді. Туристер үшін бес доллар көп емес. Бірақ, мыңдаған адам келер болса, біз үшін әжептеуір табыс көзіне айналады. Екіншіден, «осы нәрсені үйренгіңіз келе ме, осы жердегі оқу орнына түсіңіз». Сырттан болса да оны көрген адам ұмтылады. Оқығысы, үйренгісі келеді. Біз мектеп оқушыларын әкеліп көрсетіп тұруды қарастыратын жоспар құрып жатырмыз. Жасалып жатқанын көрсе, мүмкін олардың 5 пайызы болса да сонымен айналысқысы келер. Ол да жаңа айтып өткеніміздей креативтік индустрия! Жаңа бір нәрсе ойлап тауып жатса, тіпті тамаша!
Мысалы, бізде қазір неке қию сарайы ашылып жатыр. Ол білесіз, шаңырақ көтергендердің некесін қиып, куәлігін қолына беріп шығарып салатын жер ғой. Біздің ойымыз – сол жерде кәсіпкерлеріміз қыздарымызды тұрмыс құруға бейімдесе, тігіншілік, аспазшылыққа үйретсе. Одан кейін тұрмыс құрғандарға психологиялық қолдау орталығы, сосын бала тәрбиелеу орталығы жұмыс істесе, солай контентін толтыра берсек, өте пайдалы тірлік болар еді. Солай Неке сарайының жартысын бизнес бағытында дамытуға болады. Осылай әрбір ғимарат бойынша, жеке-жеке контент жасап жатырмыз.
– Қай мәселені қозғасақ та әңгімеміз туризмге тіреле берді ғой. Түркістанда туристердің қауіпсіздігі қаншалықты ескерілген?
– Турист үшін не маңызды? Қалаға келгенде ыңғайлы және қауіпсіз болу керек. Адами факторларды болдырмау, алдын алу үшін Түркістанда камералар орнатып жатырмыз. 1 қазанға дейін қаламызда 500 камера болады. Оның ішінде аналитикалық ойлау қабілеті бар, жасанды интелектімен қазірше 10 пайызын қосамыз. Жақсы нәтиже беріп жатса, барлығын қосатын боламыз. Яғни, көңіл-күйіңіз болмай тұрса, компьютер өзі анықтауы керек. Адами факторсыз «Мына кісінің көңіл күйі жоқ. Учаскелік инспекторды жіберіңдер» деп компьютердің өзі хабар беріп отыратын болады. Әрбір камера тұрған жерге көмек сұрайтын белгілер орнататын боламыз. Бүгінде «Қауіпсіз қала» бағдарламасы іске қосылып, сол бойынша қалада адамдарды көшенің кез келген тұсынан емес, белгіленген орындардан өткізу, үйрету жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Негізінде бұл бағыттағы үлкен жұмысымыз – тұтынушының жол жүру картасы. Бұл Түркістанда ешқашан болмаған азамат келіп, темір жол вокзалынан Қожа Ахмет Ясауи мовзолейіне дейін баруы керек. Қоғамдық көлікпен, таксимен, жаяу барса да болады. Сөйтіп бізге кем-кетігімізді айтады, «Мына жерде қоғамдық көлік нашар. Мына жерде аялдама жоқ. Мына жерде такси менен қымбат сұрады» деп. Соған қарап толық инструкция жасаймыз және карта әзірлеуіміз керек. Турист Түркістанға келмей тұрып барлығын білуі керек. Мысалы, вокзалдан қалаға қарай шыққанда нақты қандай бағыттағы қоғамдық көлік қайда баратынын, қай жерде ақшасын айырбастауға болатынын, қай жерде дәріхана, қандай кафе бар, бағасы қанша екен біліп тұрады. Қандай таксиді пайдалану керек? Қанша беру керек? Бәрінен хабардар болуы тиіс. Әйтпесе, вокзалдан қонақүйге жеткізген таксист 10 мың теңгесін қағып алуы мүмкін. Бірақ, одан қаланың репутациясына нұқсан келеді. Дұрыс әңгімелер айтылмауы да мүмкін. Сондықтан ондайларды түзеп, алдын алуды қолға алуымыз қажет. Осының бәрін түзетіп реттеп, келесі жылы туристердің қатарын 2-3 миллионға жеткізсек, соның өзі үлкен жетістік. Негізінде алдағы 3 жылда 10 миллионға жеткізсек деген мақсатымыз бар. Осы арман жүзеге асқанда қаламыздың экономикасына да қан жүре бастайды.
– Туристердің де басы ауырып, балтыры сыздауы мүмкін. Сондай сәтте дәрігерлік көмек көрсете аламыз ба?
– Туристерге дәрігерлік көмек көрсетуде Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін пайдалансақ деген ойымыз бар. Осы оқу орнының медициналық базасына басымдық берсек дейміз. Мамандарының барлығы дерлік ағылшын тілін меңгерген. Ең бастысы – инфрақұрылымы өте керемет!
Ал, бүгінде әлемдегі ең сапалы әрі ең арзан медицина Оңтүстік Кореяда. Біз университеттің келісімімен сол Оңтүстік Кореяның мамандарына ұсыныс бердік. «Сіздер келіп, универитеттің клиникасындағы медициналық кәсіптеріңізді жалғастырсаңыздар, Орта Азия халқы Оңтүстік Кореяға сабылғанша осында ота жасатқаны барлық жаққа да тиімді» деп. Мұнда да олардың медицинасын зерделеп шықтық. Сөйтсек олар да өздері ойлап тапқан емес. АҚШ-тың медицинасын алып өздеріне енгізген. Бірақ, басқару жүйесінің барлығын өзгерткен. Өйткені кейбір жерінде бюрократиялық барерьлерді алып тастап, пациенттерге ыңғайлаған. Нәтижесінде әлемге әйгілі медицинаның отанына айналды. Енді бізде де солар арқылы Түркістанда медицина орталығын қалыптастырсақ деген ой бар. Ал, қаладағы емханалардың барлығын туристерге ыңғайлау үшін персоналды түрде әзірлеу керек. Ол өте ауқымды жұмыс. Әзірге осылай кәріс мамандармен бастап, кейіннен кеңейтіп, қаланың емдеу мекемелеріне де енгізсек деген жоспарымыз бар.
– Түркістанда медициналық деп атауға келмесе де сауықтыру орындары бар. Жер астынан жылы су шығып жатыр. Бірақ, ондағы ғимараттардың санитарлық жағдайы төмен. Соларды инвестор тартып па, ретке келтіріп сауықтыру туризмін қалыптастыруға бола ма?
– Бұл мені қатты мазалайтын мәселе. Жалпы бізде ғылымды көп дамыту керек. Жердің астынан неге су ыстық болып шығып жатыр? Үлкен мәселе! Зерттеген кім бар? Жер астынан шыққан судың ыстық болуы біріншіден, минералдарының көптігінен болуы мүмкін. Екіншіден, вулканның әсерінен болады. Бірақ, бізде ондай қауіп жоқ. Олай болуы мүмкін емес. Үшіншіден, оның себебі уран секілді қазба байлыққа қатысты болу мүмкін. Оны әрі зерттеп көру керек. Мұны туристерге ұсыну үшін біздің оның адам денсаулығына ешқандай әсері жоқтығына көзіміз жетуі керек. Өткен аптада суын алып, арнайы тексеруге жібердік. Қорытындысын алсақ, негізі ол жерде радиация жоқ. Жалпы, оның зияны туристке ғана емес, жергілікті тұрғындарға да тимеуі керек. Ғылыми тұрғыда адам денсаулығына кері әсері болмаса, қайта емдік су екені дәлелденсе, қолға алатын боламыз.
Қалай болғанда да жұрт өз бетінше сенім-нанымымен барып түсіп жүрген ыстық су, жылы сулар сыртқы туризмді қалыптастыра алмайды. Өйткені бізге келетін еуропалықтар ғылыми дәлелденбеген нәрсеге сене бермейді. Керісінше, туризмге зияны тиюі мүмкін. Сондықтан ғылыми дәлелі болмаса оларға көрсетпеген абзал. Егер ғылыми дәлелденсе, медицинамен байланыстырып дамытуға, туристерді шақыруға да болады.
А.ДОС