Нәрестенің тамақтануы
Бала емізу
Бала емізу адамзаттың ежелгі заманнан бері ұстанып келе жатқан және денсаулыққа өте пайдалы дәстүрлерінің бірі. Қазақтың «Ана сүті – бал» дегеніндей, адам өмірінің алғашқы 6 айы ішінде ана сүтіне тең келер ешбір ас жоқ. Себебі:
- Оның құрамында нәрестенің дені сау әрі күшті болып өсуіне қажетті нәрлі заттардың барлығы бар;
- Ана сүті оңай қорытылады;
- Сүтте алғашқы айларда нәрестені қабынулардан (инфекциялардан) сақтайтын иммундық заттар бар;
- Ана сүті әрқашан таза;
- Ол әрдайым керекті жылылықта;
- Ол тегін;
- Ол аллергия туғызбайды;
- Емізгенде ана мен бала ерекше жақындық пен қауіпсіздікті сезінеді.
Қалай емізу керек?
Күндіз болсын, түнде болсын, балаңызды қарны ашып емшек сұраған сайын емізетін болыңыз. Жас нәрестелер, әсіресе алғашқы айларда, әр 1-3 сағат сайын емгісі келіп тұрады. Нәресте қашан және қанша уақыт емгісі келсе, сонша емізіңіз. Ол емген сайын емшектегі сүт бітіп қалмайды, қайта түзіле береді. Алғашқы айлардан кейін, балаңыздың біртіндеп әр 3-4 сағат сайын емуге көшетінін байқайсыз.
Ана сүтінің құрамы емізген кезде өзгеріп отырады. Алдымен шыққан сүттен гөрі бірнеше минуттан кейін шыға бастайтын сүт майлырақ болады. Нәресте осы майға өте мұқтаж. Сондықтан емізгенде ол алдымен бір емшекті еміп босатсын. Тоймаса, екінші емшекті ұсыныңыз. Келесі рет емізгенде, балаға соңғы рет еміп тауыспаған немесе (егер тауысқан болса) ембеген емшекті беріңіз. Осылайша сіз емшектің екеуін де жүйелі түрде босатып отырасыз.
Баланы қалай ұстау керек?
Баланы емізгенде ол қиналмай еміп, жұта алатындай ұстаңыз. Өзіңіз де ыңғайланып отырыңыз немесе жатыңыз. Сонда сүт жақсы шығады. Баланың басын қолыңызға қойыңыз. Оның басы мен денесі түзу болсын.
Баланы емшекке жақындатып, ұшымен оның үстіңгі ернін қытықтаңыз. Ол аузын кеңірек ашқанша күте тұрыңыз. Содан соң емшекті салыңыз. Емшектің ұшы ғана емес, айналасындағы қоңыр дөңгелектің біраз бөлігі де оның аузына кіруі керек.
Бала емізу өзіңізден де, сәбиіңізден де табандылық пен төзімділікті талап етеді. Оған үйрену үшін сізге де, нәрестеңізге де уақыт және жаттығу керек. Бұл өзінен-өзі бола қалмайды. Қажымаңыз, табысқа жетесіз! Ақыр соңында емізуді үйренбей кететіндер кемде-кем.
Емшек күтімі
Сүт шыға бастағанда (екінші, үшінші күндері) емшек көбіне қатайып, іседі. Бала емшекті дұрыс еме алмай, оның ұшы жарылып немесе ауыра бастауы ықтимал. Сол кезде азырақ емізгіңіз келуі мүмкін, бірақ олай етсеңіз сүт те азырақ бөлінетін болады.
Сіздің былай істегеніңіз жөн:
- Мүмкіндігінше емізуді бала туғаннан кейінгі алғашқы сағаттан бастаған дұрыс.
- Балаңызды дұрыс ұстаңыз;
- Егер емшегіңіз қатайып, нәрестеңіз жақсы еме алмай тұрса, аздап сауып тастаңыз, жұмсарған емше енді балаға сорғызуға болады;
- Емізіп болғаннан кейін азғантай емшек сүтін емшек ұшына, оның айналасына жағыңыз, сосын шикі қырыққабат (капуста) жапырақтарын сол жерлерге басыңыз.
Емшектің қабынуы
Егер емшектің ісігі басылмаса, бұның себебі мынау – сүт емшектің ұшындағы сүт шығаратын жолдардың бірі немесе бірнешеуі арқылы өте алмай жатыр. Емшегіңіздің бір бөлігі ісіп, қатайып ауыра бастайды, жиі қызу көтеріледі (37,5°-тан жоғары). Мұндай қабыну мастит деп те аталады.
Сіздің былай істегеніңіз жөн:
- емізер алдында қабынған емшекке қайнаған жылы суға малынған таза шүберек басыңыз;
- әсіресе ауырып тұрған емшекті емізуді жалғастыра беру өте маңызды. Оның сүті балаға еш зиянды емес;
- бала еміп жатқан кезде емшектің ісініп қатайған жерін ұшына қарай жайлап сипалап, уқалаңыз;
- сүт емшектің барлық бөліктерінен де шыға алу үшін әр түрлі қалыпта отырып не жатып емізетін болыңыз;
- егер мүлдем емізе алмасаңыз, сүтті қолмен сығып шығарыңыз немесе «жылы бөтелке» әдісін қолданыңыз;
- киіміңіз кең болсын, мүмкіндігінше көбірек демалыңыз;
- емшектің қабынуы көп жағдайда бір тәулікке созылады. Егер қызуыңыз көтеріліп (37,5° не одан жоғары), ол бір тәуліктен ұзаққа созылса, дәрігермен байланысыңыз.
Бала емізіп жүрген кездегі тамақтану
Босанудан сауығып, нәрестені қамқорлап, басқа да қажетті істерді орындай алу үшін ішкен тамағыңыз жақсы және әр түрлі болуы керек. Басында көбірек, күніне 3-5 л, сұйықтық ішіңіз, кейін өз қажетіңізге қарай болсын. Осының ең аз дегенде 2 л сүт тағамдары болғаны абзал (сүт, айран, сүзбе, йогурт т.б.). Ана не ішіп-жесе, сол баласына да сүтпен барады. Ересек адамдардай, нәрестелер де кейбір тағамдарды жақсы қорытпайды. Мысалы, капуста немесе ащы дәмдеуіш қосылған тамақ нәрестенің ішін кептіріп ауыртуы мүмкін. Тамақтың басқа түрлері (апельсин, жидектер) кейбір сәбилердің денесін бөрттіріп жібереді. Әр бала тағамды әрқалай қабылдайды. Сондықтан не жеп жүргеніңізге әрі оның балаңызға қалай әсер еткеніне әрдайым көңіл аударатын болыңыз.