Ең аз ұйықтаған адамдар
Адам күніне 8 сағат ұйықтауы тиіс. Бұл – қазіргі медицинаның дәлелдеп берген нормасы.
Ресей Ғылым Академиясының нейрофизиология институтының зертхана жетекшісі Владимир Дороховтың айтуынша, аз ұйқы адам ағзасына үлкен зиян әкеледі әрі тарихи тұлғалар аз ұйықтаған деп, оларға еліктеу ақылға сыйымсыз.
- Наполеон, Александр Македонский, Черчилль, Маргарет Тэтчер аз ұйықтаған адамдар дейді. Бұлардың арасында тек Тэтчердің ғана аз ұйықтағаны дәлелденген. Өйткені Тэтчер – гені бөлек адам, аз ұйқыға бейімделген ген. Мұндай адамдар 4 сағат ұйықтап, ағзасын қалпына келтіріп алады. Бірақ ондай генді басқа адамдардан табу қиын. Оған еліктеудің қажеті жоқ. Бұл қасқыр мен итті салыстырумен бірдей факт. Екеуінің гені бір-біріне мүлдем ұқсамайды, - дейді ғалым. Ғалымның айтуынша, ұйқысы азайған адамның денсаулығы да нашар болады. Тіпті, өлімге апаруы мүмкін. Аз ұйықтаған адамның өмірі 10-15 жылға дейін қысқарады.