Отопластиканың зияны бар ма?
Құлақ бет-әлпеттің ажары ғана емес, қоршаған ортамен байланыс орнатудың маңызды мүшесі болып саналады. Әр адамның құлағы әр келкі болып келеді. Бірінде үлкен, бірінде кіші, енді бірінде екеуі екітүрлі болады. Солардың ішінде көзге оғаш көрінетіні – қалқанқұлақтар. Әсіресе балалар арасында салпаң құлақтар жиі кезедседі. Құлақтың үлкендігі ешқандай ақауға жатпайды. Дегенмен есту мүшесінің қалқиып тұрғанын қаламайтынымыз анық. Бұл мәселені қазіргі таңда пластикалық отаның көмегімен түзетуге болады. Құлақтың пішіні мен көлемін өзгерту медицинада отопластика деп аталады.
Кім, қашан, қалай?
Отопластиканың тарихы б.з.д 800 ғасырдан бастау алады. Ежелгі Үндістанның дәрігері Сушрута шәкірттерімен бірге алғаш рет құлақты түзетудің әдісін зерттеген. Үнділік оқымысты құлақ қана емес ерін, мұрын, сыртқы жыныс ағзаларына пластикалық ота жасаудың жолын білген. Бұл туралы Сушрута-самхита трактатында баяндалған. Еуропада құлақ коррекциясының негізін неміс ғалымы Иоганн Фридрих Диффенбах қалады. Ал қазіргі отопластиканың дамуына Гарольд Гиллис себепкер болды. Хирургтың атағы бірінші дүние жүзілік соғысы кезінде шыға бастады. Ол майдан даласында снаряд жарылысынан жағын жұлып әкеткен сарбаздың жағын қайта келтірген. 1920 жылы ол алғаш рет есту мүшесінің сыртқы қаңқасын сақтай отырып қалқанқұлақты кішірейту операциясын жасайды. Сондай-ақ Гиллис медицинада алғашқы болып құлақ шеміршегін пациенттің қабырға шеміршегінен алып толықтырды. Алайда бұл ота сәтсіз шыға берді. Өйткені алмастырылған шеміршек көп ұзамай инфекция түсудің салдарынан жарамай қалатын. Инфекциямен күрес Гарольдтің заманында қазіргідей дамымаған-ды. XX ғасырдың соңында құлақ қалқанын қалпына келтірудің заманауи тәсілі – лазерлі отопластика қолданысқа ене бастады. Лазердің көмегімен құлаққа 1989 жылы ота жасаған алғашқы пластикалық хирург ресейлік Рауф Ашрафов болатын. Бүгінгі күні құлақты пластикалық түзетудің 170-тен астам түрі қолданылады. Ең жиі жасалатыны – салпаң құлақты кішірейту.
Операция қалай жасалады?
Қалқанқұлақ ең көп таралған косметикалық кемшілік болып саналады. Бұл туа біткен ерекшелік құрсақта даму кезеңінде қалыптасады. Медициналық тұрғыда ересек кезде қалқанқұлақты тек хирургиялық жолмен жөндеуге болады. Жалпы құлақ 3 бөлімнен тұрады: сыртқы, ортаңғы және ішкі құлақ. Сыртқы құлаққа құлақ қалқаны, мен сыртқы дыбыс жолы жатады. Құлақ қалқаны ауадағы дыбыс тербелістерін құлақтың ішіне бағыттайды. Сыртқы дыбыс жолдарының ішкі шеті жұқа, тығыз, керілген дабыл жарғағымен бітеді. Сыртқы дыбыс жолдары арқылы дыбыс толқындары дабыл жарғағына, содан соң ортаңғы құлаққа өтеді. Дабыл жарғағы сыртқы құлақты ортаңғы құлақтан бөліп тұрады.
Отопластика тек сыртқы бөлікке жасалатындықтан қауіпсіз болып саналады. Ол құлақ қалқаны үлкендерге кейде түрлі жағдайлармен қалқаны жарақат алғандарға жасалады. Дәрігерлер көп жағдайда құлақ пішінін бала кезде (6 жастан асқан) жасатуға кеңес береді. Себебі бұл кезеңде ота сәтті жасалып, оңалту шаралары ұзаққа бармайды. Одан бұрын қалқанқұлақтық баланың психологиясына кері әсері етеді екен. Бала қатарластары, достарының арасында мазақтау, кемсітуге ұшырауы мүмкін.
Операция алдында пациент анализ тапсыруы тиіс. Егер қарсы көрсетілімдер болмаса хирург құлақтың пішінін анықтап алады. Ота үстеліндегі адамға жалпы немесе жергілікті наркоз жасалғанан кейін құлақ қалқанының артқы бөлігі кесіледі де құлақ қалқанын бассүйекке жақындатады. Отаның үш түрі бар: эстетикалық (құлақ пішінін өзгерту), реконструктивті (құлақ қалқанын қайта жасау немесе қалпына келтіру), декоративті (үшкір құлақты түзулеу). Мұны дәрігерлер Эйфель құлақтары деп атайды екен. Операцияның ұзақтығы шамамен 50-60 минутқа жалғасады. Отадан кейінгі тыртықтар білінбей қалады. Оған қоса қазіргі уақытта өздігімен жоғалатын тігістер қолданылады. Егер мұндай тігіс қолданылмаса 8-10 тәуліктен кейін жіп алынуы керек. Шеміршек қажетті қалыпқа келгенше құлаққа арнайы бандаж немесе таңғыш кигізіледі. Пациент оны бір ай бойы тағып жүруі тиіс. Отадан кейін құлақтың кесілген тұсы бір-екі күн ісініп жүруі мүмкін. Жаңа құлаққа ие болған балаларды ауруханадан төрт күнде, ал ересектерді бірнеше сағаттан кейін шығарады.
Отопластикадан кейін балалардың құлағы бойымен бірге өсе береді. Егер хирургиялық жолмен емдеуден қорықсаңыз, қазірде құлақ шеміршегін лазермен түзету әдістері де қарастырылған. Әдемі құлаққа қол жеткізу сіздің қалтаңызды 200-ден 400 мың теңгеге дейін қағады.
Отоплатиканың зияны бар ма?
Құлақ пішінін өзгертетін пластикалық операцияны барлық адам жасата алмайды. Мамандардың айтуынша суық тиюдің жіті жедел ауруларында, соматикалық дерттерде, жүрек ақауында, қант диабетінде, құлақтың созылмалы инфекциялық ауруларында, қан айналым дұрыс болмаған жағдайда және онкологиялық аурулар кезінде отопластика үзілді-кесілді жасалмайды. Сонымен қатар алты жасқа дейінгі балалардың құлағына мүмкіндігінше пышақ тигізбеген абзал. Бұл жасқа дейін баланың құлағы әлі де өсу және қалыптасу үстінде болады. Тағы бір айта кетерлігі әйелдердің етеккірі кезінде процедураны жасау өте қауіпті.
Ақ желеңділер отопластиканың адам денсаулығына еш зияны жоқтығын айтады. Ол есту қабілетіне және өзге де құлақ ауруларына алып келмейді. Егер пациент операциядан кейін оңалту шараларын толығымен сақтаса, дәрігердің тағайындаған дәрілерін уақытылы ішіп жүрсе асқынулар болмауы тиіс. Дәрігерлер әдетте отадан кейін ультракүлгін сәулелерді қабылдамауға (күнге күймеуге) және суық тигізіп алмауға кеңес ебереді. Әйтсе де ұқыпсыз дәрігер мен санитарлық жағдайлар сақталмаған процедурадан кейін бірқатар қиындықтар кездесуі мүмкін. Ол – құлақ пішінінің ойдағыдай шықпауы, құлақ көлемінің екі түрлі болып қалуы және ота жасалған аймаққа инфекцияның түсуі. Тоқал ешкі мүйіз сұраймын құлағынан айырылыпты дегендей әлемде сәтсіз шыққан пластикалық оталарға мысалдар жеткілікті. Сәтсіз операциядан екінші мәрте пышаққа түсу кімге де болсын оңай тимейтіні анық.
Құлақты отасыз жөндеуге болады
Жатырдағы шарананың сыртқы құлақ пішіні алғашқы триместрде, ал ішкі құрылысы алты айдан кейін қалыптаса бастайды. Сондықтан шақалақтың қалқанқұлақтығы туыла салысымен білінеді. Оны түзетуді алғашқы күннен бастаған жөн. Егер ата-ана осы мәселеге ден қойса, мұны отасыз шешуге де болады.
6 айға дейін сәбидің құлақ қалқаны арнайы силикон пішіннің көмегімен дұрыс қалыптасады. Мұндай қысқышты сәбиге жарты жыл тағып жүру керек болады. Емшектегі баланың шеміршегі түзетуге келетіндіктен, салпаң құлақ мәселесі ауыртпай және тиімді шешіледі. 5-7 жастан аспаған баланың да салпаң құлағын аздап түзетуге болады. Ол үшін оған әрдайым, әсіресе түн мезгілінде, құлағын басына қарай тартып тұратын арнайы созылмалы байлауыш, үшкіл орамал немесе жұқа қонымды бас киіп кигізіп қою керек. Негізінен құлақтың қалқаны мен бастың арасы 30°, ал бассүйек пен құлақтың шеті 2 сантиметрді құрауы керек. Бұл қалыпты, сау құлақтың көлемі.
Құлақ комплексінен арылу
Қалқанқұлақты бет әлпеттің кемшілігі деп емес, иесіне ерекшелік беріп тұратын сүйкімділік ретінде қабылдауды үйрену керек. Көбіне қалқиған құлақ тіпті жарасады да, әсіресе, егер шаш үлгісі жақсы таңдалған болса. Мысалы, голливудтық актер Уилл Смит, танымал сәнбике Наталья Водянова, Джулия Робертс, Эмма Уотсондардың құлағы мінсіз деуге келмес. Дегенмен жұлдыздарға бұл ерекшелік танымал және табысты болуға кедергі келтірмейді. Қазақ тұлғаларының ішінде де құлағының пішінімен ерекшелетін жандар көп. Атап айтсақ, вальс королі Шәмші Қалдаяқов пен атақты композитор, дирижер Нұрғиса Тілендиев отопластикасыз-ақ әр қазақтың жүрегінен орын ала білді.