Америкалық дәрігерлер соңғы стадиядағы ракты жазуға болатынын дәлелдеді

Oinet.kz 26-06-2018 2755

АҚШ ғалымдары сүт безі рагінің соңғы стадиясымен ауырған әйелдің өмірін жаңа әдістің көмегімен құтқарып қалды. Бұл туралы BBC News агенттігі  хабарлады. Жаңа терапияны қолданған медиктер науқастың денесіне 90 миллиард иммундық клетка жіберді.

Screenshot_66.jpg

Бұдан екі жыл бұрын дәрігерлер Джуди Перкинске енді үш ай ғана өмір сүресің деген болатын. Алайда қазір оның бойында рактың ізі де қалмаған. АҚШ Ұлттық рак институты зерттеу тобының айтуынша, жаңа әдіс әзірге эксперимент ретінде қолданылғанымен, болашақта ол рактың барлық түрлерін емдеу ісіне өзгеріс әкелуі мүмкін.

Флорида тұрғыны Джуди Перкинстің ауруы денеге таралып, қолданыстағы әдістермен емдейтін кезеңнен өтіп кеткен сүт безі рагы болатын. Оның бауырындағы ісік теннис добының көлеміндей еді.

«Терапиядан үш апта өткен соң бірдеңе сезіне бастадым. Кеудемдегі ісік кішірейді. Тағы бір-екі аптадан кейін ол толықтай кетіп қалды», - деді Перкинс.

Джуди процедурадан кейін алғаш рет сканды көрген кезде дәрігерлердің қатты қуаныштан секіргенін айтады. Сол кезде оған рактан жазылуы мүмкін екенін жеткізген. Бүгінде Джуди ел аралап, теңізде каякпен сырғанап жүр. Ал жақында бес күндік сапармен Флориданы аралап шықты.

Тірі терапия

Джудиге қолданылған «тірі дәрі» атты технология пациенттің өз клеткаларынан жасалды. Мұнымен ракты зерттеу бойынша әлемдегі ең беделді орталықтардың бірі айналысты. Ұлттық рак институты хирургия бөлімінің меңгерушісі, доктор Стивен Розенберг бұл әдіс пациенттің жеке ерекшеліктерін басшылыққа алу негізінде жасалғанын айтады. Жаңа әдіс әлі де сынақ деңгейінде, сондықтан кеңінен қолдануды бастау үшін әлі көптеген сынақтар жасалуы қажет. 

Иммундық жүйе ракты табуы үшін пациенттің бойындағы ісікке генетикалық талдау жасалады, ол үшін денедегі мутациялар анықталуы тиіс.

Ғалымдар Джуди Перкинстің бойындағы 62 аномалияның төртеуін ғана қолданды. Одан кейін шабуыл басталды. Пациенттің иммундық жүйесі былай да ісікпен күреседі, бірақ қандағы ақ клеткалар (лейкоциттер) рактан жеңіледі. Ғалымдар пациенттің бойындағы лейкоциттерді талдап, олардың ішінен ракқа шабуыл жасай алатындарды таңдайды.

Сосын зертханада лейкоциттер орасан көп етіп өсіріледі.

49 жастағы Джуди Перкинстің денесіне 90 миллиард шамасында осындай клеткалар құйылды.

«Ракты тудыратын мутациялар енді оның әлсіз жеріне айналды» дейді доктор Розенберг.

«Парадигмаларды өзгерту»

Бұл бір ғана пациентті емдеудің нәтижесі. Әдістің тиімді екені расталуы үшін көптеген зерттеулер жасау керек.

Иммундық терапияны қолданудағы бір қиын нәрсе, ол пациенттердің аз бөлігіне керемет әсер етеді, ал басым бөлігінде нәтиже бермейді.

«Бұл әлі эксперимент деңгейінде, біз мұны қолдануды енді ғана үйреніп жатырмыз, ал келешекте ол рактың кез келген түріне қолданылуы ықтимал», - дейді доктор Розенберг.

«Жасайтын жұмыс әлі көп. Бірақ ракты емдеуде парадигманы әр пациентке өзіндік препарат жасауға қарай бұратындай потенциал бар. Бұл емдеудің мүлдем өзге түрі».

Мақаланың толық нұсқасы Nature Medicine журналына жарияланды.

Жаңа әдістің нәтижесіне қатысты пікір білдірген Breast Cancer Now ұйымы ғылыми зерттеулер бөлімінің жетекшісі доктор Саймон Винсент зерттеу әлемдік стандарттарға сай екенін айтты.

«Біздің пікірімізше, бұл ғаламат нәтиже. Бұл иммундық терапияның ең кең таралған ракқа қалай әсер ететінін көруге мүмкіндік берді» деді ол BBC тілшісіне.

Үйдің тым таза болуы бала денсаулығына қауіпті
Қатерлі ісік. Химиотерапия деген не?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу