Ішімдікқұмарлардың аурулары да көп болады

Oinet.kz 15-04-2018 797

Оңтүстік Қазақстан облыстық клиникалық ауруханасында Оңтүстік Кореядан келген дәрігерлер жергілікті мамандарға шеберлік сыныбын өткізді.  Үшінші мегаполиске профессор, хирург Ким Ён Джин, уролог Ким Дже Хон, «Сунчонхян» клиникасының  халықаралық бөлімінің директоры Пак Мин Кук келді. 

Screenshot_28.jpg

Шетелдік мамандар бариатрия, асқазан рагі, жоғары ішек-қарын жолдарының аурулары, простатит, несеп-жыныстық ауруларының заманауи емдеу тәсілдерін айтады. Тәжірибелерімен бөліскен дәрігерлер сондай-ақ науқастарға тегін кеңес берді. Білікті мамандардың кеңесін алуға келген халықтың қарасы көп болды. 

Әр саланың жетекші маманына арнайы бөлме берілген. Профессор Ким Дже Хоннан кеңес алған тұрғынның бірі – 39 жастағы Боранбай. Бүйрегі сыр беріп, несеп шығаруы қиындаған соң дәрігерге көрінуге бекініпті. Ал ауруханада пациенттерді шетелден келген білікті ақ халаттылардың қабылдап жатқанын естігенде тіпті қуаныпты. Уролог науқасқа простатитке ерте шалдыққанын ескертті. Себебі бұл ауру көбінесе қырықты алқымдап елуге жақындаған еркектерде көп кездеседі екен. Дәрігер азаматқа қажетті ем-домды алуға кеңес берді.

Ерлер арасындағы несеп жолдары, простатит және аденома дертінің дендеуі салауатты өмір салтын ұстанбаудан дейді шетелдік дәрігерлер.  

– Қуықасты безінің несептасы, простата-аденома ауруларының пайда болуына сыртқы климаттық жағдайлар себеп болады. Суық су мен алкогольді ішімдікті көп тұтынатын тұрғындарда бұл аурулар көп кездеседі. Сондай-ақ бір жерде ұзақ отырып жұмыс істейтін адамдарда ауру асқынып кетеді. Сондықтан қанша жұмысбасты болса да спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстану қажет, – дейді профессор Ким Дже Хон.

Күні бойы науқастарды қабылдаған профессор Ким Ён Джиннің айтуынша, Оңтүстік Кореяда көптеген мемлекеттердегідей онкологиялық аурулар бірінші орынға шыққан. Дегенмен, ол жақта қатерлі ісікті емдеу ісі әлдеқайда жоғары дамыған. Онколог Шымкентке өткен жылы да келіп ауыр науқастарға ота жасаған болатын. 

– Жергілікті мамандардың біліктілігіне сын айта алмаймын. Өйткені олардың қолынан келмейтін нәрсе жоқ. Өте алғыр. Тек ауруханада қатерлі ісік ауруларына жасалатын отаға қажетті заманауи аппараттар, құрал-жабдықтар жеткілісіз. Қолбайлау болып тұрған осы ғана, – дейді күнгейлік әріптестеріне ризашылығын білдірген дәрігер. 

Озық технология, білікті мамандарымен әлемге танылған «Сунчонхян» медициналық орталығы  екі жылдан бері қайырымдылық шараларын жүргізіп келе жатқан көрінеді. Бұған дейін орталықтың ақ халаттылары көптеген елдерді аралап, қарапайым тұрғындарға ем жүргізіп, ота жасаған.  Ал өткен жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен Оңтүстік Кореялық дәрігерлер арасында екіжақты меморандум түзілген. Құжат бойынша былтырдың өзінде 6 жергілікті ақ халатты Корей еліне барып, біліктілігін арттырып келді. Келесі жылдан бастап біліктілігін арттыруға тағы 8 маман Сеулге жіберілетін болады. 

– Былтыр Кореяға барып оқып келген 6 дәрігеріміз осында тәжірибелерін жүзеге асырып, заманауи технология негізінде 17 ота жасады. Оның алты операциясы шетелдік профессорлардың қатысуымен жасалды. Жалпы тәжірибе алмасу – медицина саласына аса қажетті, тиімді тәсіл. Бұл байланысты әрі қарай нығайта бермекпіз, – дейді аурухананың бас дәрігері Марат Пашимов. 

Екіжақты келісімнің шеңберінде Сеульде шеберлігін шыңдап келген жас маманның бірі – Бағдат Дүкенов. Білікті уролог шетелдік әріптестерінен роботты хирургия және лапороскопиялық ота жасаудың қыр-сырын меңгеріп келді. Енді үйренгенін өзге әріптестеріне де үйретіп жүр.

Әріптестік байланыс Оңтүстіктің медицинасын алға сүйрейтініне біздің де сеніміміз мол. 

Сейтжамал Пәкеев: «Кәсіби мамандарды өзімізде даярлаймыз»
Аяғы ауыр екенін білмей қыз босанған 17 жасар бойжеткен
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу