Сейтжамал Пәкеев: «Кәсіби мамандарды өзімізде даярлаймыз»

Oinet.kz 15-04-2018 835

Screenshot_27.jpg

Сейтжамал Пәкеев, Шымкент жоғары медициналық колледжінің директорыҚазақстанның 10 медициналық колледжі, оның ішінде 2016 жылы – 6, 2017 жылы 4 оқу орны жоғары медициналық колледж болып қайта құрылған болатын. Бұл тізімде 88 жылдық тарихы бар Шымкент жоғары медициналық колледжі де бар. 

«Жоғары» мәртебесіне ие болған оқу ордасының білім беру сапасы да жыл санап өсіп келеді. Колледж директоры Сейітжамал Пәкеевтің айтуынша  оқу орындарында фин сарапшыларының қатысуымен әзірленген «Медбикелік іс» мамандығы бойынша қолданбалы бакалавриат бағдарламасы енгізілмек. 

– Қазақстанның Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі «Медбикелік іс» мамандығы бойынша қолданбалы бакалавриатты енгізу бойынша жобаны жүзеге асыруды 2014 жылы эксперименталды тәртіпте 6 мемлекеттік медициналық колледж базасында бастаған болатын. Еліміздің денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында министрліктің  мамандары JAMK және Lahti (Финляндия) қолданбалы ғылымдар университеттеріндегі әріптестерімен бірлесе отырып Қазақстандағы медбикелік білім беру жүйесін жетілдірудің 2016-2019 жылдарға арналған жол картасын жасады. Қолданбалы бакалавриат бағдарламасы еуропалық директиваларға сай дуалды білім беру қағидаларын қарастырады. Оның ішінде оқу сағаттарының 60-70 пайыздан кем емес (оқу мерзімі 3,5 жыл) көлемінде білікті тәлімгердің басшылығымен емханалық базада өндірістік практиканы жүзеге асыру да бар. Аталған бағдарлама Еуроодақ елдерінде кеңінен таралған, сонымен қатар, практикалық әзірлігі басым жоғары білікті медбикелерді даярлауға бағытталған, – дейді Сейітжамал Орынбасарұлы. 

Келесі жылдан бастап колледж «Қолданбалы бакалавриат» мамандығы бойынша талапкерлерді қабылдауды жоспарлап отыр. 

Өңірдегі үздік колледждің жаңашылығы мұнымен тоқтап қалмайды. 2017-2018 жылғы оқу жылынан бастап білім ұясы «медициналық техниканы монтаждау, техникалық қызмет көрсету және жөндеу» мамандығы бойынша жастарды оқытуда. Қазір жаңа мамандық бойынша 16 студент білім алуда. 

– Бүгінде барлық медицина мекемелері заманауи құрал-жабдық, аппараттармен қамтамасыз етілген. Цифрлы аппараттардың барлығы шетелде өндіріледі. Сондықтан олар бұзылған кезде жөндейтін мамандарды біздің елден табу қиынға соғады. Облыстағы медициналық ұйымдардағы медициналық құрал-жабдықтарға медициналық қызмет көрсету мамандарының тапшылығы сезіле бастады. Электромеханиктерді қыруар қаржы төлеп шетелден шақыртуға мәжбүр болдық. Енді бұл олқылықтың орнын мамандарды өзімізде даярлау арқылы толтыра аламыз. Алдағы уақытта осы мамандық бойынша тәжірибелік шеберліктер мен дағдыларды қалыптастыруға арналған шеберхана тұрғызуды жоспарлап отырмыз, – дейді директор. 

Тәжірибе демекші, Шымкент жоғары медициналық колледжі өңірдегі муляж, фантомдармен қамтамасыз етілген симуляциялық орталығы бар бірден бір оқу орны. 2014 жылы колледжің кешенді бағдарламасына сәйкес ашылған орталық жергілікті компьютерлік желімен және оқу мониторингі жүйесімен жабдықталған. Соның арқасында оқу үрдісі мен практикалық дағдыларды шыңдау барысы түгелімен оқу кабинеттерінде орнатылған бейнекамераларға жазылып, симуляциялық жаттығуларды орындау барысында оқушылардың игерген тәжірибесі талдауға түсетін дебрифинг залында көрсетіледі. 

Симуляциялық орталықтың жетекшісі Жанар Биботаева орталықтың жұмысымен таныстырды. Мұнда педиатрия, мейірбикелік технологиялар І, ІІ (ине егу және ас қорыту жүйесінде бұзылыстары бар науқастарға күтім көрсету), апат медицинасы, босану палатасы, әйелдер консультациясының қарау бөлмесі, ішкі аурулар  пропедевтикасы бойынша тәжірибелік дағдылар бойынша жаттығуға арналған компьютерлік білім беруші жүйе, таза таңу бөлмесі, стандартталған науқастар палатасы, мейірбикелік емшаралар кабинеті (клизма қою), дебрифинг залы бар. Мәселен, босану палатасында студенттер жүкті келіншекті босандыра алады екен. Жүкті манекен дыбыс шығарып, сөйлей де алады. Болашақ акушер босандыру барысында қателік жіберген жағдайда манекеннен қызыл, ал процесті дұрыс орындаған кезде жасыл түс жанады. Пациент босанғаннан кейін студенттер  шақалақтың кіндігін кеседі. Бұл кезде манекен-нәресте жылап дыбыс береді. 

Келесі бөлмеде палата жабдықталыпты. Палатада екі науқас жатыр. Бірі отадан шыққан, екіншісінің жағдайы орташа. Ақ халаттылар науқастарға күтім жасауды осында үйренеді. 

Тағы бір бөлмеде шақалақтар жатыр. Педиатрлар баланың салмағын, бойын өлшеп, алғашқы карталарын толтыруға машықтанады. 

Бір сөзбен айтқанда, манекен, симулятор-роботтардың жаны жоқ демесеңіз. студенттер кәдімгі тірі науқасқа ем-дом жүргізгендей әсер қалдырады. 

– Симуляциялық орталық заманауи механикалық тренажерлармен, муляждармен, фантомдармен, манекендермен, сонымен қатар науқастың симулятор-роботтармен жабдықталған. Осының арқасында  науқаспен жұмыс жүргізудің практикалық икемдерін шыңдап, болашақ маманның клиникалық ойлау қабілетін пысықтауға мүмкіндік бар. Оқу үрдісі клиникалық пәндер оқытушыларымен, орталық қызметкерлерінің тікелей қатысуымен іске асырылады, – дейді Жанар Тоғайбайқызы. 

Шымкент жоғары медицина колледжінде бүгінде 7 мамандық 8 біліктілік бойынша 1632 студент білім алуда. Осы уақытқа дейін колледж қабырғасынан шыққан түлектердің жалпы саны 29  мыңға жуықтайды. 

Биік өкше көптеген ауруларға себеп
Ішімдікқұмарлардың аурулары да көп болады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу