Діни рәсім ауру таратты
Әдетте ауру адамды және мемлекетті таңдамайды. Дегенмен жер бетінде тек бір ғана елде кездесетін кеселдің де түрлері бар екен.
Куру деген атпен жайылған ауру Жаңа Гвинеядағы фор тайпасының атын әлемге жайды. Каннибалистердің дәстүрі мен өмір сүретін тайпаны жайлаған емі жоқ ауру көптеген зерттеушілерді қызықтыра бастады. Кеселге шалдыққан адамның денесі қалтырап, басы шайқатыла береді. 10-16 аптадан кейін науқас мүлдем қимылдай алмай, соңы өліммен аяқталған. Әйелдер мен балалардың өмірін жалмаған кеселдің құпиясын ашуға құштарлық танытқан америкалық дәрігер Карлтон Гайдушек адамжегіш форлардың мекеніне 1957 жылы аттанады. Ежелгі дәстүрді қатты ұстанатын қара нәсілділердің тіршілігін зерттеген ғалым қорқынышты жайттарға куә болады. Тайпаның діни рәсімі бойынша адам қайтыс болғанда оның ет-жақын туыстары мәйіттің миын ашып жеу керек екен. Ондағы наным-сенім марқұмның ақылын иемдену, абыройына ие болу. Рәсімді халық алдында марқұмның әйелі мен балалары орындаған. Дәрігер куру ауруының туындауына дәл осы жиіркеншіті салттың себеп болғанын айтып, жаһанға жар салады. Фор тайпасының оқиғасы әлемге әйгілі болғасын каннибализмге тосқауыл қойылады. 1976 жылы Гайдушек сенсациялық жаңалығы үшін Нобель сыйлығымен марапатталады.