Спортпен айналыссаңыз да, дәрігермен кеңесіңіз...
Еркін Нұрғалиев, №1 Павлодар қалалық емханасының жоғарғы санаттағы хирург-дәргері
– Еркін Боздақұлы, жаз табиғат аясында серуендеуге, таза ауамен тыныстауға қолайлы мезгіл. Дегенмен, жазда қалай дұрыс тамақтанған, демалған жөн? Арнайы маманның кеңесіне құлақ түрсек...
– Жалпы жаз айлары нағыз демалатын уақыт. Күнге шығып, таза ауа, ағып жатқан өзен, міне, адамға керек барлық дүниелер осылар. Қыс мезгілінде ешқайда шықпай, үйге тығылсақ, жазда бәрі керісінше болуы керек.
– Өзіңіз денсаулығыңызды қалай күтесіз?
– Жағажайға барам, үйімнің қасында мектептің спорттық алаңы бар сонда жиі жүгіремін, дене шынықтыру жаттығуларын үзбей жасаймын.
– Таңғы жүгіру мен кешкі жүгірудің қайсысы пайдалырақ?
– Таңертең күннің шуағына бөленіп, жүгірген, шыныққан пайдалы. Тыныс жолдарына арналған жаттығулар өте керек. Кешкісін өзіңіздің қалауыңыз бойынша жасауыңызға болады. Бірақ, ағзаңызға көп күш салуға да болмайды. Рас, ағзамыздың резервтері көп. Соларды көбірек ашу керек. Жаяу жүрудің де жүрекке әсері мол.
– Күн көзінде қанша уақыт жүрген дұрыс?
– Күндізгі сағат 11 мен 15 аралығында күнде көп жүрмеуге тырысу қажет. Адам ағзасына күннің пайдасы да, зияны да бар. Сонымен қатар өте қатты ыстық болған уақыттарда сақтанып жүрген абзал.
– Спортпен қатар тамақтану жайлы айта кетсеңіз?
– Гиппократ «Қыстыгүні неғұрлым қоюлау тамақ ішу керек, жазда неғұрлым сұйықтау ішу қажет» деп айтқан. Қазіргі заманның басты зардабы – фастфуд өнімдері. Яғни, жылдам дайындалатын тағамдардан бас тарту қажет. Өзіміздің ертеден келе жатқан ақ тағамдарымызға ештеңе де жетпейді. Қазақтың айраны, қымызы, сүті, көжесі ағзаға пайдалы. Тамақ ішкен кезде мөлшеріне де мән берген жөн. Және да таңертеңгілік құнарлы тамақтану күні-бойы еңбекке деген қабілетті арттырады.
– Бұрын қазақтар дәрігерге тек қатты ауырған кезде бір-ақ келеді дегенді көп еститінбіз. Қазір ше, әлі сондай ма?
– Шынымен де сондай пікір қалыптасқан. Бірақ, қазір қуанатыным, тұрғындар ертерек келіп, қаралып, кеңестерімізге құлақ асып жатады. Сонымен қатар, адамның тұрмыс жағдайына да байланысты. Негізі жағдайы жақсы адамдар денсаулықтарын жиі тексертіп тұрады. Ал, тұрмысы төмен адамдар аса мән бермей жатады. Жағдайдың жақсы болуының өзі осы денсаулыққа байланысты ғой. Бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Дегенмен де, тексерілу үшін барлық жағдайлар жасалынған.
– Адам көбінесе қай жастан бастап ауруға бейім келеді?
– 47-64 жас аралығы деп айтуға болады. Осындай кезеңдерді қауіпті кезеңдер деп есептеймін. Спортпен айналысар кезде дәрігердің кеңесіне міндетті түрде жүгіну қажет. Адам ағзасында өзгерістер болады. Мейілінше күтініп, сақ болған негізі артықтық етпейді.
– Тағы қандай кеңес бересіз?
– Денсаулыққа бала кезден бастап мән беру керек. Салауатты өмір салтын ұстансақ, елімізде дені сау адамдардың қатары артады.Таңертең ерте тұрған кезде су ішкеннің пайдасы зор. Қарапайым ғана ерте тұрудың өзі, денсаулыққа оң әсерін береді. Дұрыс жаттығу мен тамақтану денннің саулығы үшін ең пайдалы істер болып табылады.
– Пайдалы кеңестеріңіз үшін көп рахмет!
Сұқбаттасқан Есенбек САНАТҰЛЫ