Қандай науқастар тегін емделеді?

Oinet.kz 08-11-2018 944

Науқас.jpg

Дені сау адам – қоғамның басты байлығы. Сондықтан болар Қазақстан медицина саласына айрықша көңіл бөліп келеді. Соңғы жылдары медициналық қызметтің өскендігі де байқалады. Дамыған 30 елдің қатарына кіруді мақсат тұтқан Қазақстан отандық медицинаны еуропалық талаптарға ұқсатуға тырысуда. Осы мақсатта биылғы жылдан бастап міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі енгізілмек. Медицинаның жаңа қадамын қазіргі таңда мамандар халыққа жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. 

ОҚО Денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастырумен, МӘМС ақпараттық түсіндіру жұмысы бойынша республикалық штабының мүшесі, Ұлттық нейрохирургия ғылыми орталығы директорлар кеңесінің төрағасы Бексұлтан Тұтқышев Шымкент қаласының тұрғындарына жобаның мән-мақсатын түсіндірді. Медицина ғылымдарының кандидаты Бесұлтан Серікбайұлының айтуынша жаңа жоба енгізілгеннен кейін бүкіл медициналық қызметтер екі-үш пакеттерге бөлінетін болады. Алдымен базалық, яғни барлық азаматтарға төтенше жағдайлар кезінде көмек, жедел-жәрдем қызметі, аурудың алдын алатын екпелер сияқты кепілдендірілген медициналық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, әлеуметтік маңызды аурулар: адамның иммунды тапшылығы вирусы, В, С вирустық гепатит, онкологиялық аурулар, қант диабеті, психикалық ауытқушылық, балалардың церебралды сал ауруы, алғашқы алты айдағы миокард инфаркті, ревматизм, орталық жүйке жүйесінің бірқатар аурулары және айналасына қауіпті саналатын жұқпалы дерт түрлерімен түскендер тегін қаралып, емделеді. Екінші, емханалық, стационарлық емдеу, оңалту шаралары мен паллиативтік күту, жоғары технологиялық көмек пен мейірбикелік көмек түрлері медициналық сақтандыру әлеуметтік қоры арқылы жүзеге асады. Қордың жұмысын мемлекет қадағалайды. «Халықтың медициналық қызмет көрсету сапасына көңілі толмайтыны рас. Неге біздің медицина Америка, Германиядағыдай сапалы емес деп жатамыз. Шындап келгенде Қазақстан денсаулық сақтау саласына жылына миллиардтап қаражат бөлуде. Шығыны ең көп сала осы медицина десек қателеспеймін. Бізде әрбір азаматтың ем-домы, қызметкерлердің жалақысы мемлекеттің мойнында. Егер Германия секілді әрбір азамат өз еміне қаржыны өзі жинақтайтын болса, әлбетте сапа жоғарылайды. Сондықтан биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап жұмыс берушілер  МӘМС-ға кірістің 2 пайызын, 2020 жылға дейін 5 пайызын жарна ретінде төлейді. Ал жұмыскерлер 2019 жылы айлығының бір пайызын, 2020 жылы екі пайызын сақтандыру қорына аударуға міндетті. Егер азаматтар аталған жарналарды төлемейтін болса ол 2020 жылы сақтандырылмаған болып шыға келеді. Сол себепті өз денсаулықтарыңызға немқұрайлы қарамаңыздар»,- дейді ол. Әлеуметтік әлсіз топқа жататындар: балалар, көп балалы аналар, соғыс ардагерлері мен мүгедектер, жұмыссыздар, интернат тәрбиеленушілері, студенттер, зейнеткерлер мен бала күтіміне байланысты еңбек демалысындағы әйелдер, сонымен қатар, әскери қызметкерлер, арнайы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының қызметкерлері Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарна төлеуден босатылады.

Мұрағаттан, 2017

Баланы бөтелкемен тамақтандырмаңыз
Ораза - барлық дертке ем
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу