Халқы еңбекқор ауыл
Ет экспортынан бірінші орында тұрған Түркістан облысы мал шаруашылығын аустралиялық тәсілмен дамытпақ. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баспасөз мәслихатында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мәлім етті.
«Түркістан облысы ет экспорты бойынша елімізде көшбасшы саналады. Экспорттағы ірі қара мал етінің 80 пайызы, яғни, 6,9 мың тоннасы, қой етінің 75 пайызы өңірімізге тиесілі. 4,7 мың тонна қой еті экспортталды. Аустралия елінің тәжірибесін қолданып, ет кластерін дамытуды жоспарлап отырмыз. Заманауи мал биржасы, бордақылау кешені, ет өнімдерін терең және қайта өңдеу бағытында 5 жобаны іске асыру көзделуде. Бұл бағытта 55 миллиард теңге көлемінде инвестиция салынып, 600 жұмыс орны құрылды. 35 мың тонна өнім шығарылады, – деді Дархан Сатыбалды.
Аймақта сүт өндірісін ұлғайту, өңдеу кәсіпорындарының қуаттылығын арттыру бойынша 2 ірі тауарлы сүт фермасы жобасы жүзеге асырылды (12,6 мың сүт ). Жобалардың құны – 7,8 миллиард теңге.
Сайрам ауылшаруашылығы жағынан алдыңғы қатардағы аудан болып саналады. Әсіресе, Қарабұлақ ауылынан әр күн сайын Қазақстанның өзге аймақтарына тонналап ет тасымалданады. Қарабұлақты атақты ауыл десе болады. Өйткені, бұл өңір бүкіл Қазақстанға жақсы таныс. Неге десеңіз, еліміздегі ет өнімінің отыз пайызын осы қарабұлақтықтар береді.
Қарабұлақта республика бойынша ең ірі мал базарынан бөлек қаладағыдай барлық жабдығы қамтылған медицина орталықтары, микроқаржылық ұйымдардың кеңселері, банктер, тіс емдеу орталықтары, көлік жөндеу, көлік жуу орталықтары, небір сауда орталықтары бар. Мұнда мемлекетке алақан жайып отырған жоқ. Тұрғындардың еңбекқорлығы соншалық ауладағы 10 сотық жерге бақша да егіп, бордақыға он-он бес шақты ірі қара да асырап, тірлігін дөңгелентіп отыр.
Қарабұлақ еліміздегі үшінші мегаполис Шымкент қаласының іргесіне тиіп тұр. Шымқаладан Алматы трассасына шықсаңыз болды, жартысағаттық жол.
«Қарабұлақ жетістіктерінің сыры – халқының еңбеккерлігінде. Біздің ауылда қолын қалтасына салып бос жүрген адамды көрмейсіз. Бірі егіс алқабының басында, бірі малдың соңында. Тіпті бес жасар балаға дейін таңғы төрт-бестерде тұру дағдыға айналған. Мұны жергілікті халықтың қанына сіңіп қалған ежелгі әдеті, менталитеті десе болады», – дейді Қарабұлақ ауылдық округінің әкімі Камилжон Абдилахатов.
Жалқаулық кедейлікке алып келеді, сондықтан еңбек еткеннің өнбегі артпақ дейтін қағидамен өмір сүретін Камилжон Абдушкурұлын ауыл халқы бірауыздан өздері сайлаған. Ауылдық округтегі жергілікті әкім сайлауына халықтың 87 пайызы қатысып, оның 82 пайызы қазіргі жаңа әкімге қос қолдап дауыс берген. Өйткені, Камилжон осы Қарабұлақ ауылының төл тумасы, осында бұғанасы қатпаған бала кезінен-ақ ауылдың тыныс-тіршілігін жатқа біледі. Әрбір тамырының бүлкілі таныс. Мәселені де бес саусағындай анық айта алады. Камилжон Абдилахатов 2004-2014 жылдары Қарабұлақ ауылдық әкімдігінде бас маман, әрі заңгер болып қызмет істей жүріп, ел қызметіне төселді. Осында қарапайым халықпен араласа жүріп, олардың мұң-мұқтажына құлақ түріп, проблемасын шешуді және басшылық берген тапсырманы тап-тұйнақтай орындауды үйренді.
2021 жылы 25 шілде күні Қазақстанның тарихында алғаш рет ауыл әкімдерінің тікелей сайлауы өткені белгілі. Ауыл әкімдеріне сайлаудың үгіт-насихат жұмыстары 14 шілдеде басталып, 9 күнге созылды. Республика бойынша өз лауазымынан босайтын 730 әкімнің орнына саяси партиялар және өз-өзін кандидат ретінде ұсынушы азаматтар тіркеліп, азаматтар өз ауылдарының көркеюі мен дамуы үшін таңдауларын жасайды.
Камилжон Абдилахатов та өзінің тәжірибесін сынаққа салып, белді бекем буып, нар тәуекелмен сайлауға түсті. Нәтижесі жаман емес, өзінің туа бітті қарапайымдылығы, жауапкершілікті мол сезінетін намысы, білікті, әрі істі аяғына дейін жеткізе білетін ұйымдастырушылығы, әрі атқарушылық қабілетін жоғары бағалаған қарабұлақтықтар Камилжонның кандидатурасын 2021 жылдың 24 желтоқсанында көпшілік дауыспен таңдады. Таза жеңіс деп осыны айтуға болады.
«Қарабұлақта халық саны 55 540 адам, үйлер саны 10 500. Халықтың көптігі жағынан Бәйдібек және Ордабасы аудандарын басып озады. Қарабұлақ ауылы демографиялық көрсеткіш жағынан да қарқынды. Сонымен қатар жылда шамамен 1700 бала туылады. Сонда әр жыл сайын бір жаңа мектеп салуды қажет етеді. Округте 16 мектеп, 6 жекеменшік мектеп, 1 гимназия және Д.Қонаев атындағы техникалық колледж бар. Көпшілік орынға арналған бір аурухана, 25 мешіт, 24 намазхана халыққа қызмет етеді», – дейді ауыл әкімі.
Қонаев атындағы колледжі моторист, дәнекерлеуші, краншы, көлік жүргізуші көбінде техникалық мамандықтарды дайындайды. Биылғы бітірген 125 түлектің барлығы жұмыспен қамтылды. Себебі, техникалық кәсіпке сұраныс бар.
«Отыз қыз баланы тігін цехына кіргіздік. Қазір бізде 3 тігін цех бар, олар әскери киімдер тігеді. Ресейдің теміржол формасын мемлекеттік тапсырыс арқылы ұтып алған. Тапсырысты қысы-жазы орындайды, – дейді әкім. – Жұмыссыздық жоқ емес, бар, бірақ салыстырмалы түрде қарағанда аз деуге болады. Былтыр 450 жағдайы төмен отбасы бар еді, мемлекеттік грант ұтып алып, әрқайсысы өз жеке кәсібін ашты. Қазір аз қамтамасыз етілген отбасылар саны 250 отбасыны құрайды. Яғни жыл сайын азайтып келеміз»,- дейді Камилжон Абдушукурұлы.
Мұндағы халықтың күнкөрісі көбінде диханшылық және мал шаруашылығы, сондай-ақ көтерме жүк тасымалдау қызметімен айналысады. Қарабұлақ ауылының өзінен мұнда күнделікті күнделікті 2-3 ауыр жүк тасымалдау (фура) айына 3,5 мың тонна ет шағарады. Қарабұлақта ауыл шаруашылық өнімдерін таситын 800-ден астам ауыр жүк тасымалдаушы фура көліктері бар. Өнім осы көліктермен жөнелтіледі.
Қазіргі таңда бір айда 3 мың-3,5 мың тоннадай ет шығады. Бұл шамамен Қазақстандағы ет өнімінің 30 пайызын қамтып отыр деген сөз. Көбінде Астана, Алматы, Қарағанды облыстарында етке сұраныс жоғары.
Тағы бір айта кететін таңқаларлық жайт, елімізді етпен қамтып отырған Қарабұлақ ауылында жайылымдық жер жоқ. Көпшілік төрт түлікті есік алдындағы үй іргелік 8-10 соттық жерге бағады.
Ат шаптырымға да келмейтін ауладағы қораның ішінде қаз-қатар жиырма шақты бұқа, төрт-бес сауын сиыр бар. Жайылымға шықпайды, шөпті бір орында тұрып жейді. Мұнша малдың жемін қайдан алады десеңіз, кәдімгі сабанды орып әкеліп, арнайы ұсақтаушы аппаратпен ұнтап, суға көпсітіп, кейін бидай-жүгерімен араластырады. Әрі сіңімді де тойымды, әрі арзан. Бес-алты айдан соң, етке өткізіп, үстіндегі пайдаға түскен табысын айырып, қайтадан жас малды сатып әкеп, тағы 5-6 ай бордақыға дайындауға болады.
Қарабұлақтағы әрбір екі үйдің бірі осы мал шаруашылығымен және бақша өнімдерін өсірумен шұғылданып, еліміздің түкпір-түкпірін ет және көкөніспен қамтамасыз етіп отыр.
«Бес мың гектар ауылшаруашылығы мақсатында жеріміз бар. Оның екі мың гектарына қызанақ, қияр, картоп, пияз, сәбіз егіледі. Ал қалған 3 мың гектарына бидай, мақсары секілді дәнді дақылдар қамтылған. Қазір шаруалар бақшадан екі мезгіл өнім алуды мақсат тұтып отыр. Алдыңғы егіс ерте көктемде, яғни жыл басында картоп, қырыққабат, қызылша, пияз секілді көкөністерді егіп, ойдағыдай бір жинап алған соң, күзге қарай тамшылатып суғару арқылы қызанақ пен қияр егуді бастайды. Сондай-ақ, мал шаруашылығын дамыту барысында мемлекеттік бағдарламалар үй іргелік жерлерде мал ұстайтын шаруаларды қолдау көрсетуде. Бүгінде Қарабұлақта 128 мыңға жуық ірі қара бар. Қарабұлақта бұл күндері 1680 шаруа қожалығы бар, соның көбісінің жері екі гектардан көп емес. Алдағы уақытта екі гектар жерге де субсидия берілсе дейді шаруалар. Мақсаты – егер мемлекет субсидияласа, тамшылатып суғару әдісіне өтсек дейді олар»,- дейді ауыл әкімі.
Ағын судың жайын жазып тұрып, ауыз суды ауызға алмай кете алмаймыз. Бұл күндері Қарабұлақ ауызсумен толық қамтамасыз етілген, бірақ барлығы 24 сағаттық сумен емес, 80 пайызы – уақытпен сағаттық су ішеді, өздері құдық қазып алған. Камилжан Абдилахатовтың айтуынша «Ақбұлақ» бағдарламасына сәйкес ауылға ауызсу жүргізу мақсатында 3,75 гектар жерді мемлекет балансына алып, су ұңғырларын қазған. Жоспарға сәйкес алдағы жылдары ауылға толыққанды су келетін болады.