Мал қалдықтарынан биогаз өндірілмек
Кез келген органикалық материалдан анаэробты ашыту процесі арқылы биогаз өндіруге болады. Анаэробты ашыту процесі дегеніміз – бұл микро-ағзалардың оттегі болмаған кезде органикалық материалдарды ыдырататын процестер тізбегі. Биогаз өндіруде кеңінен қолданылатын органикалық қалдықтарға тамақ пен жан-жануарлар қалдықтары жатады. Органикалық қалдықтардан өндірілген биогазды тазарту процестерінен өткізгеннен кейін электр және жылу энергиясын алуға болады.
Қазақстанда ауылшаруашылық қалдықтары жеткілікті болғанына қарамастан, сол қалдықтардан биогаз өндіріп отырғандар расымен өте аз. Фермерлер арасында қызығушылық бар. Бірақ биореактор мен электр энергиясын өндіретін генераторды сатып алып, оларды орнату фермерлерден айтарлықтай инвестицияны талап етеді. Осы салада жеткілікті тәжірибесі мен білімі болмағандықтан, фермерлер инвестиция құюға дайын емес.
Биологиялық қалдықтарды өңдеу жолымен биогаз өндіру инновацияның бір түрі. Әсіресе, бұл ірі мал немесе құс шаруашылықтарында жүзеге асыруға болатын аса тиімді жоба. Қазақстанда осы баламалы энергия көзін пайдалану кенжелеп тұр. Дегенмен, арамызда шаруашылықтағы малдың тезегінен газ өндіріп отырған жеке кәсіпкерлер бар. Биогаз – 50-70 пайыз метаннан тұратын, жанатын газ қоспа. Энергетикалық қуаты метанның мөлшеріне тікелей байланысты. Бір текшеметр метаннан екі киловатт электр энергиясын алуға болады. Жалпы, әлемде биогаздық технологиялар ежелден пайдаланылады. Ол ең алғаш 1859 жылы Үндістанда жасалды. Сол жылдары биогазды Ұлыбритания елі көшелерін жарықтандыру үшін қолданды. Бүгінде озық технология, әсіресе Еуропа елдерінде кеңінен қолданысқа ие. Мемлекеттік деңгейде қаржыландырылып, биоқалдықтарды жою жұмысы қарқын алған.
Сайрам ауданында түрік технологиясы негізінде инвестициялық жобаларды жүзеге асыру қолға алынуда. Олардың қатарында түрік инвесторлары қызығушылық танытқан ауыл шаруашылығы саласындағы жоба да бар. «Burabai biogas&fertilizers factory» ЖШС компаниясы ауданның қазынасына инвестиция құюға ниетті. Жуырда биогаз өндіретін компанияның өкілдерімен аудан әкімімен кездескен болатын.
Басқосуда кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейту мақсатында ауданда 15 гектар аумаққа мал қалдықтарынан биогаз өндіретін зауыт салу жайын талқыланды. Мамандар 2024-2025 жылдары салынатын биогаз зауытының эскиздік жобасы жайлы жоспарларыммен бөлісті. Бұдан бөлек, түрік инвесторлары биогаз өндірісінің патенттелген технологиясының қатты, сұйық органикалық және органоминералды тыңайтқыштарды біріктіретін, жұмыс істеу икемділігінің тиімділігіне тоқталды.
Жобаны жүзеге асыру үшін алдымен әкімдік мамандары жоспарды және жұмыстың орындалу мерзімін анықтап алу қажеттігін, жұмыстардың кезең-кезеңімен жүргізілетіні жөнінде мәліметтерді толығымен жинақтау тиіс екенін жеткізді. Олардың ұсынған жобаларына қатысты заң шеңберінде қолдау көрсетілетіні айтылды. Аудан аумағында өндіріс көлемін арттыру – басты мақсат саналады.
Компания Қазақстан аумағында 2019 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Бұл жоба негізінен органоминералды тыңайтқыштар мен мал қалдықтарын өңдеуге, биогазды тазарту процесінен өткізіп, электр және жылу энергиясын жетілдіруге бағытталған. Аталған өндіріс орны іске қосылғанда мал қалдықтары пайдаға асып, толығымен қайта өңделеді деп күтілуде.
Фермер ауылшаруашылық қалдықтарын қолданып, биогаз немесе жылу мен электр энергиясын өндіру үшін биореакторды орнатуға бел буса, бұл үшін мемлекеттен көптеген жеңілдік қарастырылған. Қазір Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің бірлескен жобалары аясында энергия тиімділігі мен жаңартылатын энергия көздері саласындағы жобаларды іске асыратын кәсіпкерлерді қаржылық қолдаудың үш және одан да көп бағдарламасы бар. Фермерлер биореактор немесе басқа да жаңартылатын энергия көздерін, мысалы күн панельдерін орнатқысы келсе, осы бағдарламаларға өтініш берсе болады. Бұдан басқа, фермерлер университетпен серіктестік орнатып, 300 миллион теңгеге дейін ҒҒТҚН грантына тапсыра алады. Бұл қаражаттың едәуір бөлігін биогаз өндіру үшін керекті жабдықтарды сатып алуға жұмсауға болады.
Биогаздан өндірілген электр энергиясын фермерлер электр желісіне жіберіп пайда таба алады. Бұл, әрине, қосымша инвестицияны қажет етуі мүмкін. Биогаз үшін жаңартылатын энергияның негізгі төрт түрі арасындағы ең жоғары шекті аукциондық баға электрэнергиясына 32,15 теңге/кВтсағ көлемінде орнатылған. Мысалы, күн мен желден өндірілген электр энергиясының бағасы – шамамен 15-20 теңгенің маңайы. Бұл әрине, биореакторды орнатуға жұмсалған инвестицияның қайтарым уақытын қысқартуға оң әсер етері анық.