Күйеуімнің әруағымен сөйлесемін
02-11-2024
Қолы майлы, көпке жайлы, тапқан тиынын берекелі етіп жұмсайтын әйелдер болады. Ондай әйелге үйленген еркектің де бағы жанып, ырысы таси кетеді. Бірақ кей еркектің сондай әйелінің қадірін дер кезінде түсінбейтіні өкінішті. Қызық іздеп, сауық құрып жүргенде бар жиған-тергенінен айырылып қалғанын көзіміз көрді.
Үш әйелге үйленіп, басы дауға қалған ағасының жағдайын оқырманымыз жайып салды. «Әкеміз екі ағайынды. Үлкен атамыздан төрт ұл, біздің үйде екі ұл бар. Бір-бірімізге құрттай қатынап, жиі бас қосып тұрамыз. Әсіресе атамыздың үйіндегі Нұрлыбек ағамыз бен жеңгеміз бізді қонаққа жиі шақыратын. Жаздыгүні төркіндеп бара қалсақ болды жеңгеміз жетектеп ертіп кететін. Бара қалсаң қазаны асулы, қымызы дайын, дастарханды жайнатып қарсы алып, барын алдымызға тосып күтіп алатын.
Бірақ Құдай адамды бір пейілінен қысады деген рас қой, жеңгеміз бір қыздан кейін бала туа алмайтын боп қалды. Босанып жатқанда қатты қиналып, жатырын алып тастауға тура келген. Басында ағамыз «бәрі жақсы болады, бір қызымыздың барына шүкір» деп жүрген. Бертін келе «қылық» шығара бастады. Көрші ауылдағы бір кісінің күйеуден ажырасып келген қызымен көңіл жарастырып, үйленемге басты. Ол кезде ағайын-жұрт түсіністікпен қараған. «Әрі бір қызымен ажырасқан әйел екен, сауап болады, үйленсең үйлене ғой» деп рұқсат еткен.
Бірақ екінші әйелден де бағы жанбады. Жанар жеңгемізге мұрын шүйіре қарап, ағайын-туысты менсінбей біраз жүрді. Аяғы ауырлағанда ағамыз қатты қуанып, «ұлды болатын шығармын» деп дәметкен. Бірақ екінші жеңгеміз екі қыз туды да, бүйрегі ауырғасын дәрігерлер босануға тыйым сап тастады. Жанар жеңгемізге «сен тумайтын қатынсың» деп бетіне басып, талай мәрте кемсіткенін құлақ естіген еді. Құдайдың есебі тең ғой...
Нұрлыбек ағамыз екі әйелмен тоқтамады. Арада сегіз жыл өткенде өзінен 17 жас кіші, тұрмысқа шықпаған бір қызға ес-түссіз ғашық боп қалды. Әкесі жоқ, анасымен және бауырымен тұрады екен. «Маған беташар істесін» деп шарт қойыпты. Елпілдеген ағамыз бен Жанар жеңгеміз қора тола малдың біразын сатып, қалың малын беріп, беташарын істеп берді. Обалы не керек, Жанар жеңгем ағамыздың бір сөзіне қарсы келмейтін. «Мен бала туып бере алмадым ғой» деп өзін жиі жазғыратын еді.
Үшінші әйел бәрінен тәтті боп шықты. «Мен ауылда тұра алмаймын, аудан орталығынан үй әперіңіз» деп күйеуін көндіріп, су жаңа үйге кіріп алған. «Сіз мұнда жиі келмейсіз ғой, ал мен жалғыз жатуға қорқам» деп мамасы мен інісін көшіріп әкепті. Жас иіс қойсын ба, Нұрлыбек ағамыз алдыңғы екі әйелін ұмытып, аптасына жеті күн ауданға қатынайтын болған.
Оның бұл тірлігіне бірінші боп екінші әйел шу шығарды. «Мен кімнен кеммін, екі қыз курстарға қатысып, білімін жетілдірсін, маған қаладан үй әпер» деп жер тоқпақтап отырып алыпты. Болмағасын жиған-тергенін құйып, қалғанына несие алып, екі бөлмелі пәтердің кілтін ұстатты. Қазір ол жеңгеміз екі қызымен қалада тұрады. «Ақша сал, қыздарыңа керек» дегеннен басқа әңгімесі жоқ. Айына бір ауылға келіп, бір қойды сойғызып әкетеді де, «на рахате» өмір сүріп жатыр.
Кіші тоқалдың да жағасы жайлауда. «УЗИ ұл деді» дегелі Нұрекеңнің есі кеткен. Ауданға түбегейлі көшіп алған сыңайлы. Жанар жеңгеміз бен тұңғыш қызын ұмытқан. Үйіне мал бағатын адам алып, өзі сауық-сайран құрып жүр деп естігенбіз.
Өткенде балалардың каникулын пайдаланып, төркініме қыдырып келейін деп ауылға барғам. «Жанарды естідің бе» деп жеңгем әңгіме бастады. «Баяғы Жанар жоқ қазір, бұрын үйінен, қорадан шықпайтын әйел еді ғой. Нұрлыбек қайным ауданнан келмей қойғасын бұл қатты өзгеріп кетті. Қорадағы малды шетінен сатып отырып алтынды ала беріпті. Қызын ертіп күнде қалаға кететін. Сөйтсе машина айдайтын курсқа жазылып, «права» алыпты. «Мен сенің тоқалдарыңнан кеммін бе, маған көлік әпер» деп күйеуіне айтып, су жаңа «кобальт» мініп алған қазір. Жқрт оны жақсы қыдырады дейді» деп жаңалықты айтып берді.
Енді кеше ауылдан тағы «свежий» өсек келді. «Нұрлыбектің екінші әйелі біреумен жүріп, күйеуіне ұсталып қалыпты. Ал Жанар малдарының бәрін сатып, қалтасына бар ақшаны басып, Астанаға кетіп қалыпты. Ажырасуға арыз тастапты» деп ауыл-аймақ шулап жатыр екен.
Бірер күнде барынан айырылған ағамыздың қан қысымы көтеріліп, ауруханада жатыр екен. «Ұлды болам» деп үш әйелге үйленгеннен проблемадан басқа ештеңе таппағаны өкінішті. Шаңырақтың берекесі Жанар жеңгеммен бірге кеткендей, көңілім құлазып қалды. Бәйбішенің көз жасы жібермеді-ау дедім ішімнен».