Күнелтіп отырған жалғыз сиырлары ұрланған қос қария

72940880_647975972277912_8249944186279690240_n.jpg

"Қай жылдары Сырдарияның жағалауынан табиғат көріністерін суретке түсіріп жүргенімде, қалың тоғайдың арасында осы кісілердің тұрған үйін көрдім. Барсам қариялар жүр. Шал 88-де, кемпірі 80-де екен. 13 баласы болған, бәрі қайтыс болған. Күнелтіп отырған жалғыз сиырын бұзауымен ұрлап кеткен. Мен дереу аудан басшыларына хабарладым. Олар ырғалып-жырғалып бір айдан кейін барса, шал қайтыс болған. Кемпірді ағайындары алып кетіпті", -дейді суретші Болат Омарәлиев Фейсбуктағы парақшасында. 

Күмбірлеген домбырасымен сонау жылдары елді күңіренткен Алтынбек Қоразбаевтың "Қара кемпірдің зары" есіме түсіп кетті. Нағашы әжем осы әнді радиодан тыңдаған сайын, екі көзінен жасы тоқтамай отыратын. Кіші ұлы Нүшкә Мәскеудегі абақтыда отырғаны есіне түсіп кете ме, ботадай боздап кететін. 86 жылдың оқиғасы болғанда, әскерде жүрген қазақтарды орыстар тепкінің астына алады. Сонда нағашы ағам Нұрлан досын құтқарамын деп, орыс жігітін пышақтап алады. Осы өлеңді әжем марқұм ұлы келгенше аңырап айтып, ақыры екі көзі көрмей қалды…мүмкін, жылай бергеннен болар…

-Сағындым, Жексенқұлым, Қосшығұлым,Өзекті жарып шыққан қос шыбыным.Қырық жыл аңыраған сорлы анаңның,Зарына құлағыңды тосшы бүгін,- дегенде, -Апатай, қойыңызшы, -деп мамам анасын құшақтай алады. Оған тоқтайтын апам жоқ. Одан бетер айта жөнеледі.

"Қырық жыл ен сап жүрмін қозы-лаққа,Сендерге бәсіре деп өзі жоқта.Ірімшік, құрт-майымды сақтап жүрмін,Бір тойың болады деп осы жақта",-дейді де, ауыр күрсініп, қызына қарап:

-Шолпанжан, Нүшкәмді сағындым, -деп аңырайды. Жаңагүл мен Ұрқия келіндері де қосылып жылағанда, үй азан-қазан болып кетеді. Сай-сүйегім сырқырап кеткен мен, әрі қарай шыдамай, үйден атып шығып кетемін. Далада көз жасымызды тыя алмай Нұргүл мен Айгүл үшеуміз жүреміз…

Талай орыстардың теперішін көріп, әйтеуір, Нүшкә да елге оралды...

Суреттегі қос қария...

Кеңес өкіметінің кезінде айдалада жетімдіктің күйін кешкен қариялардың күнелтіп отырған жалғыз сиырын қандай надан ұрлады екен, а? Құдайым-ау, ол кездері бір тілім нанға зар болып отырған кез ба еді? Тоқшылық заман еді ғой. Зұлымдар әр кезде де болады екен…

Сол кездері де жүрегі тастан жаратылған әкімдер болған, әлі де бар, бола береді де…

Серік Әметов

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Балаға қауіпсіздік ережелерін үйрету маңызы
  • Отбасындағы психологиялық қатынастар балаға қалай әсер етеді?
  • Отбасын жоспарлау маңызды қадам
  • Қайынжұртшыл жігіттер көбейіп барады
  • Қарт ананың марқұм шалына жазған хаты
  • Ақпарат

    • Oinet.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16379-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер

  • Яндекс.Метрика