Ертегілер елінде

Oinet.kz 26-10-2023 481

Ертегі – қазақ фольклорының ескі жанрларының бірі. Ертегі арқылы баланың миы дамып, ой-өрісі кеңейеді. Қазақ халқы ертеректе баласын ертегімен-ақ тәрбиелеп өсірген. Ондағы жаман кейіпкерлерлерден жиреніп, жақсы кейіпкерлерден үлгі алып өсу қажеттігін үйреткен. Сол қос кейіпкермен-ақ өмірлік тәжірибе жинақтауға баулыған. Осыған орай, кішкентай оқырмандар назарына қызықоты әрі мазмұнды ертегілер топтамасын ұсынамыз. 

Screenshot_19.jpg

Түлкі, тасбақа және кене

Ертеде түлкі, тасбақа және кене дос болыпты. Бір күні олар жерден бір уыс тары тауып алыпты. Үшеуі ақылдаса келе тарыны жерге егіп, көбейтіп алып, үшке бөліп аламыз деп шешеді. Түлкі бір жарды көріп: – Мен осы жарды сүйеп тұрайын, құлап кетер - деп, жарды саялап жатып алады. Тасбақа жерді тырналап, тары егеді. Ал кене піскен егінді жиып алады. Олар көп тары алады. Олар түлкіні шақырады. Түлкі келіп, егінді көріп: – Тарыны үшеуіміз бөліссек қаншадан тиеді? Аз мөлшерде шығатын шығар. Одан да үшеуміз жарысып, кім озса егін соған бұйырсын, - деді. Мақұл деп үшеуі қатарласып, бір жерге келеді. "1, 2, 3" деп түлкі жүгіре бергенде, кене түлкінің аяғына жабысып кетеді. Түлкі барынша жүгіріп, мәреге бірінші боп жетеді. 

– Әй, мені басып өлтіресің бе? - деді. Түлкі: – Сен қашан жетіп алғансың? - деп сұрайды. Кене: – Сен бағана "1, 2, 3" дегенде-ақ мен келіп қалғанмын, - деп жауап береді. Екеуі дауласып жатқанда, ентігіп тасбақа келеді. Тасбақа: – Әй түлкі, мен бір пәле көріп келдім. Жаңа маған екі қара бүркіті және тазы иттері бар ат мінген екі адам келді. "Түлкі жолдасыңды тауып бер!" - деп мені қорқытты. Түлкі, мен сен туралы айтқан жоқпын. Енді олар маған сенбей, осы жаққа қарай келе жатыр, - дейді. Түлкі: "Мені айта көрмеңдер!",- деп жалынады. Түлкі: – Мына тарыны екеуің тең бөліп алыңдар, мен сендерге ризамын. Аңшылар мені сұраса, "білмейміз, қайда кеткенін деңдер", - деп қашып кетеді. Сөйтіп, тарыны тасбақа мен кене екеуі бөліп алыпты. 


"Етікші" ертегісі 

Ерте заманда бір кедей етікші болыпты. Бала-шағасы көп екен. Үй-ішін асырау үшін ол ел аралап, қобдиын құшақтап жүріп, етік тігіпті. Күндердің күнінде қобдиын қолтықтап, таныс емес бір ауылға аттанады. Бұрын жүрмеген жолы болған соң, етікші адасып кетеді. Түн болады. Ақырында етікші далада жалғыз тұрған иесіз үйге кездеседі. Иесіз қыстаудың ішіне кірген етікші пештің үстіне шығып, қобдиын басына төсеп жата кетеді. Бір уақытта салдыр-гүлдір еткен бір нәрсенің дауысы шығады. Етікші есікке қараса маңдайында жарқыраған жалғыз көзі бар, бір еңгезердей дәу кіріп келе жатыр екен. – Пеш үстінде жатқан қандай адам? - деп сұрайды дәу. Етікші: – Бұл - етікші, - деп жауап береді. – Бізге керек шебер етікшімісің? - дейді. Сонан соң дәу бұйырып: – Кәне, бері кел, шебер, мына үйге кір! Егер ертеңге дейін бір керемет етік тіксең, жаның аман қалады. Ал орындамасаң, басыңды аламын, - дейді де етікшіні ішке кіргізеді. Дәудің өзі есіктің алдына жатып ұйқыға кіріседі. Етікші ішінен: – Енді өмірім жойылды, өліп кетсем, бала-шағамды кім асырар екен? - деп үрейленеді. Амалы таусылған етікші таң атқанша отырып ғажайып етік тігеді. Етіктің сыртқы көрінісінің басқа етіктерден айырмашылығы бар, ұшы тіп-тік сүйір, жоғары көтеріліп тұрады. Ал оның бір керемет қасиеті аяғына киген адам аспанға қалықтап ұшып, баратын жеріне лезде жетіп барады. Бірақ ол дәудің оны оңай үйіне жібере қоймасын біліп: – Бәрібір дәудің қолынан өлемін. Одан гөрі бұл дәуді өзім өлтірейін, - деп, өткір пышағын алады. Дәу ұйқыға кетті-ау деген кезде, етікші етігін киіп, сыртқа шығады. Қалықтап ұшқан күйі қолындағы пышағымен дәудің жалғыз көзін түйреп алады. Дәу бақырып: – Ер болсаң, екі соқ, - дейді. Етікші: – Бір де жетер, - деп, дәудің үстінен ұшып өтеді. Ал, дәу жарақаттан табанда өлген екен дейді. Етікші сыртта тұрып әрі ойлап, бері ойлап, иесіз үйдің төбесіне шығып түнейді. Таң атқан соң, дәудің үйін аралап, қарап шығады. Үйдің бір қараңғы жерінде темір сандық тұр екен. Етікші темір сандықты әзер дегенде ашады. Оның іші толған алтын-күміс екен. Бұдан кейін етікші алтын мен күмісті керегінше алып, ғажайып етігін киіп, үйіне ұшып келеді. Дәуден алған байлығының жартысын еліндегі жетім-жесірлерге таратып береді. Осылайша етікші тұратын ауылдың тұрмысы жақсарып, мұраттарына жетеді. Ал қартайған кезінде етікшіні балалары асырапты.


"Тапқыр қоян" ертегісі

Бірде орманда аңдардың патшасы арыстан бәйге жариялапты. Ол бір қазан суды қайнаттырып: – Осы суды кім ішіп қойса, көп сыйлық берем, - деген шарт қойыпты. Көп сый-сияпаттан дәмеленіп, бақтарын сынап көргісі келген аңдар бірінен соң бірі келеді. Қанша өжеттенсе де, олардың қай- қайсысының да қайнап тұрған суды ішуге батылдары бармапты. Ең соңында ойнақтай басып қоян келеді. Ол қып-қызыл шоқта тұрған қазанды көтеріп алады да: – Суды ыстықтай ішуді жақсы көремін, - деп жан-жағына қарайды. – Ендеше, іше-ғой, - дейді аңдар аң-таң қалып. Аңдардың бәрі қоянның не істейтінін көздерімен көруге асығады. Қоян ұзыннан-ұзақ қаз-қатар тізіліп тұрған аңдарды жағалай жүріп: – Мінеки, достарым, мынау ыстық су. Көздеріңмен көріңдер, сенбестік танытып жүрмеңдер, - деп бас-басына көрсетіп шығады. Қоян аңдарды басынан аяғына дейін аралап шығып, бәріне бірдей көрсетем дегенше қазандағы су суып қалады. Ал қулығын асырған тапқыр қоян суып қалған суды басына бір-ақ көтеріп, сіміріп салады. Таңданған аңдар ауыздарын ашып, көздерін жұмады. Тіпті олар қоянға қызыға қарай бастайды. Алданған аң патшасы арыстан қоянға көп сыйлықтар беріпті. – Міне, нағыз ер! - деп мақтапты. Сөйтіп, небір айлалы аңдардан асып түскен тапқыр қоян көп сыйлыққа ие болып, қуанышы қойнына сыймаған екен. 


"Екі дос пен аю" ертегісі

Бір күні екі дос орманда келе жатады. Кенеттен алдарынан бір аю шыға келеді. Сол кезде біреуі қаша жөнеледі, екіншісі талға өрмелеп жасырынып қалады. Қашқан жігіт ортада қалып кетеді. Алайда, не істерін білмей тұрғанда: "Өлген адам сияқты жерге етпетіммен жата қалсам, бәлкім құтылып кетермін" деп жерге жата қалады. Аю келіп оны иіскелей бастағанда демін жұтып, дем алмай жатады. Аю кеткен соң талға өрмелеп кеткен досы төмен түсіп, досының қасына келіп, күліп: "Айтшы ал, аю сенің құлағыңа не деп сыбырлады?" - дейді. Сонда досы: "Досына қауіп-қатер төніп тұрғанда қашып кеткен адамдардан сақтану керегін, айтты", - дейді. 


Бере білген бөле білер

Баяғыда бір жарлы болыпты. Мінуге аты, ішуге асы болмапты, бала-шағасы көп болыпты. Мал дегенде маңдайына біткен жалғыз ғана қазы болыпты. "Аштық – атаң емес" деген, тесік тамақ шыдата ма, ақыр соңында сол қазды жемекші болып сойып, пісіреді. Бірақ оған салатын тұзы да, қосып жейтін наны да болмайды. Сонда жарлы әйеліне: – Осы қазды тұзсыз, нансыз жегеннен де ханға апарып тартсам қайтеді? Сөйтіп, одан бірнеше күн тамақ қыларлық астық сұрасам қайтеді, - дейді. Әйелі: – Мейлі, сүйтсең, сүйте ғой, - дейді. Жарлы ханға пісірген қазды алып келеді. – Тақсыр хан, - дейді ол, – Мынау сізге әкелген сыйлығым еді, аз да болса көптей көріп қабыл алыңыз, барымыз әзір, жоғымыз жай, - дейді жарлы. Сонда хан: – Рақмет, сізге, рақмет! Ал енді, бұл қазыңды үй ішімізге бірдей етіп өзің бөліп бер! - дейді де, жарлының қолына пышақ береді. Ханның өзін, ханымын, екі ұлы, екі қызын қосқанда алты жан екен. Сонда жарлы қаздың басын кесіп алып, ханның алдына қояды. – Сіз үйдің басысыз, сондықтан сізге бас лайық, ал бас мойынсыз, хан ханымсыз болмайды, сондықтан сіздің ханымыңызға мойын, - деп мойынды кесіп, ханымның алдына қояды. Екі аяғын кесіп екі баласына береді. – Сендер атаның жолын қуып, ізін басасыңдар, сондықтан сендерге аяқ лайық, - дейді. Содан соң екі қанатын кесіп екі қызына береді. – Сендер жат жұрттыққа жаратылғансыңдар, ертең бойжеткен соң ата-ананың қасында қалмай, құсқа ұқсап ұшып кетесіңдер, сондықтан сендерге қаздың қанатын беруге тура келеді. Ал жарлы – қонақ, кеудесі жарлыға қалмақ, - деп қаздың бар етін өзінің жанына қояды. Хан жарлының әділ бөлісіне таң қалып, қарқ-қарқ күліп, ырза болады. Өзін әбден сыйлап, тамаққа тойдырып, астық беріп үйіне қайтарады. Мұны бір мырза естіп, жарлы бір қаз апарып ханнан мұнша сыйлық алды, мен одан кеммін бе? - деп жарлының алғанына қызғаныш етеді. Сүйтеді де, ханға ол бірден бес қаз пісіріп әкеледі. Хан: "Әкелгеніңізге рақмет, бірақ мұны алтауымызға тең қылып бөліп бер", - дейді. Мырза олай салып, былай салып көреді. Бірақ қаздарды тең бөліп бере алмайды. Содан соң хан баяғы жарлыны шақыртып алып: "Мына қаздарды сен бөл!", - дейді. Жарлы бір қазды алып, хан мен ханымға береді де: "Сіздер үшеу болдыңыздар!" - дейді. Бір қазды екі баласына беріп: – "Сіздер де үшеу болдыңыз", - дейді. Тағы бір қазды екі қызына береді де: "Бұлар да үшеу болады, мына қалған екі қазбен мен де үшеу болдым", - дейді. Сонда хан: "Міне, әділ болсаң осындай бол! Бізге де тегіс берді, өзін де ұмытқан жоқ", - депті. "Бере білген, бөле білер" деген мақал осыдан қалған екен. Хан жарлыға тағы да қазынасынан көп сыйлық беріп қайтарады, ал мырзаны қуып жібереді. 


Сәбиге өмір сыйлаған құдірет

Ерте заманда бір патша өмір сүріпті. Патшаның қисапсыз байлығы болса да, үнемі қабағының астынан бір мұң бары байқалып тұрады екен. Сөйтсе, әлгі патшаның перзенті болмапты. Патша қапаланып, қайғырып жүргенінде, бір күні жұбайы жыланның тіліне жерік екенін айтыпты. Осы сөзді қаншама рет Құдайдан жалынып сұраса да, ести алмаған ол жүрегі жарыла қуанып, жар салыпты:

— Егер кімде-кім менің жарлығыма құлақ асып, жарымның жерік асы – жыланның тілін әкеліп берсе, соған жалғыз қарындасымды қосып, өзіме күйеу бала етемін. Бір ескеретін жәйт: ол Сахарадағы жыландар ордасының патшасы атақты Афита-Әбжыланның тілі болуы тиіс, – депті. «Үмітсіз–сайтан» демекші, байлық пен аса сұлу патша қарындасын алуға қызыққандар Сахараға жол тартыпты. Олардың ішінде сол шаһарда тұратын бір саудагердің Азу есімді баласы да бар екен. Азу о баста өмірге келгенде, жылан терісін жамыла туыпты. Өз терісінің пайдасын көрмекке әрі сынамаққа ол да үмітпен жыландар ордасына аттаныпты. Азу жолда келе жатып, әр жерде шашылған адам сүйектеріне көзі сүріне береді. «Бұлар да мен сияқты үміткерлер шығар» деп топшылаған ол өзі тек терісінің арқасында ғана аман келе жатқанын түсінеді. Ақырында көп қиындық көріп, Сахараға жетеді. Ордаға келген соң ол жыландармен тез араласып кетеді. Бірде жыландар патшасы тағамды өте жақсы даярлай алатын аспазшы керек екенін мәлімдейді. Сынға түскендердің арасынан Азу озып шығады. Ол қолынан келген өнерінің барлығын жұмсаған екен. Сөйтіп, аз уақыт ішінде Азу Афита-Әбжыланның жақсы көрер жақынына айналады. Әңгімеге тарта жүріп, жыландар патшасының жаны қолындағы сақинада екенін де біліп алады. Оны Афита масаңдау кезінде айтып қояды. Бір күні Азу тәтті тағам жасап, оған ұйықтататын дәрі қосады да, Афита-Әбжыланға жегізеді. Ол қатты ұйқыға кеткен кезде сақинасын алып, қақ бөледі. Содан соң тілін кесіп алып, түн қараңғылығымен тайып отырады. Бұл оқиғаны таң атқан соң бір-ақ білген жыландар оны әрі іздеп, бері іздеп, таба алмай қала береді. Азудың оңай құтылуының себебі: Сахарадан шыққан соң, ол адам қалпына қайта ауысып алады. Еліне аман-есен оралған Азу патшаға жыланның тілін әкеп беріп, оның қарындасына үйленеді. Ал, жерік асын жеген патша жары көңілі судай тасып, айы-күні жетіп ұлды болады. Ұлан-асыр той жасалады. «Той десе, қу бас домалайды» демекші, бұл тойға баяғы Азуды іздеп жүрген жылан да келіпті. Ол Азуды иісінен танып қалып, санын бір-ақ соғыпты. Ішіне кек түйіп, өз ордасына қайтыпты. Келген соң бұл жаңалықты басқаларға айтып беріпті. Мұны есіткен жыландар ашуланып, адамзаттан кек алмаққа бекінеді. Улы тілі арқылы адам баласына зиян келтіріп, ұрпағын кеселге душар етпек болады. Афита-Әбжыланның жұбайы Флита-Әбжылан қатты ызаланып, оны өлтірмекке өзі аттанатынын мәлімдейді. Афита-Әбжылан дүние салған кезде ол қасында бола алмапты, алысқа қонаққа кеткен екен. Араға біраз уақыт салып Флита-Әбжылан патшалыққа келеді. Азуды іздеп жүріп, бір үйдің түндігінен сығалап қараса, бесіктегі жас баланы көреді. Бұл жаңа туған нәресте патшаның мұрагері еді. Ол бар ашуын осы баладан алмаққа бекінеді. Үйде жан жоқ кезді пайдаланып, түндіктен түседі. Баланың қасына енді жақындай бергенде, есіктен бір әйел кіріп келеді. Жылан сасқалақтап қалады. Ал, патша жарының абыржығаны сонша, тілі күрмеліп:

— О, Құдайым. Жалғыз сәбиімді ажалға қалай қиям? Оны босанарда жыланның тіліне жерік болып едім, енді ажалы да сол жылан тілінен болмақ па? Жо-жоқ, құтқара көр! – деп жалбарыныпты. Сол сәтте қайдан есіне түскені белгісіз, ошақта тұрған сүтке қарай ұмтылады. Қазандағы сүтті жыланға көрсетіп тұрып:

— О, Әбжылан! Менің жалғызыма қиянат жасама!.. Жүрегім сезеді, сен кек алмақшысың. Баламды саған бермеймін. Болмаса мені шақ. Мен де анамын, ана сүтінен жаралғанмын. Балам да, басқа жан-жануарлар да ана сүтінен жаралған. Сен де біз сияқты ана сүтінен нәр алғансың. Тіршілік иесінің нәрі - сүт. Ол қасиетті де қастерлі. Оны Жаратқан ием сыйға тартқан. Ақты жерге төкпе деуі сондықтан. Ал мен сол сүтті сенің басыңа төгемін. Тек балам үшін, тек жалғызымның өмірі үшін ғана салттан аттаймын. О, Әбжылан, опасыз! Сенің уың осы сүт арқылы құдіретінен айырылсын! О, Жаратушым, тілегімді қабыл ет! – деп еңіреп тұрып, сүтті жыланға шашып жібереді. Сол сәтте, шынында да, жылан бар құдіретінен айырылады. Сүттің қасиетті күші оның уы мен айбатын сиқырлап тастайды. Жылан есеңгіреп тұрып-тұрып, есіктен шығып кетеді. Міне, осыдан бастап барлық жылан атаулы сүтті көрсе, айбатынан айырылады екен. Олар үйге кіргенде басына ақ құйса, сытылып шығып кетеді. Оларға бұл қасиет сонау заманғы өз аналарынан дарыса керек.

Уәзір мен шал

Сейпін деген хан болыпты. Ханның Мүбәрак дейтін уәзірі болыпты. Ханның уәзірі ханға айтыпты:

— Ханда 40 кісінің ақылы бар дейді, егерде сізде 40 кісінің ақылы бола тұрып, дау болса, жаңжал болса бізге неге жолдайсыз, өз бетіңізбен неге бітіріп жібермейсіз? Бізбен неге ақылдасасыз? – депті. Сонда хан айтыпты:

— Ханда 40 кісінің ақылы бар екендігі рас. Бірақ бір жерде Самыр деген шал бар, сол шалда 40 ханның ақылы бар. Сол шалды мұнда қонаққа шақырып кел, – депті хан уәзірге. Мүбәрак Самыр шалды қонаққа шақырып әкеліпті.

Хан шалдың тамағын беріп сыйлап отырады. Уәзір отырып: «Бұл жаман шалдың қандай қасиеті бар, мынау жеті руды билеген хан, ал анау шал – кедей»,- деп ішінен ойлап отырыпты. Хан шалға айтады: «Мен сізге таңертең бір құс жіберемін, сол құсымның екі жақ қанатын жұлып, тазалап жібергейсіз»,- депті. Уәзір не деген сөз екендігіне түсінбей қалыпты. Шал ханға айтыпты: «Хан, мен беске бірді қосып алтау қылып таңертеңнен кешке шейін алтын соққанда отыз екіге жеткізе алмай жүрмін-ау!» - депті. Уәзір тағы не деген сөз екендігіне түсінбей қалады. Шал кетеді. Үш күннен соң хан уәзіріне: «Шалға қонаққа барып кел», – депті. Уәзір келсе жаман үйі бар, үсті-басы күйе-күйе шал барын береді, кеңесіп отырады. Самыр шалға уәзір айтады: «Сізге менің бір сұрауым бар», – дейді. Шал «сұраңыз» дейді.

— Кеше сізге хан: «Таңертең бір құс жіберем, сол құсымның екі жақ қанатын жұлып тазалап жібер», – деп еді, сол не сөз?» – дейді. Шалдың сөзі: «Балам, мен кедей адаммын ғой, сонымен күн көріп отырайын, бір қалта алтын берсең, шешіп беремін ғой!» – депті. Уәзір бір қалта алтын беріпті. Уәзір «Тағы бір сұрауым бар» депті. Шал: «Сұра, балам», депті. «Сіз кеше ханға беске бірді қосып алтау қылып таңертеңнен кешке шейін алтын соққанда отыз екіге жеткізе алмай жүрмін-ау» деген сөзіңізге түсінбей қалдым-ау», – депті. Шал: «Балам, мен кедей адаммын ғой, ақылыммен күн көріп отырған, бір қалта алтын берсең, шешіп беремін ғой!», – депті. Тағы бір қалта алтын беріпті. Сонда 40 ханның ақылы бар деген шалдың шешкені: «Балам, осы саусағым нешеу?» депті. Бесеу ғой! Соған бірді қосшы, нешеу болады?»

— Алты болады.

— Ендеше, таңертеңнен кешке шейін жұмыс істегенде тапқан-таянғаным ішіп-жеуіме жетпейді деген сөзім еді. Ал ханның «Таңертең бір құс жіберемін, сол құсымның екі жақ қанатын жұлып тазалап жібер» дегені ол мынау: — құс сен, екі қалтаңды тазалап сыпырдым ба? Енді жүре бер, – депті шал ханның уәзіріне. Сонда барып уәзір шалда 40 ханның ақылы бар екендігіне сенген екен.

А.Рысбекқызы

Әуезовтің балалар әдебиетіне қосқан мол мұрасы
Анимациялық фильмдер – бала тәрбиесінің басты құралы
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу