Әуезовтің балалар әдебиетіне қосқан мол мұрасы

Oinet.kz 26-10-2023 653

Кітап – білім бұлағы деген аталы сөз қай ғасырда болмасын өз құнын жоймақ емес. Жалпы, қазақ балалар әдебиеті туралы сөз қозғалса ең алдымен Бердібек Соқпақбаев, Мұзафар Әлімбаев, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза Әлі сынды қаламгерлер есімі тіл ұшына оралады. Бүкіл ғұмырын балалар әдебиетіне арнаған жазушылар қатарында Мұхтар Әуезовтің де барын білеміз. Әдетте, Әуезовті қазақ әдебиетіндегі эпик жазушы ретінде танып, балалар әдебиетіне ат салысқанын көп айта бермейміз. 

Screenshot_18.jpg

Заңғар жазушының балаларға арналған 89 әңгімесі бар. Ол өзінің  «Ертегілер» деген  еңбегінде  халықтық  шығармалар ішінде  балалар әдебиеті  мұрасына  қандай  топтары  жататыны жайында  соның  жігін ашып, саралап берді. Балалар әдебиетінің арғы  төркіні халықтық  шығармалардан туатыны әңгіме етіледі. Хайуанаттар  жайындағы ертегілер тобына  ғылыми  талдаулар  жасай келіп, М.Әуезов: «Хайуанат жайында бір алуаны – «Күшік пен мысық», «Қотыр торғай» сияқты  кішкене  жануарлар  жайындағы  ертегілер. Ақылсыз  күшік, айлакер мысық,  балаға жәндікті, әр кейіпті танытушымен бірге баланың өз мінезіндей ойнақы күйде күлкілі, көңілді әңгімеленеді», - дейді.

Мұқаңды қазақ балалар әдебиетінің  бірінші зертеушісі  деуімізге болады.Ол балалар әдебиетінің мұрасына қандай шығармалар енетінін айқындап айтып берумен қатар, «Әр жылдар ойлары» деген ғылыми  еңбегінде жастар мен жасөспірімдердің оқитын кітаптары тобына  жататын шығармаларды да атап  көрсеткен: «Абайдың жас буынға арнап айтқан көптен-көп өлеңдерінің бәрі де жоғарыда біз айтқан бір жайға үлкен дәлелді  куәлік береді» деген.

Қазақ балалар әдебиетінің ғылыми тұрғыда зерттелуіне зор көңіл бөлген М.Әуезов балаларға арнап повесттер мен әңгімелер жазды. 1926 жылы М.Әуезов жазған «Сұр» деген повесть қазақ балларының  аса қызығып оқитын, ең сүйікті кітаптарының бірі болды. Ол бұдан соң 1928 жылы аса көркем жазылған «Көксерек» атты әңгімесін жазып оқырмандарына ұсынды.

Аса шебер жазылған атақты «Көксерек» атты әңгімесінде, алдымен әралуан жабайы жыртқыш азулы аңдардың мекен ететін жерлерін суреттеуден бастайды. Оқиғаның композициясы мен сюжетіне келсек, ол ары қарай шапшаң дамиды. Яғни оқиғаның шапшаң дамуы тыңдаушыны қызықтырып, енді не болар деген ойға қалдырады. Жаңа ғана екі інді мекен еткен екі қасқырдың бір сәтте балаларын қоректендіру үшін қозы әкеліп жеп жатқаны суреттелген. Мұның өзі жоғарыда айтқанымыздай, оқиғадан оқиғаның тууын байқатады. Автор жыртқыш аңдар мекенін қалай әсерлі суреттесе, олардың ашқарақ қомағайлығын одан да әрі әсерлендіре түскен. Яғни, қасқырлар тек қана қозыға емес, өрістегі бұзаулар, жылқыларға шабады. Сонымен «Көксерек» әңгімесі жыртқыш аңдар оқиғасына байланысты туғаны айқындала береді.

Әңгіме кейіпкері – кішкентай Құрмаш. Құрмаш Көксеректі қалай жақсы көріп, мәпелеп өсірсе де, ол безіп кетеді, қолға үйренбейді. Осы кезде оқушылар ойында  бір сұрақ туындайды. Тек қана жақсылық жасаған Құрмашқа Көксерек тиіспесе деген. Оқушылар Көксеректің  алдағы тағдыры немен  аяқталуына одан бетер қызыға береді. Бірақ бұл қызығу көпке созылмайды, зор өкінішпен, қайғымен жалғасып Құрмаштың  трагедиялық    өлімімен  аяқталады.

«Көксерек» әңгімесі жасөспірімдерге өмір танытарлық осындай оқиғаларды суреттеп берумен қатар, оларға қазақ  халқының ана тіліндегі  бай  мұра  мен  оның  сұлу да, көркем  құрылысымен  таныстырады, олардың ана тіліне деген  сүйіспеншілігін  арттырады.

Әуезовтің  балалар  әдебиетіне  қосқан  тағы  бір  зор  үлесі  - «Жетім» әңгімесі. Бұл  шығарма  да оқушы назарын аударарлықтай әсерлі туынды. Жетімнің зар-мұңын  оқып отырған  оқушы  шығарма желісіне үңіліп кетеді. 10  жасар  жетім  Қасымның  тағдыры  оларды  бейжай  қалдырмайды. Яғни,  оқушылар Қасым соңында бақытты өмір сүреді деген үмітпен әңгімені қызығып оқиды. Бірақ, бұл шығарма да трагедиямен аяқталады. Күн  көрсетпеген туысқандарынан қашқан Қасым орманда жүрегі жарылып өледі.

«Абай жолы» арқылы әлемге танылған Мұхтар Әуезов осындай шығармалары арқылы жас оқушыны  тыңдатумен қатар, олардың ой қиялының, өз пікірлерінің дамуына да жол ашып кетті.

Қабылбектің қолтаңбасы
Ертегілер елінде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу