Қабылбектің қолтаңбасы
Әдебиет әлеміне із салған әрбір есімнің өз тағдыры, өмір жолы болады. Ойлы шығармасын оқырманға ұсынған жазбагер сол туындылары арқылы өз бейнесін танытып отырады. Кейде қара сөзбен, кейде өлең өрімдерімен көсілген автордың еңбегін оқып, бағалағанда көбіне оның өмір жолына, осынау әдебиетке қалай соқпақ салғанына мән берілмей жататыны бар.
Ал, қолымызға «Қазығұрт-Қайнарбұлақ» лирикалық жыр кітабын ұсынып отырған Қабылбек Төретайұлы осы үрдістің ырқына көнбейтін тұлға. Өйткені Ол:
Талқыға түсіп елдігім,
Жанарымды жеңді мұң.
Жанымды менің жебеші
Рухы Амангелдінің, — деп баба әруағына сыйынғанда, азаттықтың ақ таңын
аңсаумен ғана КҮН кешпей, сол шадыман шақты жақындатуға жан-тәнімен ұмтылады. Мұндағы айырмашылық Қабылбектің қаруы — қарымды қаламы.
Қабылбек өз еңбек жолын бастағанда жастардың ұйытқысы, асыл арман, алау жүректердің жетекшісі болуды таңдады. Алайда, оның жүрегі: «Көтертпейтін еңсені, жек көрем кейде кеңсені», — деп соқты. Бұл орайда жалынды жастар жетекшісі көңіл терезесін ашып тастап, қалың қауыммен тілдесіп жатты, Әрбір ұжымда, кәсіпорын, өнді-ріс мекемелерінде «Ерекше баспасөз» — қабырға газеттерінің етек жаюын діттеді, «әлі күнге дейін қабырға газетінің рөлі мен мақсатын...» қалай жақсы ұйымдастыру керектігін» сыни мақалаларында көрсетті. Қарапайым жұмысшылардың жүрек ҮНІН жанымен ұғып, Жолдыбай сынды ақындығы бар жастарға жанашырлықпен қарап:
Кеңге салып арқаны,
Жүре алмаймын мен текке.
Өмірімнің әр таңы
Жетелейді еңбекке! — деген жыр жолдарын халыққа танытты.
Болашаққа сенім арту, келешектің күнгейін молайту жеке адамдарға деген қамқорлықтан басталып, ел мен жер тағдырына бағышталған кемел арнаға ұласты. Айталық,
«Ертеңгі болашақ иелері — студент жастардың әлеуметтік белсендігін, адамгершілік парасаты мен еңбексүйгіштігін, идеялық білімін шыңдау мен мәдениеттілігін арттыру көбіне-көп олардың демалыс уақыттарының ұйымдастыру дәрежесіне және оның қалай жүзеге асырылатынына да байланысты екендігі сөзсіз деп осыдан он шақты жыл бұрын айтылған тұжырымның өткірлігі әлі өңін бере қойған жоқ. БҮГІНГІ Қабылбек: «Адал абитуриенттерге»:
Жүрегіне арманын арқалатқан,
Бір мақсатпен жиналған шартараптан.
Қосылатын ең тұңғыш бәйгесіне
Нарталаптар,
Өрімтал нарталаптар! — деп сөз арнаса, адамзаттың көктеміне көңілі пәк, ниеті ақтығынан.
Иә, кезегімен келер КҮЗДІҢ жомарттық танытуы үшін көктемі ГҮЛДІ, бұлбұлы ҮНДІ болуы шарт. Тарих қойнауына аттары арай шашып тұрған Ғ.Мұратбаевқа:
Жо-жоқ,. Аға, мен қалайша жасимын,
Өзіңді ойға ап, шаттанам да тасимын
Өр тұлғаңа, мақтанышпен көз салып,
Көкірегіме қолым қойып, бас идім; аяулы ақын, «өз биігін өз иініне» көтеріп кеткен Т.Айбергеновке:
Бір есімге ұзартты да тізімді,
Тарпаң тағдыр тез таяды күзіңді
Жырқұмарлар саған іңкәр болып жүр
Көрмесе де жүзіңді, — секілді жыр-шашуын себелегенде Қ.Төретайұлы асыл
мұратты бейнелер арқылы бүгінгі ұрпақтың шоқтығы биік болуын тілеп, іңкәр дүниені жасаушы осы лектің өздері екендігін дәлелдей түседі...
«Ошақтан асы түспей» келе жатса да «Ғұмыры басы піспеген» «қазақы қара қауымның» желтоқсанның қара дауылына ұрынған шағы дүр сілкіндіріп:
Желтоқсанның ызғары
Соқты да көңіл мұздады.
Төбемді тесіп темір нәл,
Намыстан жаным сыздады, — деп мойындаған Қабылбек «Төл тарихымен тілдесуді» бастайды.
Ол сезімін өлең жолдарына сол мезет түсірсе де, он аунақшыған ойын тегеурінді мақалаға айналдырып жібереді.
«Тебірен, туған топырақ түлегі» сынды сол дүниеде: «Елдігіміздің ертеңіне көңіл көкжиегінен көз жіберсек, ата ЖҮГІН өрге сүйрер көкірек көзі сәулелі өрімталдарымыз қандай болуы керек?» — деген қуатты сұрақ қойып, оған жауапты өзі іздеу арқылы оқырмандар арасында ой-толғақ туғызады. Әрбір жолы қабырғаны сөгер, тербелісі КҮШТІ сөздерді оқып отырып, Қабылбектің бойында өзі табынған Амангелдінің рухы барына сене түсесіз!
СӘЙГҮЛІК ақбоз — жыр тұлпарына үзеңгі артқан ақын:
Тұр, әне, ойға шомып Ордабасы,
Отағасы имеген жауға басын.
Мәмілеге кеп халқым осы жерде,
Қас-дұшпаннан тазартқан кең даласын, — деп шалқыса, онымен қоса қуанып, бірге жасарып кетесіз.
Өйткені, неге екені және қалайша екені белгісіз, бір кездері өзінің жас шамасын:
Қандай екен қырықтың қылықтары,
Көкірегіңнің тұмасы тұнық, па әлі?!
Берік пе екен еңселі қара ордасы,
Көрікті ме шаншылған уақтары, — деген жолдармен мойындап қойса да,
Қабылбек әлі күнге жасыл жастықтың гүл көркіне оранып жүргендей әсер қалдырады. Ол атамекен Қазығұрт-Қайнарбұлақта «Көктем көркіне» елтіп, «Қысқы суретке» тамсанып жүреді. Жырдың бал кәусарынан қанып ішкен сезімтал, секемсіз сенер жүрегімен:
Жететін неғайбілде жаны қалмай,
Достарсыз кең дүние тарылардай.
Сендермен сұлу сырды бөліспесем,
Шаттықтан ғазиз жүрек жарылардай, — деп айқара құшағын ашады.
Әңгіме кілтіне қайта оралсақ, жыр жиһазы жайнаған әлемге жасыл құрақты жастар асуындағы таңдаулы жолмен беттеген.
Қ.Төретайұлының жәдігер сөзді қолтаңбасы жас буындардың жүрегіне жылылық дарытып, ересек ағаларға жампоз күндерін сағындыра түседі. Кейде шыңылтыр шындықты мадақ тұтқан ақын өзгелерге сөз арнай отырып, өзін де аяусыз қамшылайды.
Жақсылыққа жол бастамағанымыз,
Мәңгүртікке майдан ашпағанымыз.
Қиянаттан қашпағанымыз,
Санасыздықтан саспағанымыз,
Таланттар туындысын тірісінде баспағанымыз үшін
— дейді ашына. Өмірінде жақсы бастамаларға жалаугер, тағдырлы, мәнді мақалаларымен де, кестелі өлең өрімдерімен де алдыңа келген ойлы ұлға ортаңды аш, жамағат!
Баспагер-жазушы Атанбек Наурыз Төретайұлы туралы осылай төгілтіп, тебірентіп жазыпты. Ойлы өлеңдерін жіліктеп, мән-маңызына тоқталып өтіпті.
Қазақта ақын көп. Дегенмен, сол көптің арасынан суырылып шығып, сәйгүліктердің арасына қосылатындар көп емес. Соның бірегейі, сырбаз мінез, қарымды қаламгер Қабылбек Төретайұлы. Оның өлеңдерінен табиғаттың адал перзентінің тазалығын байқайсың. Туған жеріне деген ыстық ықыласы мен кіршіксіз сезімін сезінесің. Ақын махаббат тақырыбына да қалам сілтепті:
Не бір қилы кезең мен замандарда,
Ең керегі «сіз-біз» ғой адамдарға.
«Ләззат» деген атыңның өзі қандай,
Сен сүйетін жігітте арман бар ма?...
Жүректі дір еткізетін сезіммен жазылған өлеңді оқи бергің келеді. Қабылбек ақынның ұстанған беті, негізгі пікірі — өзінің қазақ деген халқы. Ол өлеңде суреттеу жағына көп көңіл бөледі екен. Қайғы мен мұңнан өзін аулақ, алшақ ұстайды. ЕКІ-ҮШ рет оқығанда көзге елеусіздеу болып көрінеді. Ал тереңнен үңіліп оқысаң, ойға берілесің.
Тас түйіліп жеңіспен майданды алған,
Жауға шапсаң «а, әруақ Абылайлаған».
Әз Тәуке, Наурызбай мен хан Кененің
Жау жүрек батырлығы қайда қалған? — деп жас ұрпақты батырлыққа, өжеттікке тәрбиелейді.
Қайта аударып тарихтың танабын,
Жанымызды жаңартуда жаңа ұғым.
Қатаң қара, қапы соқпа, қарағым,
Өшірмеші өткен өмір сабағын...
Тарих өшсе, өмір өшсе — ел қалмайды. Халық жойылады. Сар даланы мекен еткен қазақ елінің өткені мен бүгінгісін ақын «Төл тарихыммен тілдесу» деген өлеңінде шаттана жырға қосады. Ақ көңілімен аңқылдап, өз пікірін айтады. Ақындық жол — азапты сапар. Ақын — ой адамы. Қабылбек ақын өлеңдерінен Абай мен Шәкәрім қажы өлеңдеріне еліктеу де сезіліп қалады... Асқан ойшыл әрі сыншы В.Г.Белинский де тума таланттардың бойында әркім түсіне бермейтін «құпия сыр», бұла күш-рух бар екенін айтқан еді. Сол талант Қабылбекте бар...
Қабылбек ақын ұлтшыл емес, ұлтжанды ақын. Ол өзінің қазақ деген халқын шексіз сұйеді. Оған дәлел ретінде 1992-жылғы «Жұлдыз» журналының 7-нөмірінде жарық көрген «Обал мен зауал» атты топтама өлеңдері жарық көрді. Ақын қанды желтоқсан оқиғасындағы ерлік көрсеткен інілері мен қарындастарына арнаған еді.
Айрандай төгіп арымды,
Қасқыр ит жыртты таңымды.
Алақанда ұстар аяулым,
Табанға жүндей салынды.
Тағдырдың қарып мұз-қары,
Жарамды сорды тұз-дәрі.
Ақ қар, көк мұз төсенді,
Намысшыл қазақ қыздары, — деп ақын жүрегі қан жылап отырып жырлады.
1986-жылғы желтоқсандағы қанды оқиға ақынға, оның жүрегіне мәңгі ұмытылмас жара салды. Ақын Қ.Төретайұлының өлеңдері «Қазақ әдебиеті», «Жас қазақ», «Жас ұлан», «Парасат», «Жалын» газет-журналдарында жиі-жиі жарық көрді. Қабылбек есімі республикамызға белгілі болды. Халық оны ақын ретінде біле бастады. Республикалық «Қазақ батырлары» газетінде 1991-жылы ақынның «Заман-ай» атты желтоқсан боздағы Қайрат Рысқұлбековке арнаған өлеңі басылды. Композитор Сүгірәлі Сапарәліұлы ақын Қабылбек Төретайұлының сөзіне жазылған «Төле би» атты жаңа әнін 1993-жылы республикалық «Жас алаш» газетінде жарияланды. Бұл ән Төлебидің туылғанына 330 жыл толуына орай шыққан еді. Ақын Қабылбек осындай ел жүрегінен орын алатын жыр дүлдүлі. Қабылбек туралы 1994-жылы республикалық «Жас алаш» газетінде «Қазығұрттың Қабылбегі» деген ақын Атанбек Наурыздың мақаласы жарық көрді.
Ақын жүрегі нәзік қой. Қабылбек — қаламы жүйрік, ойлы ақын. Ол айналып келгенде өзі туып өскен Қайнарбұлағын, өскен ортасын, Оңтүстігін жырға қосады. «Отырар оттары» деген дастанын жазды. Туған жер қашан да ақын үшін ыстық. Қаршадайынан ауылда өскен қара бала ағасы Құрманбек Жандарбековтың өсиетін, Қазақстанның халық әртісі Ақсақал Қалмырзаевтың ағалық ақылын тыңдап өсті.
Жазушы Мархабат Байғұт «Қабылбектің көзқарасы» деген мақаласында былай жазған екен:
Жақында ғана Қабылбек Төретайұлының «Бас-басына би болғаннан сақтасын» деген кітабы шықты. «Қазығұрт-Қайнарбұлақ» және «Жан шуағы» атты кітаптарынан кейінгі үшінші жеке жинағы осы. «Жібек жолы» баспа фирмасынан жарық көрген бұл кітапта Қабылбектің бұрынғы-соңғы жазған журналистік-публицистік дүниелері шоғырланған екен.
Біз әу бастан Қабылбек Төретайұлын журналист ретінде танып, біле бастағанбыз. Ауыр бейнеттің шын дәмін сезінетін, өзі һәм жұмысшы болып ащы да тұщы тер төккен, Түркіменстанның ең ыстық нүктесінде әскер қатарында жүріп, қышыр-қышыр құм шайнаған қараторы жігітіміз еңбек адамдары, комсомол-жастар бейнеті, ұстаздар ізденісі жайында небір сәтті суреттемелер, ойлы очерктер жазған, талай проблемалар көтеріп, облыс аумағында да, республика көлемінде де тәп-тәуір танылып, көзге түскен, көңілдер төрінен орын алған.
Бертініректе Қабылбек кейбіреулер секілді бұрынғы әуендерінен шыға алмай тұсалып қалып қойған жоқ. Қайта құру бастала бере жарқ етіп жаңа қырынан көрінді. Әсіресе, еліміз егемендік алып, тәуелсіздікке қол жеткізер кезде — асырып айтқандыққа жата қоймас — Қабылбектің ҮНІ жарқын естіліп, өзінің жүрекжарды сөзін жұртқа жеткізе білді.
Қабылбек Төретайұлының мақалалары, публицистік туындылары ешкімді де енжар қалдырмайды. Әсіресе, тіл туралы, тәуелсіздік талаптары хақындағы дүниелері өзінің елгезек табиғатына, айта салатын ғана емес, айта да алатын айрықшалығына жарасады, Туған тілін қорғап, шырылдай арашаға ТҮСІП, елдігіміз бен егемендігімізге кесір-кесепат жасағысы келетіндерге тойтарыс беріп, ашық та айқын ой-пікір айтатын сәттеріне сүйсіне қараған кездеріміз аз емес. Оған осы «Бас-басына би болғаннан сақтасын» атты кітабы дәлел бола алады.
Осы кітаптағы «Бас-басына би болғаннан сақтасын», «Жамағат жүрегін жараламайық», «Еще раз к вопросу о языкознании», «Не провакация ли?», «И если завтра мой язык исчезнет» деген туындылары Қабылбектің көзқарас-позициясын, өткірлігін, жан айқайын, жүрегін жалынды отқа жани білетін перзенттік парызын танытса керек.
«Бас-басына би болғаннан сақтасын» деген мақала-сында Қабылбек былай дейді: «Үлкен істі үндемей бітірген — ақылдылық та, аз ғана тірлікті айқайға айналдыру — адырлық екендігі есте болса, шіркін!» Әйтпесе, «кейбір жігіт ағасы, не ата сақалы аузына түскен ағалар тілде СҮЙЕК, ерінде жиек жоққа салып, тисе қарғаға, тимесе арбаға деп ауызға ерік беруге әуестеніп жүр». . Ал, «Жамағат жүрегін жараламайық» деген мақаласында: «Тіл мәселесінде солқылдақтық пен мәймөңкелікке, көңілжықпастыққа, жалпақшешейлікке орын болмасқа ке¬рек. Дәл осы мәселеде бұрынғы еткен еңбек, төккен тер, атак,, лауазым есепке жүрмеуге, құндылыққа тұрмауға тиіс. Кешегі аты дардай, өзі зордай ақиық ақын бүгін қияметтің қыл көпіріндей алмағайып заманда ана тілге арашашы азамат емес, «алды-артыңды абайла, арандап қалма» дегенсіп, «бағар малыңды, егер егініңді, қарныңның тоқтығын ойла» десе, оны асқан ақылдылыққа балауға бола қояр ма екен».
Міне, тіл тағдыры таразыға түсіп, қалт-құлт етіп тұрған шақтарда, кімнің кім екені, ненің не екені анық білінген шақта Қабылбек осылайша пікір білдірген. Қуанатынымыз сол — Қабылбекте тап осындай сындарлы шақта шамырқанып шыға келетін керемет бір қасиет бар. Әбден болары болып, бояуы сіңіп кеткен соң, «біз бұйтіп ек қой,сүйтіп ек қой, айтып ек қой», «біздің де үлесіміз бар ғой» дейтін шолақ белсенділер, әсіре әулекілер аз емес арамызда. Ал, Теретайұлы Қабылбек нағыз керек кезінде шығады белсеніп. «Өзгелер жазады ғой, менің не шаруам бар?» дегендей немқұрайдылықтан, марғаулықтан бойын биігірек ұстайтыны ұнайды. Мына қараторы кітабындағы орысша ҮШ мақала да тап сондай кезде шыққан.
Енді қараторы жігітіміздің қараторы кітабынан жаңа қызыл кітабына қарата көшіп байқалық.
Қызыл кітап «Жан шуағы» деп аталады. Мұндағы көптеген жырларды біз кезінде «Оңтүстік Қазақстан», «Жас алаш», «Өркен», «Жас қазақ», «Шымкент келбеті» сияқты газеттерден, «Жалын», «Жұлдыз» сияқты жорналдардан оқыған едік. Біз олардың әдемі жинаққа, алаулаған қып-қызыл шырайлы кітапқа айналғанына қатты қуандық.
Қабылбектің ар-ождан хақындағы, азаматтық пен адамгершілік турасындағы жырлары жоғарыда айтылған публицистикалық шығармаларының заңды жалғасындай әсер ете отырып, өлеңдік өлшемдер тұрғысынан қарағанда да көбінесе тәнті етеді.
Сен кешкен Қасқасуды мен де кештім,
Қиянға құлашымды сермеп өстім.
Шыға алған биігіне қызығам тек,
Қызғанатын көркеуде пенде емеспін.
Ассам деп асуынан сөз-белестің,
Жетегінде кетпедім өзге елестің.
Әр дауысқа еліктеу ерлік емес,
Өзім болып қаламын, өзге емеспін, — дейді Қабылбек «Ақын ағаға» өлеңінде.
Барлық жырларында да хал-қадірінше осы кредосынан танбауға тырысатындығы байқалып-ақ тұрады.
Әлеуметтік жағдаяттарды, қоғамдық мәні бар құбылыстарды жырға қосқан сәттерінде кең ауқымда ой қозғап, мехнат шегуге ұмтылатыны тағы аңғарылып жататыны бар.
Келімсек билеп қайдағы,
Қисайған елдің байрағы,
Желтоқсанда іріген
Татулықтың қаймағы,— деген жолдардан шырқырап шындық, сұрланып сұмдық көрініп тұрған жоқ па?!
Кінәліміз...
Арды таптағанымыз,
Жауызды мақтағанымыз,
Жазықтыны жақтағанымыз,
Айлалыны ақтағанымыз,
Сатқын ойды сақтағанымыз
Үшін... — дейді ақын «Кінәліміз» деген өлеңінде.
Өзінің мінез-құлқы, болмыс-бітімі, табиғаты секілді өлең шумақтарынан да нақтылық пен айқындық, дәлдік пен дәйектілік білініп тұрады.
Қайран Қайнар, сені аңсап, шөліркедім;
Сағынышты сезімді неге іркемін?!
Бара жатыр көңіліме жұмсак, тиіп,
Жалбыз түгіл жантақ пен шөгіртегің, — дейді «Қайнарбұлақ — қайырылмас балалық шақ» атты өлеңінде.
Бұл да жәй ғана туған ауылға өлең арнай салайыншы дегеннен емес, Қабылбектің жүрегінен жарып шыққан жыр жолдары екендігіне сенесіз. Қожа Ахмет Иасауиге, Мұхтар Шахановқа, Танабай Нармановқа арнаған жырлары тек мадақтауға емес, өзіндік ой-орамдар айтуға құрылғандығымен құнды,
Қабылбек Төретайұлының және бір ақындық қыры — ән мәтіндерін жазатындығы. Кейбір елдерде тек бірыңғай ән мәтінін жазумен ғана айналысатын, сонысымен-ақ даңқы кеңге жайылған ақындар аз емес, Оның «Достар әні», «Жар назы», «Қызғалдақ дәурен», «Жауқазын-ғұмыр», «Өмір — арман», «Періштедей пәк сезім», «Төле би», «Қазығұрт», «Нұрлы наурыз», тағы басқа да өлеңдеріне жазылған әндер қазір жұртшылық арасында жиі айтылып жүр. Ақынның өлеңдеріне ән шығарғандар, әлі де шығара беретіндер қатарында Сүгірәлі Сапарәлиев, Құралай Сәтмұханбетова, Марат Омаров, Құрасбек Молдақанов, тағы-сын тағы сазгерлер бар.
Әлемдік ақыл-ой дамуы ағасының алып тұлғаларының бірі һәм бірегейі Абай: «Қабыл көрсе сезімді, кім таныса сол алсын», — дейді. Адамзаттың Абайы солай дегеннен кейін Қазығұрттың Қабылбегі не дер екен дейсіз кейде.
Шуаққа масайған беп-белес,
Кеудесін кереді.
Қырдағы қыз-сағым бейне елес,
Жеткізбей келеді, — депті ақын Қабылбек «Көктем көркі» деген өлеңінде.
Осы бір шумақтан-ақ Қабылбектің қолтаңба айшығын, қарапайым да ойлы образбен ойлай алатынын, сезім мен суретті өрнектей білетінін, сезімтал стилін аңғаруға болады.
Қоштасу кеші... Өтіпті содан жиырма жыл,
Анттасқан едік кездесеміз деп жылма-жыл.
Сен едің әсем биязы ғана құлын қыз,
Мен едім аусар ұрма ұл...
Сол кезден бері гүлдеді өрік жиырма рет,
Өзгерген бүгін қалада сурет, қырда леп.
Қиялданам да сол бауға жеткім келеді,
Бантикті бал қыз сағына тосып тұр ма деп.
Ақындардың, әсіресе, алпысыншы-жетпісінші жылдарда мектеп бітірген ақын-жазушылардың бәрінің де ақ бантикті сағыныштары бар шығар-ау... Қарауылбек Қазиев сынды ғажайып суреткердің «Ақ бантик» атты дүниесі бүкіл бір ұрпақты сезімтал етіп тәрбиелеген еді, Тұманбайдың да, Мұхтардың да, Кеңшіліктің де, Жұматайдың да, Исраил Сапарбайдың да ақ бантикті қыз-қырқындары жоқ емес. Деп жүрсек, Қабылбекте ақ бантик мәселесі айрықша екен. Бірақ басқалардың бәрі сырттай тамсанып, сырттай сағынып, ғашық болып, аһылап-уһілеп, жыр жазып, әңгіме мен новелла нақыштап жүрсе, біздің Қабекең басқашалау айтыпты. «Бантикті бал қыз» деген — басқашалау емей немене?! «Бантикті» дегені ТҮСІНІКТІ, ал «бал қыз» дегені... Және ылғи да сол бір бауға жеткісі келеді де тұрады. Міне, осындай махаббат тақырыбына арналған, «Кездесу» сияқты өлеңдері аз емес. Біз ақынымыздың жырына да, сырына да сенеміз. Себебі, өмірде де, өнерде де онша өтірік айта бермейтіндердің бірі — Қабылбек Теретайұлы. Биыл керемет ақынымыз Кеңшілік күндері өтті. Сол ақынымыз:
Жүргем жолды: өрде де, ылдида да,
Күндер болды малтыққан, құлдилаған.
Жалғыз ауыз жыр болып қала ма екен,
БҮКІЛ дүнием мен талай жыл жинаған, — депті. Қандай сөзді қалай айтқан десеңші! Сол жалғыз ауыз жыр болып қалуға жазсын бәрімізді де.
«Өтірік толқу, ділмәрсу, шамадан тыс ақыл айту басталған жерде өлең өледі, өлеңсымақ басталады», — дейді ақын әрі сыншы Нұрлан Оразалы.
Өлеңсымақтан аулақ болуға жазсын Жаратқан ие.
Осынау мақаламыздың кейіпкері Қабылбек Төретайұлы «Әке рухымен сырласу» деген өлеңінде:
Шыбыққа мініп жарыссақ,
Аты озсын деуші ең Қабылдың.
Балалық дәурөн — алыс шақ,
Өзің бар кезді сағындым, — дейді. Шүкіршілік, Қабылбектің сол шыбығы қазір шынымен-ақ ақжал арғымаққа айналған. Төретай ақсақал айтқандайын, «атыңыз талайлардан озып келе жатыпты». Иә, атыңыз әмәнда оза шапсын, қатарыңыздың алды бола беріңіз!
Аида Өтеп