Анимациялық фильмдер – бала тәрбиесінің басты құралы
Түркістанда облыс әкімдігінің қолдауымен, Облыстық мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастыруымен «Алтын сақа» халықаралық анимациялық фильмдер фестивалі бастау алды. Фестивальге ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов және Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, шетелге және елімізге танымал аниматорлар мен өнер қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен бүлдіршіндер қатысты.
Салтанатты шараны ҚР Қоғамдық даму және ақпарат министрі Дархан Қыдырәлі, ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов ашып берді. Дархан Қуандықұлы өз сөзінде биыл Әмен Қайдаровтың 100 жылдығына орай 1-ші рет «Тұмар» ұлттық телевизиялық сыйлығына анимация саласы енгізіліп отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан қазақтілді контентті арттыруға көңіл бөлініп жатқанын баяндады.
«Бала тәрбиесінде ұлттық кейіпкерлердің орны ерекше. Кішкентайымыздан оқып, солармен өстік. Балалар анимациясы түркі әлемінде дамып жатқаны қуантады. Елімізде осы саланың дамуына үлес қосып жүрген «САҚ» киностудиясына және ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін! Түркістан облысының 5 жылдығына орай ұйымдастырылған «Алтын сақа» халықаралық анимациялық фильмдер фестивалінің маңызы зор. Осындай игі бастамаларға алдағы уақытта министрлік тарапынан қолдау болады», – деді Асхат Оралов.
Түркі әлеміне ортақ болған Қожанасырдың әзілімен басталған фестиваль Көлтауысар, Желаяқ сынды кейіпкерлер қойылымына ұласып, заманауи кейіпкерлерге шолу жасалды. Аталған шара концерттік бағдарламамен жалғасты. «Аружан» би тобы, халықаралық «Балалар дауысы» конкурсының Италияда өткен «Сан Ремо джуниор» конкурсының жеңімпазы Сағын Өмірбайұлы, Нұрлан Еспанов, Бейбарыс Серікбаев өнер көрсетті. Шара соңында «САҚ» киностудиясының директоры әрі фестиваль ұйымдастырушысы Нұриддин Паттеев сөз сөйледі.
Қазақ ұлттық анимациясын халықаралық деңгейге көтеру, анимациялық фильмдер арқылы ұрпақ тәрбиесіне ықпал ету, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жас көрерменді елжандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу, Қазақ фольклорінің кейіпкерлерін насихаттау, қазақ аниматорларының шетел мамандарымен тәжірибе алмасу, шеберлік арттыру мақсатында ұйымдастырылып отырған фестивальге алыс және жақын шетелден режиссерлар 70-ке жуық анимациялық фильм ұсынған. Олардың ішінде Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан, Татарстан, Башқұртстан елдері бар. Ұйымдастыру алқасы мен «Қазақстан аниматорлар одағы» мамандарынан құралған «Сараптама кеңесінің» шешімімен 30 анимациялық фильм фестивальге қатысуға жолдама алды.
Айта кетейік, халықаралық шара 3 күнге жалғасты. Фестивальде шығармашылық интеллегенция өкілдері, «Balapan» телеарнасының директоры Индира Тұрсынбай және Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан елдерінен келген халықаралық дәрежедегі анимация саласының мамандарынан құралған кәсіби қазылар алқасы төрелік етеді. Жеңімпаздар Гран-при мен жүлделі орындардан бөлек, «Үздік режиссура», «Үздік кейіпкер», «Үздік сценарий», «Үздік композитор», «Қазылар алқасының арнайы жүлдесі» секілді жүлделермен 18 маусым күні гала-концертте марапатталды.
А.Өтеп