Алпысбай Боранбаев, ақын, сықақшы: «Жұмыссыздықты жойдық»

Oinet.kz 17-05-2019 3448

 Screenshot_4.jpg

Фотода Мұхтар Шерім, Алпысбай Боранбайұлы


Айлық

Айлық өсті!

Сәл-сәл...

Пенсияға қосты!

Сәл-пәл...

Стипендия көбейді!

Болар-болмас...

Жәрдемақы төлейді!

Толар-толмас...

Өй, мейлі!

Азын-аулақ болса да,

Ақша шіркінге бір жарып қап,

Патша көңіліміздің ақ құсы

сонау...

Аспанда жүрді ғой, қалықтап!

Қой...

Жергі түсіп... базарға барсақ...

Атаңа нәлет-ай, баға деген

Шарықтап кетіпті, шарықтап!..

 

         Жұмыссыздықты жойдық

Үйдің іші

Опыр да топыр маман!

Әйел де маман,

Бала да маман,

Қыз да, келін де маман!

Қос-қостан институт бітіре берген,

Дипломдары үйіліп жатыр, сабан!..

Алайда, жағдайымыз мәз емес,

Жаман боп тұр, жаман!

Мамандардан бір тиын кіріс жоқ!

Кіріс кіргізердей ауылда

Бір түйір жұмыс жоқ.

Қысқасы, ұрыста тұрыс жоқ.

Жұмыссыздықпен күресу жайлы

Бағдарламаны лезде құрдық.

Құрдық та, мойнымызды

Мектепке қарай бұрдық.

Директорын үйге шақырып алып,

Ақшамен ұрдық кеп, ұрдық!

Әуелі қойнына ұрдық...

Сосын қонышына ұрдық...

Қалталарына түгелдей ұрдық...

Мес болған директорға

«Қайтер екен?» - деп, қарап тұрдық.

«Бұларың не?» - дей беріп еді,

Аузына және ақшамен ұрдық.

Директор байғұс риза болып:

«Құлдық!» - деді, - «Ойбай, құлдық!»

Ұрған сайын ұға берді, ұға берді...

Әп-сәтте әйел де,

Қыз да,

Келін де,

Мұғалім болып шыға келді!

«Ойбай, пара беріп жатыр!» - деген

Анау-мынау әңгімені қойыңыздар.

Әлі де отардай қойымыз бар.

Жұмыссыз жүрген ұлымызды

Прокуратураға қызметке

Кіргізіп жібермек ойымыз бар...

Қысқасы, нүкте қойдық.

Жұмыссыздықты осылай

Түп тамырымен жойдық!..

 

                   Тәтті пікір

Қош боп тұр, социализм!

Өзіңнен оңай құтылдық!

Кеңес үкіметі! Сенің де

Опай да топай саудаңды

Сақал сипағанша бітірдік!

Қысқасы, не ұттық?

Неден ұтылдық?

Ұтылғанымыз сол,

Ақша дейтін сиқырдың

Тұтқынына түгел тұтылдық.

Есіл дертіміз қу дүние

Жинауға жаппай ұмтылдық.

Біріміз болсақ банкрот,

Біріміз байып, құтырдық...

Бай кедейді менсінбей,

Алақанына түкіріп,

Атып отыр, әне, ықылық...

Түк те түсінбеген кедейдің

Көздері жыпылық-жыпылық...

Бұл қалай болды?

Зерттеуге

Қолды бір сілтеп, еріндік.

Сырт қарағанда тәуелсіз

Мемлекеттей көріндік.

Ішімізден бірақ та

Бай, кедей боп, екі бөліндік.

Табысы, әне, тасыған

Байдың көңілі қош екен.

«Дүние жисам», - деп кедейдің

Тырбаңдағанының бәрі бос екен.

Ұзын сөздің қысқасы

Капитализм деген осы екенІ..

 

                   ***

Өтпелі кезең өткесін,

2030-ға жеткесін,

Бай мен кедей теңесіп,

Коммунизм орнап кетпесін...

 

                   Бір депутатқа тілек

Есігін қағып әр үйдің

Ұн таратып екі қап,

Әкең болды депутат.

Тесігін қағып әр үйдің

Жүн таратып жеті қап

Шешең болды депутат,

Жолын қуып олардың

Өзің болдың депутат.

Ендігі мына сайлауда

Балаң болсын депутат!

Түк бітірмесін бірақ та

Депутаттыққа өтіп ап!

Аумин!

Ерсін Қойбағарұлы. Сан қырлы талант еді...
Дәурен Қуат: «Туылған күн... Мәнті... Мәмпәси...»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу