Ерсін Қойбағарұлы. Сан қырлы талант еді...

Oinet.kz 17-04-2019 2202

Screenshot_19.jpg

Ерсінбек Қойбағарұлы--Сайрам ауданының құрметті азаматы, медпсихолог, психотерапевт, жазушы, журналист, сазгер, драматург, аудармашы, Қазақстан Журналистер одағы мен Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық Жазушылар одағы қауымдастығының мүшесі, А.Фадеев атындағы халықаралық әдеби сыйлықтың, сондай-ақ алтын медальдің иегері және халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты.

   Жаратқан ием бір басына сан өнерді үйіп-төгіп бере салған, дарабоз дарын иесінің шығармашылығы дәл кемелдену үстінде бақилыққа аттанғаны өкінішті-ақ. Оның еңбектері күні бүгінге дейін 16 жеке кітап болып және 10 жинақта жарық көрген. Солардың ішінде «Махаббатым – ғайыперенім», «Мылқаудың досы», «Тоқсаныншы жылдың жазы еді», «Ем қонбайтын келіншек», «Балауыз шамдар» атты әңгімелері мен «Ешкінің сирағы», «Қарашаш», «Доктор Арсений», «Терістік шұғыласы» хикаяттарын қазақ әдебиетінің кесек туындылары қатарына жатқызсақ болады. Жұмат Шанин атындағы драма театр ұжымы «Бала мен қайыршы» атты шығармашылығын жыл сайын қойса да көрермені көбеймесе азайған емес. 

    Е.Қойбағарұлының шығармашылығымен танысқан әрбір оқырманды экология және табиғат мәселелері толғандырады. Оның барлық шығармаларының ішінде құрт, құмырсқа, бақа, тасбақа, ит, мысық, жылан, балық, сан түрлі құстар, алуан түрлі гүлдер, өсімдіктер, сондай-ақ «Қызыл кітаптағы» жан-жануарлар мен үй жануарларының жайы сөз болады. Барлық тіршілік иесінің өмір сүруге деген құлшынысын айшықтап, адамзатты табиғатпен етене араласуға үндейді. Мысалы: «Күлгін түсті ғұмырдағы» қарлығаштардың әрекеті. «Серейген балапанды таяғының имек жағымен бері тартып көріп, мойны, сауыры сап-сары екенін байқады... Жұғады бұл пәле. Енді анау үшеуі де өледі-ау. Атақар мен Анақар да жалпасынан түсетін шығар... «Төртінші» тырайған күні Анақар ұшты күйлі жоғалып кетті...Тек төртінші күні ғана ұшып келген бойда үш балапанның да аузына жем тастады... Аздан соң топ етіп құлаған Анақар дірілдеген қанатын керіп, серейді де қалды... Шал өлген қарлығаштың ішін жарып көрді. Бұл сары аурумен ауырмапты. Өкпе-бауыры қарайып кетіпті... Шал өлген үшінші балапанды қолға алып, ішін жарып көрді... Жемсауын ашып көргенде, таң қалған шал өз көзіне өзі сенерін де, сенбесін де білмеді. «О, тоба-ай!» Баяғы Муту сыған берген алтын түстес сап-сары дәннің құдды өзі. Сонда қалай, Анақар үш тәулікте Үндістанға барып, қайтып келгені ме? І-і. Сөйткен-ау. Содан ғой, өкпе-бауыры қарайып кеткені. Жанұшырып зулаған екен-ау. Қайран ана-ай... Бір күні түс ауа Атақар «өгей шеше» ертіп келді. «Өгей шеше» Атақардай жем-су тасып, шыж-быж болған жоқ. Небәрі бір келіп «біріншінің», бір келіп «екіншінің» аузына жем тастады. Сол-ақ екен, екі балапанның да үні өшіп, бастары ұядан көрінбей қалды, Әкелген жемін бере алмаған Атақар тыным таппай шиқылдап, әбіржулі. Аздан соң екі балапан да бірінен соң бірі ұядан құлап түсті. Екеуінің де тамағына шошқа тікен қадалып, кептеліп қалыпты. «Өгей шешенің» тірлігіне таң қалған шал сау қолымен жағасын ұстады.

    - Тоба, ­­­­­бұлардан да зәлімдік шығады екен-ау. Қасам атқыр!». Қазақ әдебиетінің тарихында өгей шешеге қатысты жылы лебіздер жоқтың қасы. Болса да там-тұм. Қазақтың көрнекті жазушысы Сафуан Шаймерденов қана  өгей шешесіне разылығын өз туындысында айта алған. Жазушы Е.Қойбағарұлы осы жәйтті табиғатпен шебер жымдастыра білген.

    Жазушының қай шығармасын оқысаңыз да, әсем табиғат көріністері көз алдыңызда көлбейді. «Уақыт шеңбері шыр айналып, жасыл белдер бәйшешек таққан, көрікті көктем қайта келді. Құйрығы желкілдеп, нәуірзек шықылықтады. Бақбақтың сары гүлдерінен түйме қадаған дархан даланы жаңғыртып, күймелері күмбірлеп, сылдырмақтары сыңғырлап, күн демей, түн демей тырналар керуені көшуде».  «Жасыл даланы алқызыл гүлдер көмкерген сәуірдің соңғы сұлу күндері-тін», «Көктемде көк майсаны кешіп, қырдың қырмызы гүлдеріне тамсана, таңдана қарап, жасыл даланы тамашалағанды ұнататын. Қырдың қырмызы гүлдерін жұлмайтын ол,» - деп оқырманды сұлу табиғатқа ынтықтыра түседі. Бұл көріністер киелі туған жердің, Сансыз баптар мекені Сайрам ауданындағы көктемені суреттесе, «Қалың қарағай, ақ қайың, арша көмкерген аппақ әдемі үйлерге толы қаланы таға іспеттес боп, жасыл орман қоршаған. Қаланың қақ ортасы күн сәулесі тайғанақтайтын, тайып жығылатын айна көл. Ақ түндер аялағаны әлдеқашан. Карелияда қараңғылық қалқымайды бұл мезетте. Айнала үнемі ақ сүтке малынғандай, түнсіз тәуліктер өтіп жатады. Иә, көгілдір көл, көкпеңбек орман, әппақ түндер, ару қала!» - деп, біз көрмеген тү-үу-уу сонау қиырдағы Карелия ормандарына жетелейді. Біздің де ақ сүттей, әппақ түнді көргіміз келеді. «Шынар, сәмбі тал, аққайың, қызғалдақ, ағаш – бәрі жаңа ғана жапырақ жайған. Арша, шырша, қарағайлар көкпеңбек» - деп табаны талай тиген Ташкент қаласын сипаттайды. 

    «Көктем шығып, күн жылынғанда, сонау биікте бозторғай бостан-босқа құйқылжымайтын шығар. Шегірткенің шырылы мен шілде қоңызының ызыңында да таңғажайып бір сыр бардай. Осының бәрі мына өмірдің қайталанбас сұлулығын, сәнділігі мен мәнділігін жырға қосатын секілді маған» - депті «Махаббатым – ғайыперенім» әңгімесінде. Біздіңше де солай! 

    «Көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» демекші, жазушы да көргенін, естіген-білгенін шынайы суреттеумен ерекшеленеді. «Қарашаштағы» «Жыланбұзған» сайы туралы Шәріп атай айтқан аңыз, Чеховтың иті мен тәжірибеден өткен ұлулар туралы деректер, сондай-ақ асыранды кептердің кереметтері жөнінде басты кейіпкер психотерапевтің өз аузынан айтқандары оқырманның жан-дүниесін табиғатқа біртабан жақындата түссе керек. 

...Қазығұрт тауының баурайында «Жыланбұзған» деген сай бар-тын. Сол маңда баяғы замандарда кішігірім ауыл отырыпты. Ауыл шетіндегі бір үйде кембағал, жалғыз кейуана тұрады екен. Күндердің күнінде әлгі кісі тез арада байи бастапты. Дәулеті артқан сайын отауына келім-кетім көбейіп, басқа ауылдың шоңдарымен қарым-қатынастары нығайып, қала берді кедей-кепшік, кембағалдарға да қол ұшын беріпті... Елдің байсымақтары кейуананы күндеп, өзара кеңесіп, бұл үйді бақылауға алуды ұйғарады. Жансыздар күндіз кемпірдің отымен кіріп, күлімен шығып жүреді де, түнімен үйінің айналасын ториды екен. Сөйтсе, үй иесі күнде кешқұрым босағасының оң жақ іргесіне бір шыныаяқ айран қояды-мыс. Ал, таңертең бос қалған ыдысын кемпір елеусіз ғана алып кетеді екен...Бақса, түн жарымда бір ұзын жылан келіп, әлгі шыныаяқтағы айранды ішіп кетеді-мыс. Сол жарықтық әр жұма сайын әлгі шыныаяққа алтын тастап кетеді-мыс... Жыланды аңдып, інін анықтаған жансыздар болған оқиғаны қожайындарына айтады. Ауыл азаматтарының қолына кетпен, күрек ұстатып, жетіп келген байсымақтар ошақтың аумағындай ғана шұқанақты көреді. Іші толы шұрық тесік ін дейді. Қаза бастағанда кездескен үш-төрт жыланды олар оп-оңай-ақ өлтіріп отырады. Бірте-бірте індер көбейе береді де, жыландар енді ондап-жиырмалап шыға бастайды. Ал, біраздан соң адамдар жер қазудың орнына жыландармен алысып кетеді. Аузы кеңейген індерден лек-легімен шыққан жыландар өздерін жәбірлеушіге шабады. Мыналарға төтеп бере алмаған алтын іздеушілер кетпен-күректерін тастай сала, қашуға мәжбүр болады. Қашқандардың көпшілігі жолай өледі де, ауылға жеткендері үйіне келіп құлайды.  У-шу боп, әрі-сәріге түскен қатын-қалаш, қыз-қырқынды қаптап келген жыландар сол түні бір-бірлеп шағып өлтіреді. Мал-жаннан бірде-бірі тірі қалмайды... Жыландар қоныс аударады. Қазылып кеңейген шұңқырдың орнына кішігірім сай пайда болады. Қар еріп, су түсіп дегендей, сай жылдан-жылға кеңейе түседі. Содан ол «Жылан бұзған» аталады. 

    Қаламгер шығармаларындағы кейіпкерлердің жан-күйзелісі, ішкі және сыртқы жан-толғанысы,  оқиғадағы психологиялық қарама-қайшылықтар, бәрі-бәрі табиғат құбылыстарымен сәтті бейнеленген. Мәселен, «Балауыз шамдар» атты әңгімесінде Уәлиді шұғыл еліне шығарып салып, Рита мен Қажытай шипажайға оралғандағы табиғат: «Жергілікті халық «Шақпақтың желі» дейтін дүлей жел зәулім теректерді ышқына, ысқырына жұлқылайды. Допша домаланған шүйке-шүйке ұялар жерде шашылып жатыр. Шиқылдауға әлі жоқ қыруар балапан бүрісіп-бүрісіп отыр. Өлгендерінде қисап жоқ». Осыдан-ақ, кейіпкерлер үшін қоштасудың өте ауыр болғанын байқауға болады.

   «Бала мен қайыршы» әңгімесінде баласынан жасырып келген ащы шындықты анасы айтар сәт: «Жасанып көктем келгенде, көк қауламай тұрмайды. Шындықтың аты – шындық,» - дейді нар тәуекелге бел буып. Рас, қой.  

   «Менмін!» - деген, ақиық ақын-жазушылардың ішінде гүлге сүйінбеген, сыйынбаған, табынбаған, сыйламаған, жырламаған пенде жоқ шығар! Солардың бірі - Е.Қойбағарұлы.  Жер бетіндегі ең әсем, ең нәзік жаратылыстың иесі жайлы ол көп жазған. «Махаббатым – ғайыперенім» әңгімесінде: «Гүлбаршын екеуі көкпеңбек көлдің жағасында, көкорай шалғында қыдырып жүр екен. Айнала толы ақ гүлдер. Хризонтема секілді екен-ау дейді... Қыз бұған гүлдестені ұсынды... Қос кеуденің ортасында, қос жүректі тоғыстырған гүлдестеден жұпар аңқып, шешегі тамағы мен кеудесін қытықтады...». Хризонтеманың отаны – Жапония. Қазақшаласақ, «Бақытгүлі» аталады екен. Алғаш оқып отырғанымда, бақытгүлін ұсынған Гүлбаршынмен бірге Исмайылдың «аса бақытты» болуын қалап едім, амал не?! 

  Қызғалдақтың отаны – Қазақстан екенін ескерсек, жазушының нәзік жүрегі «Қызыл кітаптағы» дала аруының мүшкіл, қорғансыз жай-күйін тілге тиек етпей, азаматтық үнін өз шығармаларына арқау етпей, бұйығы қалай отырмақ?! 

    Жазушы гүл атаулыдан ақ түсті бақытгүлі мен қызғалдақты ерекше ұнатады екен. Бұған оның шығармаларын оқып отырып, көзіңізді жеткізесіз. Қызғалдақтай дала аруын жақсы көретіндігі сонша, шығармаларындағы кейіпкер қыздардың үстіндегі көйлекте де гүлдердің, соның ішінде қызғалдақтың суреті болғанын қалайды. Сенбесеңіз, автордың таңдамалы шығармалар жинағынан I-томды қолға алып, 166-бетке қараңыз.

   Е.Қойбағарұлының жасөспірімдер мен балалар тақырыбына лайықтап, драма жанрына қалам сілтегені – мені қуантты. «Бала мен қайыршы» адамдар арасындағы экологияны қамтыса, «Қасірет қақпаны» - сора сорлатқан сан мыңдаған жастардың тағдырына алаңдаушылық білдірген, ақ халатты абзал жанның жан айқайындай көрінді маған. Алапат апаттың алдын алу шаралары медицинадағы қасаң тілмен айтылмай, ата-бабамыздың жолымен, ежелгі емшілік, бақсылық, ақындық өнерді дәріптеп, жас жеткіншектің санасына тиімді ақпарат бере біледі. Сораның сор боларын жіті түсіндіреді. Салауатты өмір салтын ұстануға шақырады. Жастардың бәрі бос уақытында спортпен айналысса, қоғамға және отбасына пайдалы іспен шұғылданса, білімді, білгір азамат болып, «Тағдыр тауқыметі» повесіндегі бас кейіпкер Юсуп Қаратаев сынды тұлға болып қалыптасса, -  дейді.

    Дәрігер-жазушының науқастарды ландшафтотерапия ілімі бойынша емдеуі табиғат мәселелерімен ұштасып жатыр. Бұл жөнінде: «Аршалардың арасында қыдырған аса пайдалы. Бұлар фитонцидтер деген зат шығарады. Оның адам денесіндегі зиянды микробтарды құртуға, тыныс жолдарының тазаруына үлесі зор,» - депті. Сондай-ақ, өзі сықылды дәрігерлерге: «Науқастарды кабинетте емес, бау-бақшада, өзен-көл жағасында, түрлі көліктерге отырғызып, қыдыртып емдеу керек,» деген ұсыныс айтады. 

   Адам баласының таза ауамен тыныстап, табиғат аясында сейіл құруы, оған күш-қуат беретін болғандықтан, Ерсін ағамыздай, жиі-жиі серуен құрып, табиғатты сүйіп, тіршілік атаулыға жанашыр болайықшы!

       Әшірбаева  Гүлдәрия, Қазақстан Журналситер одағының мүшесі       

Мұрағаттан: 11.11.2014                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                              

                                          

Йасауидің тағлымға толы таңдамалы хикметі
Алпысбай Боранбаев, ақын, сықақшы: «Жұмыссыздықты жойдық»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу