Йасауидің тағлымға толы таңдамалы хикметі
Бүгінде жер бетінде жеті миллиардтан астам адам ғұмыр кешуде. Сол жеті миллиардтан астам адам әр түрлі дінге сенеді. Адамзаттың басым көпшілігі әлемдік діндерге, ал қалған бөлігі – дәстүрлі діндерге сенеді. Жер бетіндегі ұлттардың сан алуандығы мен олардың діндеріндегі айырмашылықтар төзімділікті талап етеді. Бұл төзіміділік глоболизация, яғни жаһандану заманында әлем болашағын байыптылық пен бейбітшілікке бастайтын болмысқа айналды.
Бүгінде саяси тұрақтылық, ұлтаралық татулық және діни төзімділік қайсы елдің болмасын басты құндылығына айналды. Бұл құндылықтарды көздің қарашығындай сақтау – саяси билік пен түрлі қоғамдық институттардың, қала берді әрбір азаматтың міндеті болып тұр. Осы ұлы да ізгі мақсаттардың жолында қыруар жұмыс атқарылып жатыр. Бұл құндылықтарды сақтау бүгінде мемлекеттік саясат деңгейіне көтерілді.
Түркістан қаласында тұратын бір бауырымыз бірде маған Түркияның мемлекет қайраткері әрі зерттеушісі Намық Кемал Зейбектің «Қожа Ахмет Йасауи жолы және таңдамалы хикметтері» деген кітабын сыйлады. Бұл кітапты қолға алғанға дейін де діни төзімділік жайлы көп оқығанмын, қызмет бабымен осы тақырыптағы талай ұлттық және халықаралық конференцияларға қатысқанмын. Бірақ Қожа Ахмет Йасауидің діни төзімділік жайлы жазғанынан артық айтқан ғалым немесе саясаткердің пікірін кездестірмедім. Қожа Ахмет Йасауи өз хикметінде былай дейді:
Сүннет екен, кәпір де болса, берме азар,
Көңілі қатты, діл азардан Құдай безер.
Алла Хаққы, ондай құлға тозақ даяр,
Даналардан естіп, бұл сөзді айттым міне.
«Қожа Ахмет Йасауидың хикметтерінің бастауы – Құран мен пайғамбарымыз Мұхаммед с.а.с. өнегелі өмірі мен істері болып табылады. Құдайға сенсін, сенбесін, қандай сенімде болса да адамды ренжітпе. Адамдарға дініне қарап үкім шығарып, қиянат жасама! Қалаған нәрсесіне сенсін, сенімі бойынша әрекет етсін. Дін мен сенім бостандығының қайнар бұлағы - міне осы. Осындай жоғары түсінікке адамзат қазір қол жеткізе алмай отыр. Қожа Ахмет Йасауи түсінігіндегі осы діни төзімділікке (толеранттыққа) немқұрайды қарауға болмайды. Ұлы Жаратушы адам баласының тілін, түсі мен әдет-ғұрпын әр түрлі етіп жаратқан. Бұл – жаратылыстың сыры. Бұл сырға құрмет – Жаратушыға деген құрмет. Йасауи бабамыздың осы қағидасын ұстаған адам басқа діндегілерге төзімділік таныта отырып, өз сенімі мен түсінігін сақтап, оны дәріптеу әрекетінен танбай, басқа идеялар мен діндердің шабуылына, түрлі қалыптағы тұзақтарға да сақ болуы тиіс.
Ислам дінінде «Амалдар ниетке қарай өлшенеді» деген ұғым бар. Бұл ұғым «Дінде қысым, зорлық жоқ» (Бақара сүресі, 256-аят) деген қағидаға негізделген. Ұстаз Намық Кемал Зейбек Қожа Ахмет Йасауи атамыздың жоғарыдағы хикметін осылай түсіндіреді.
Түсіністік – төзімділіктің алғы шарты. Біреудің діні немесе әдет-ғұрпына төзімді болуымыз үшін біз сол дінді, сол халықты, оның әдет-ғұрпын, мәдениетін түсінуіміз керек. Ал түсіну үшін үн қатысу, яғни диалогта, сұхбатта болуымыз керек. Жылқы екеш жылқы да иіскелеседі, кісінеседі. Қазақтың «Адам сөйлескенше, жылқы кісінескенше» деген сөзінде ұлы ұлағат бар. Діни төзімділік мәселесін зерттеп жүрген саясаттанушылар мен дін өкілдері діндер арасында бейбітшілік болмай, жер бетінде бейбітшілік болмайды, ал діндер арасында үн қатысу болмайынша, олардың арасында бейбітшілік болмайды деген ортақ пікірге келіп отыр.
Діни төзімділік тұжырымы мен осы бағыттағы саясатты жүзеге асыратын негізгі институттардың бірі – діни мекемелер мен имамдар. Дін басыларына, уағызшыларға артылар міндет үлкен, дұрысы – қауымды ізгілікке шақыру міндет дәрежесінен миссия санатына көтерілді. Уағызшыларымыз өшпенділікті емес, сүйіспеншілікті, астамшылықты емес, аяушылықты уағыздауы керек. Жұма намазына баратын қауым, әсіресе жастар жағы имам-хатыбтың уағызына ерекше көңіл бөледі. Жас намазхандар күшті имамдардың уағызын тыңдау үшін өз мекен-жайы немесе жұмыс орнынан алыс жерде орналасқан мешіттерге қарай ағылады. Совет Одағының кезінде Өзбекстанның Әндіжан облысында Әбдуәлі қари деген үлкен ғұлама, имам-хатыб болған. Сол ұстаздың уағызын тыңдауға жұма сайын Ташкенттен жүздеген адам барады екен. Ташкент пен Әндіжанның екіарасы – 365 шақырым жер. Сөздің, имамның сөзі – уағызыдың құдіреті қандай десеңізші!
Бүгінгі ислам әлемінің ұлы тұлғаларының бірі – дүниеге әйгілі Әл-Азхар университетінің Бас имамы Шаих Мухаммад Саид Тантауидың пәтуалары мен халықаралық оқиғаларға орай жасаған мәлімдемелерін газеттер мен Интернет басылымдары іліп әкетіп жатады. Тантауи ұстаз: «Парасатты адамдардың әділеттіктің, адалдықтың, бейбітшіліктің, тыныштық пен қауіпсіздіктің – игілік екені, ал қанаушылықтың, сатқындықтың, кісі өлтірудің, дұшпандық пен лаңкестіктің – зұлымдық екені жайындағы пікірі ортақ» дейді. Ұстаз сөз қозғаған бір ғана әділеттілік қасиетінің өзі – барша әлемдік және дәстүрлі діндердің басты ұстанымдарының бірі. Әділетті болу ханнан да, қарадан да талап етіледі. Әділеттілік қоғамдық қатынастардың, мемлекеттік құрылыстың негізі болып табылады. Себебі әділет – тәңірлік қасиет. «Аллаһ жазаласа Өз әділдігімен жазалайды, кешірім етсе, Өз кеңшілігімен кешірім еткені болады» - дейді жерлесіміз, Шайх Абдулла қажы Жолдасұлы.
Діни төзімділік көршіден басталады. Пайғамбарымыз Мұхаммед саллаллаһу әлейһи уәссалам «Аллаға және ақірет күніне сенетін адам көршісіне жақсылық жасасын» деген. Менің Надежда Ивановна Белянкина деген көршім болды. 86 жасқа келіп дүние салды, ұлты – еврей болатын, 20 жыл бойы бір-бірімізге көмектесіп келдік. Надежда Ивановна менімен сұхбаттасқанды жақсы көретін, ол ешқашан менің дініме, ұлттық намысыма тиуі мүмкін болған нәрсені тілге алмайтын. Бұл - оның мәдениеті мен төзімділігінің көрсеткіші болатын. Ерекшеліктер ескерілмесе, бір-біріміздің айырмашылығымызды түсіне білмесек, шынайы сұхбат болмайды.
Дін – ақыл-есі толық адамдарды өз қалауларымен осы дүниеде және ақіретте жақсылық пен бақытқа жеткізетін заң. Осы заңның басты талаптарының бірі - тағы да төзімділік, басқа дінге, басқа ділге төзімділік.
Пайғамбарымыз Мұхаммед саллаллаһу әлейһи уәссалам: «Сіздердің маған ең сүйкімділеріңіз және қиямет күнінде маған ең жақындарыңыз – ақлақы ең көркем болғандарыңыз» - деген екен.
Сонымен төзімділік тек қоғам алдындығы моральдық міндетіміз емес, ең бастысы – Алла алдындағы үлкен парызымыз да екен.
СЕЙІТ ИМАТОВ