Имам әл-Ғазали. «Ей, ұлым!»

Oinet.kz 15-04-2019 3572

Screenshot_26.jpg

Имам әл-Ғазалидің «Ей, ұлым!» атты еңбегі он ғасырдан бері ұлағатты тәрбенің үлгісі ретінде адамзатқа қызмет етіп келеді.

Батыс пен Шығыстың ғұламалары ұлы ұстаздың тәрбие саласындағы ұлағатты ойларын бүгінгі күннің қасіреті – діни экстремизм мен терроризмге қарсы құрал ретінде пайдалануды ұсынып отыр. Өкінішке қарай, экстремистік бағыттағы исламшылар «Исламның құжжаты» деген атақ алған ғұламаның еңбегін құндылық санамайды, себебі Имам әл-Ғазали өзгені өлтіруге емес, әркімді өзіңдей көруге, байлық пен билікті басқа жұртқа қысым көрсету мен озбырлыққа емес, жоқ-жұпыныға жұмсауға, ең бастысы – зорлық-зомбылықтан аулақ болып, тақуалық пен ізгілікке ұмтылуға үндейді.    

Бұл кітапты Имам әл-Ғазали бір шәкіртінің өтініші бойынша жазған. Аталмыш кітап әлемнің көптеген тілдеріне аударылған. Америка мен Еуропа елдерінде Имам әл-Ғазалидің еңбектерін зерттейтін ондаған арнайы институттар бар. Ұлы ғұламаның еңбектерін зерттеп келе жатқан  мұсылман әлеміндегі ғалымдар санын ешкім баса айта алмаса керек.

Өз басым бұл кітапты екі рет сатып алдым. Біріншісін оқып болып, бір әріптесіме сыйладым, ал екіншісін қайта оқып, тағы бір досыма тарту еттім. Үшіншісін алайын дегенімде, іздеп таба алмай қалдым. Сатушылар: «Бұл кітапты табуыңыз қиын, сатылып кеткен, орысшасын алыңыз» деді. 2008 жылы аталмыш кітаптың орысша аудармасын Санкт-Птербургтың «ДИЛЯ» баспасы шығарыпты.

         «Ей, ұлым!» атты кітаптың кіріспесінде Имам әл-Ғазали: «Ей ұлым! Кеңес беру оңай, бірақ оны қабылдау қиын. Өз нәпсісі мен қалауына берілген адам үшін мен беретін кеңестер тартымсыз түйіледі, себебі тыйым салынған нәрсеге адам өш келеді. Әсіресе білімді мақтану үшін игеріп, сол арқылы жалған дүниенің қызығын қумақ болғандар үшін бұл қиын іс» дейді.

         Ұлы ұстаздың бала тәрбиесіне арнап жазған еңбегі мың жылдан бері шығыстық педагогиканың негізі болып келеді. Шама-шарқымызша ұлы ұстаздың ұлағатын  ұрпағын тәрбиелеп отырған бауырларымызға жеткізуді жөн көрдік.  Ал сонымен ұлы ұстаздың өскелең ұрпақты қатыгездіктен құтқарып, ізгілікке үндеген еңбегінен үзінділер келтірейік.

         Ей, ұлым! Білімнің мәні – Алланы тану мен Оған ғибадат ету. Тану мен ғибадат – Оның бұйырғандарын орындап, тыйым салғандарынан аулақ болу, тілің мен діліңнің бір болуы. Алланың заңдарына сай келмейтін ой мен әрекет дұрыс жолдан адасу болып табылады. Есіңде болсын: көп сөйлеу, нәпсіге берілу – бәленің белгісі.

         Ей, ұлым! Мына бір ғибратты әңгіменің мәніне үңіл. Хатим әл-Асамм деген адам ұлы ұстаз аш-Шакик әл-Балхимен отыз жыл бірге болыпты. Әл-Балхи оған: «Ұзақ жылдар бойы менімен бірге болдың, не үйрендің, қандай жетістіктерге жеттің?» деп сұрапты. Сонда Хатим әл-Асамм: «Мен сегіз сабақты игердім, сол сабақтарым мені құтқарады деп ойлаймын» деп мына төмендегілерді айтады:

         Біріншісі – мен адамдарға қарап мынаны аңғардым: әрбір адамның өзінің жақсы көретін нәрсесі бар. Кейде бұл нәрселер адаммен өмір бойы бірге болады, кейде оның қабіріне дейін еріп барады да, мәйітті жалғыз қалдырып кері қайтады. Бірақ сүйікті деп табылған нәрсенің ешқайсысы да онымен  арғы дүниеге бармайды. Мен көп ойлап, мынадай шешімге келдім: адам жақсы көруі керек болған нәрсе – өлгеннен соң онымен бірге қалатын нәрсе. Бұл – ізгі істер. Осы ізгі істерді мен өз өмірімнің өзегі, ең қымбатты нәрсе деп шештім. Осы ізгі істер менің жолымды анық әрі жарық ететін құндылық деп таптым. Бұл құндылық арғы дүниеде мені жалғыз қалдырмайтын адал серігім деп тұжырымдадым.

         Екіншісі – адамдар өз қалауларын орындауға асығады. Жеке басының қызығын көздейді. Алланың «Ал енді кім, Раббының алдына тұрудан қорқып, нәпсісін соққан нәрседен тежеген болса, негізінде оның барар жері ұжмақ» (79:40-41)* . Мен Құран – шыныйылық бұлағы екеніне көзім жетті. Жаным жақтырған, яғни нәпсім қалаған нәрселерге қарсы ұрыс аштым. Тәнімнің қалауын жеңіп, Аллаға құлшылық етуді жан-тәніммен жақсы көрмегенімше тынбадым. Бар болмысыммен Жаратушыға бас идім.

         Үшіншісі – мен әрбір адамның осы дүниенің құндылықтарын иеленуге құлшына әрекет ететінін аңғардым. Алланың: «Сендердің жандарыңдағы дүниелік түгейді де Алланың қасындағы қалады. Әрине сабыр еткендердің сыйлығын, істеген істерінен де жақсырақ береміз» (16:96) деген аяты жайлы көп ойладым. Осы дүниеде иеленген нәрселерімді Алла жолына жұмсадым, кедейлерге үлестірдім. Осы менің Алла жолындағы қызметім болды.

         Төртіншісі – кейбір адамдар күш пен абырой – руының үлкендігі мен ұрпағының көптігінде деп ойлайды. Басқа біреулері күш пен абырой байлығының көптігінде деп түсінеді. Ал тағы біреулер күш пен абырой өзгенің мүлкін иелену мен адамдарды қыспаққа алуда, озбырлық пен қан төгуде деп ойлайды. Басқалары күш пен абырой дүние шашып, шалқып жасау мен өзгенің мүлкін бүлдіруде деп біледі. Мен Алланың   « ...Шынында Алланың қасында ең ардақтыларың тақуаларың» (49:13) деген сөздері жайлы көп ойлап, көп толғандым. Осылай тақуалықты мақсат тұтып, жоғарыдағы адамдардың түсінігі жалған екенін, мұндай пікірдегі адам ізгілікке жете алмайтынын аңғардым.   

         Бесіншісі – мен бір-бірімен ұрысып-таласып жатқан, басқа біреулер жайлы өсек-өтірік айтып жатқан адамдарды көп көрдім. Бұл кемшіліктер күншілдіктен келіп шығады. Алла тағала: « (Мұхаммед Ғ.С.) Раббыңның мәрхаметін олар бөліп бере ме? Олардың дүние тіршілігіндігі несібесін араларына Біз үлестірдік. Сондай-ақ бір-біріне бағынсын деп, бірін-бірінен дәрежеде көтердік. Раббыңның мәрхаметі олардың жиған-тергенінен артық.»(43:32) дейді. Мен тағдырдың Ұлы Жаратқан тарапынан белгіленіп қойғанын білемін, сондықтан күншілдіктен аулақпын, Алланың бергеніне қанағат етемін.

         Алтыншысы – мен адамдардың түрлі мақсаттар мен мүдделер үшін жауласып жататынын бақыладым. Алла тағала: «Шәксіз сендерге шайтан дұшпан. Сондықтан сендер де оны дұшпан тұтыңдар. Шын мәнінде шайтан өз тобын тозақтықтардан болуға шақырады.» (35:6) дейді. Мен мынаны түсіндім: шайтаннан басқа ешкіммен жауласпау керек.

         Жетіншісі – мен әрбір адам жейтін нанын табу үшін бар күшін салатынын, бұл жолда олар өз қадір-құрметін аяқ асты етіп, тыйым салынған әрекеттерге де баратынын түсіндім. Жаратқанның: «Жер бетінде әр жәндіктің қорегі Аллаға ғана тән. Ол, олардың тұрақты, тұрақсыз орындарын біледі. Барлығы ашық бір Кітапта.» (11:6) деген аяты бар. Менің азығым – бір Алладан, Ол осыны уәде еткен. Мен Жаратқанға ғибадат еттім де, өзімде бармен басқалармен бөлістім.

         Сегізіншісі – мен әркімнің Алла жаратқан нәрселерге – динарға, дирхемге, байлық немесе билікке, қолөнерге немесе кәсіпке арқа сүйегенін көріп, Алланың: «Оған, Алла, ойламаған жерден ризық береді. Ал кім Аллаға тәуекел қылса, сонда Ол, оған жетіп асады. Сөзсіз Алла өз бұйрығын атқарады. Расында Алла, әр нәрсеге бір өлшеу қойған.» (65:3) деген аяты жайлы көп ойладым. Осылай тек Аллаға сендім, Ол – менің Қорғаушым әрі Қамқоршым» - депті.  

         Сонда ұлы ұстаз Шакик Хатим әл-Асаммға былай дейді: «Саған Алла жар болсын! Мен Тауратты, Забурды, Інжіл және Құранды көрдім, сенің ұстанымдарың сол киелі Кітаптардың негізіне сай. Кім осы сегіз сабақты меңгерсе, оның сол төрт Кітапқа сай әрекет еткені» - депті.

         Ей, ұлым! Сен меннен ықылас жайлы сұрадың. Ықылас – сенің бар болмысыңмен тек Алла үшін қызмет етуің. Сенің жүрегің адамдардың мақтауына қуанбасын, адамдар даттайды деп қайғыланбасын. Есіңде болсын: екіжүзділік адамдарды мадақтаудан туады. Сен бұл екі жүзділіктен сол сен мадақтайтын адамдар Жаратқанның құдіретіне тәуелді екенін түсінгенде құтыласың. Сен адамдардың құдіретіне сенуден құтылмай, екіжүзділіктен арыла алмайсың.

            Ей, ұлым! Қашанда күншілдіктен аулақ бол. Күншіл адамның ісі де, сөзі де  айналасына зәр шашып тұрады. Пайғамбарымыз с.а.с.: «От ағашты қалай жалмаса, күншілдік те барлық ізгі қасиеттерді солай жалмайды» деген. Екінші емделмейтін кесел – ақымақтық. Иса пайғамбар: «Мен өлі адамды тірілте аламын, бірақ ақымақты емдеуге күшім жетпейді» депті. Осыны ұмытпа.

         Ей, ұлым! Сұлтандар мен әмірлерден аулақ жүр. Олар тарапқа қараушы да болма, сонда бәледен аулақ боласын. Оларды жағымпазданып мақтама, егер олар арсыз әрі әділетсіз болса, Алланың қаһарын шақырасың. Әділетсіз билеушінің өмірі ұзақ болуын тілеуің – Аллаға мойынсынбауды тілегенің болады. Ешқашан билеушілерден сыйлық алма, егер Заңға қайшы келмесе де, сыйлық алудан сақтан. Билеушілерден сыйлық алуға құштарлық жағымпаздықты тудырады, олармен сені ынтымақтас етеді, ынтымақтас болуың олардың озбырлығын қолдауың болып табылады. Бұл өз кезегінде иманыңды әлсіретеді. Озбыр сұлтанның  ұзақ билік құруын қалауың – Алланың момын құлдарының езілуін қалағаның. Иманың үшін бұдан қатерлі қауіп жоқ. Сақтан, сақтан, ұлым! Мұндай қателіктен сақтан! Сені шайтан азғырып, билеушілер шашып-төгіп жатқан байлықты иеленіп, кедейлерге бөліп бер деп, осы жолға үндейді. Шыныдығында шайтан осылай көп адамның түбіне жетті.

         Ей, ұлым!  Енді сен жасауың керек болған төрт нәрсе жайлы. Біріншісі – сенің Аллаға деген ықылысың құлыңның (метафора) саған деген ықыласындай болсын. Алла – сенің Иең, сен Оның құлы екеніңді ұмытпа. Екіншісі – адамдар саған қандай қатынаста болуын қаласаң, сен де адамдармен сондай қатынаста бол. Үшіншісі – егер сен ғылыммен шұғылдансаң, сол ғылым сенің жаныңды, жүрегіңді тазартатын, ізгі жолға бастайтын болсын. Егер  бір апта өмірің қалғанын сезінсең, сен жаның мен жүрегіңді тыңдайсың, мына дүниенің қызықтарын қойып, Аллаға жағатын істерді істеп, Аллаға жан-тәніңмен құлшылық ете бастайсың. Сен ұмытпа: әрбір күн мен әрбір түн - соңғы күнің мен соңғы түнің болуы мүмкін.

     Ей, ұлым! Менің соңғы сөзімді тыңда және сол сөзім сені құтқаратынын ұмытпа. Егер бір аптадан соң сенің үйіңе сұлтан келеді деп хабарласа, білемін – сен қалған уақытты сол сұлтанның көзі түсуі мүмкін болған нәрселерді жөндеуге жұмсайсың. Олар - сенің киімің, сырт көрінісің, үйің, жиһаздарың болуы мүмкін. Ал енді менің нені меңзеп отырғаным жайлы ойлан. Сен ақылды жансың, зерек адам үшін бір ауыз сөз жеткілікті».

         Міне, құрметті оқырман, біз ұлы ұстаз Имам әл-Ғазалидің кейбір өсиеттерін жеткізуге әрекет еттік. Бұл - ұлы Имамның өсиеттер теңізінен тамшы ғана.

         * Мақалада келтірілген Құран сүрелерінің аяттары «Құран Кәрім. Қазақша мағына және түсінігі» Кітабынан алынды. Аударған: Халифа Алтай. Өңдеуші: Дәлелхан Жаналтай. Редакциялаған: Абдұрраһим Алтай. Мәдине, 1991 жыл.

СЕЙІТ  ИМАТОВ


Әдебиетке тақырып нұсқау, «осыны жаз» деп бағдар көрсету дұрыс па?
Йасауидің тағлымға толы таңдамалы хикметі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу