Әдебиетке тақырып нұсқау, «осыны жаз» деп бағдар көрсету дұрыс па?
Дұрыс жағы да, бұрыс жағы да бар.
Соңғы кездері «қазақ әдебиеті қалалық әдебиетке айналмай, оқырманы көбеймейді» деген пікір көбейді. Арғы жағында – «қала өмірін көбірек жазыңдар» деген нұсқау да тұр. Бірақ қазақтың қайтадан қалалық жұртқа айналып келе жатқанына 20 жылдан жаңа асты. Шаһар сипатына ие, құшағына кірген жанды тұңғиығына тарта жөнелетін, қазақтың қай қиырында жүрсе де магнитімен тартатын қала да көп емес бізде. Алматы, Астана, Шымкент... бұл қатарға Қарағанды мен Ақтөбені ақырындап қосуға болады.
Сондықтан қалаға келсе де далалық қалпынан ондаған жылдар бойы арыла алмайтын ақын мен жазушы сары даланы, сағымды көлді, тұңғиық аспен мен шексіз көкжиекті аңсайтыны бесенеден белгілі. Оның жаны – далалық. Қазақ әдебиетінің тарихына үңілсеңіз, ұлы сахарамен байланыссыз, тек қала өміріне арналған шығарма саусақпен санарлық. Мұхтар Мағауиннің «Өмір жыры» хикаяты, Сафуан Шаймерденовтің «Инеші», Дулат Исабековтің «Бекеті», т.б. ондаған әңгіме ғана еске түседі. Демек, қазақтың қалалық әдебиеті әлі шынжау қалпында. Бесікте жатыр. Кейінгі жылдары жарық көрген шығармалардың ішінде оқымай, таныса алмай жүргеніміз бар болар, дегенмен бәрібір аз. Дидар Амантайдың қысқа-қысқа диалогтарға құрылған, кейіпкерлерлері бар мен кафені көбірек айналсоқтап жүретін шығармалары әу баста оқырманға таңсық та бөтен болып көрінгені де содан.
Біз – әзірше қалалық ұлт емесіз. Ал қалаға жаңа келіп, университет-институт тәмамдап, жазу өнеріне құлшынып жүрген жас дарын қала өмірін білмейді. Білетіндей көреді, бірақ Алматы сырын аша қойсын ба? «Өздерің білетін тақырыпқа ғана тәуекел етіңдер, балалар» дейтұғын Борхестің ақылы кімнің санасында кесе-көлденең тұра берсін...
Ақындардың өлеңдерінде де Алматыға табыну, Алматыдан торығу және жалығу, Алматыны еркіндіктен айыратын қатал абат ретінде көрсету үрдістері бар. Жөн-ақ.
…Сүйiседi көшелер көшелермен,
Бiр рахат сезесiң еселенген.
Осы сиқыр қалада өскенiңмен,
Таңданасың туристей кеше келген.
Емен-терек еркiмен қауышады,
Қайың менен қара ағаш танысады.
Алатаудан басталған ақ бұлақтар,
Алматыға жеткенше жарысады… – деген мұқағалилық еркелік пен:
Кірбең тартып тұрса да таң қабағы,
Сүймейтіндер бар ма осы нән қаланы?
Күні бойы жанымды қайғы мүжіп,
Түні бойы шайтанның арбады әні, – дейтін бүгінгі жас ақын Жақсылық Қазымұратұлына дейін Алматы – ғажайып жыр кесесі. Бұған Жұмекеннің «Міне, біздің Алматы осы, Алма төсі бұлтиып, Алма-төске жас бұтаның саусақтары тұр тиіп» дейтін сұлу суретін қоссаңыз, Алматының ақындардың абаты болып келе жатқанына пәленбай жыл болғанын мойындайсыз. Бірақ сол жырлардың бәрінде Алматымен қатар Алатау айтылып кетеді, аспандағы Ай да қосыла салады. Демек, мұның бәрі – қазақтың жаны әзірше сахарада екенін айғақтаса керек.
Шындығында, ұлттың тағдыры үлкен қалаларға тікелей байлаулы. Антон Чеховтың шағын ғана «Шенеуніктің өлімі» әңгімесін еске алайықшы. Иван Червяков спектакль көріп отырып, қарсы алдындағы генералға қарата түшкіріп қалды. Содан кейін қиямет басталды да кетті. Кішкентай шенеунік кешірім өтінді, генерал қабылдады. Бірақ сүлесоқ қабылдағандай көрініп кетті. Червяковтың әйелі қайта кешірім сұрауға ақыл берді. Шенеунік генералдың қазымыр, кекшіл екенін есіне түсіріп, қайта-қайта бас шұлғыды. Хат та жазып жіберді. Ақыры генерал шыдай алмады, Червяковты қуып шықты. Шенеуніктің «нәзік» жүрегі мұны көтере алмады, өліп кетті...
Шағын ғана әңгімеде қаншама тағдыр, қаншама өрнек жатыр! Ең бастысы, мұнда қалалық қалып бар. Сол қалыптан шығып кетсе, жүрек екеш жүрек те шыдамайды, жарылып кетеді. Қала арындап келген ғұмырды аяққа таптағанды ұнатады, мұрнының астынан міңгірлеп тұрғандардың бағын асырғанды қалайды. Қала намысты жер етуге асығады, намыссыздарды екі жегізіп биге шығаруға құмар.
Осының бәрі – мәңгі тақырып емес пе? Демек, дәл осы тұста қазіргі қазақ әдебиетіне «қала өмірін жаз, болашағың сонда» деп нұсқау берудің еш артықтығы жоқ. Соңғы 20 жылдағы Алматының, оның айналасын қаулай қоршаған лашықтардың, сол лашықтарда нанын айырған бауырлардың тағдыры – ғасырлық тақырыптар. Жұмыс орнымыз жақын болғандықтан, 2000 жылдардың басында Көк базарға келіп жиі тамақтанатынбыз. Сол кезде үнемі бір жігітті көріп қалушы едім. Екеуміз 1980 жылдардың аяғында лагерьде бірге болғанбыз. Еңгезердей жігіт болыпты. Сол жігіт базарда арба итеріп жүрді. Мені таныды, бірақ алыстан қарамды көре қалса, айналып кетуге тырысатын. Қарсы жолықса, көрмегенсіп өте беретін. «Неге солай істейді екен?» деп үнемі ойланып жүрдім. Сол жігіт әлі күнге арба айдайды. Саудырап бітті өзі. Қазір Көк базарға бұрынғыдай жиі соқпаймын, бірақ бара қалсам, сол танысымды көзіммен іздеймін. Жақ сүйегі таралып, көздері ұясына шүңірейе кіріп, алақтап тұратын болыпты. Баяғы еркіндік, баяғы алкеуде жоқ. Қас қарайғанда арбасында арақ ішіп отырғанын да көзім шалды.
Міне – тақырып... Міне – қала. Міне – тағдыр. Қаншама қазақ баласы өзін осылай қала өміріне бейімдеп, жақсы қасиеттерінен ақырындап көз жазып, тіршілік құлына айналып жатыр.
Нұрғали Ораздың «Даладан қалаға келгендер» хикаятында осындай иірімдер бар. Демек, қазіргі қазақ жазушыларында қала әдебиетіне деген талпыныс жоқ емес. Қазақ пен қала тақырыбын жазу арқылы ұлттың ұлы жолдарының бірін жылнамаларға кестелеуге неге болмасын?
Т.Драйзердің «Керри әпке» романы естеріңізде ме? Қаңғалақтап қалаға келген Керри қалай жан бағып еді? Бағы қалай жанып еді? Герствудты неге құрбандыққа шалып жіберді? Немесе дәл осы автордың «Америка қасіреті» романын мысалға алайық. Клайд Грифитс көңілсіз әлемнен сытылып шыққысы келеді. Неге? Бай болғысы келеді. Бірақ жеңіл жолды таңдайды. Робертаны көлге батыратын тұс қандай қасіретті еді десеңізші... 21 жасында өлімге байланып кете барды Клайдтың өзі де...
Міне, халықтың трагедиясы деген осы. Соңғы үш ғасырда әлемнің барша халқының өсуі, дамуы, игілікке жетуі, қайта құрдымға түсуі – түгелдей қалаларға байланысты. Қалалар – тағдырлар. Қалалар – әдеби кейіпкерлер.
Дәл осы кезеңде қала тақырыбына тереңдеп баруымыз керек. ХХІ ғасырдың 80-90 жылдарындағы ұрпақ өз аталарының, аналарының қазақы урбанизацияны қалай өткергенін түсіну үшін... Қазақтың әлемдік өркениет көшіне көшпеліліктен түгелдей дерлік бас тартып, қалай ілескенін сезіну үшін... Бәрі бүгін жазылуға тиіс.
Есей Жеңісұлы