Дәурен Қуат: «Туылған күн... Мәнті... Мәмпәси...»

Oinet.kz 17-05-2019 2201

Screenshot_5.jpg

Дәурен ҚУАТ, «Абай.кз» порталының бас редакторы: 

Туылған күн дегеннен шығады. Бастауыш мектептің екінші басқышында жүрген кезіміз. Біздің қулар туылған күндерін атап өтетін бір дәстүр бастады. Алдымен Бейімбеттің туған күніне бардық. Бейімбеттің мейірімді әжесі бар. Әке-шешесі де балаларын еркелетіп бағатын кісілер. Бикіштің, біз оны тілінің шолжаңыдығына орай «сақау бәтеңке» дейтінбіз, туылған күні бас бармақты қайқайтып көрсететіндей өтті. Мәзбіз. Қыздармен биледік. Үйге қайттық. Одан кейін Әділжанның, Талғаттың туылған күндерін тойладық. Кезек бізге таяп қалған. Әжеме келіп мән-жайды баян еттім. Жарықтық әншейіндегі мінезінен жаңылып : «Жақсы, болады. Бір қасқан мәнті жасап беремін» дегені. Шіркін, мәнті-ай!.. Манты түйген үйдің түтініне қарап бүтін ауыл сілекейімізді жұтып отыратын едік. Аш емеспіз, бірақ, манты әйтеуір сұмдық таңсық ас болатын сол кезде. Мектепке келе кластастарыма аса қуанышты хабарды жеткіздім: «балалар, манты жейсіңдер!». «Сақау бәтеңкелерімде» ес қалмады. Бәрі мені қаумалап алып арқамнан қағып мақтап жатыр. «Мәледессің. Әжең, тіпті, мәледес», «Бейімбеттің әжесі үйрек қуырып беріп еді, сенің әжең жарады» деп қайсібірі өсіре дәріптеп те жіберді. 

Туылған күніме екі күн қалды. Әжемнің уәдесін пысықтап қоймақ ниетпен екеуара әңгімені ақпанның онына қарай бұра беріп едім: «Ой, балам-ай, туылған күн деген не осы? Мәнті түйіп отыратын мен бір уылжыған жас емеспін. Бір қазан ет асамын, сол жетеді сендерге!» - демесі бар ма? Ет... үлкендердің көңілін көтеріп, жұтқыншағын бүлкілдеткенімен балалар үшін тәбет тарттыратын «тағам» емес. Дегенмен, шүкір.

Туылған күніме бір күн қалды. Әке-шешем алыс қыстауда, тауда. Зыр қағып, үйдің ішін тазалап, төңіректі сыпырып-сиырып тыным таппай кеттім. Менің қызыл танау болып тапырақтаған түрімді таныған әжем: «Балам, туылған күніңе арнап жақсылап тұрып бермешел басып беремін, саспа», - деді. «Әже, бермешел деген былай...». «Бермешелден кейін бір дорба іріс мәмпәси жейсіңдер». «Урррааа!» Иристің қасында манты мен ет, «бермешел» деген не тәйірі! Ауызымыз малжаңдап ирис шайнайтынымызды достардың біріне ескерттім. Тәтті-пәттінің дүкендерге түсе бермейтін қат кезі, бардың өзін шешелеріміз «үйге қонақ келеді» деп тығып ұстайды. Сондықтан, екіншіде оқитын 7-8 жастағы балаларға дорба толы иристі шашып тастайтын менің туылған күнімнен өткен туылған күн болсын ба, қуанып, дабырласып кетті.

Міне, бүгін туылған күнім! Түске таяу балалар келеді. Апыр-ай, қалай болар екен?.. Әжем үйге кіріп-шығып, бауын бұрымына қосып өріп алатын кілттерін сылдырлатып абажадай үлкен сандығының ішіне сүңгіп кетті. «Е-е, Құдай, бере гөр!» Ары-бері өтіп, байқатпай көз тастап қоямын. Әжем сандығын ақтарып әлдебірдеңелерді алды, қаттап-бүктеп онысын қайта салды. Тағы біраз күйбеңдеді де, басын көтерді. «Иә, Құдай, бір дорба ирис!» Жоқ, әжем сандықтан құр қол шықты. «Әже, менің бүгін туылған күнім ғой, достарым келеді, өзіңіз білесіз... әлгі мәмпәси... иристі айтамын... шкафта ма... бас жағыңызда ма?» Бұлайша бірді айтып бірге кеткен себебім – әжем өте адуынды адам еді, қырына ілінсең қылтаңды қиып жібереді. Оның үстіне «сандықтан ұрлап жейсіңдер деп» тәтті-пәттісін басына жастап та жатушы еді кейде. 

- Туылған күн дейсің бе? Кімдер келеді?

- Пәленбайдың баласы.

- Жоқ, келмесін.

- Түгіленбайдың баласы.

- Соның шешесін суқаным бір сүйген емес...

Мен класстастарымның бәрін атап-түстеп айтып шықтым. Әжем біреуін де жақтырмады. Енді қайттім? Дегенше болған жоқ маңғасқа деген сарала төбетіміз арпылдай үріп, сырттан ысқырық естілді. Келіпті достарым. 

Төбеттің арпылы мен көп аяқтың тарпылын құлағы шалған әжем менен бұрын сыртқа ұмтылды. Маңғасқаға «жат!» деп жекіріп алды да: «Әй, балдар, - деді үйіріліп тұрған қалқанқұлақтар мен қалақбастарға қарап дауысын көтере сөйлеген әжем, - Дәуреннің әке-шешесі тауда, мен кәрі адаммын, сендерге ас пісіріп қызмет қылар жайым жоқ. Мәмпәси де бітіп қалыпты үйде. Дәуреннің туылған күнін жер аяғы кеңіген соң, жазға таман, май айының бесінде жасап беремін».

Тап сол жылдары біздің ауылды «Май айының бесінде, сені көрдім түсімде» деп басталатын көше әні кезіп жүрген еді. Ертеңінде мектепке барған мені үлкен-кішісі, ұлы-қызы бар – бәрі сол әнмен қарсы алды. Совет өкіметінің гимні мен Советтік Қазақстанның гимнін біздің М. Мәметова атындағы сегіз жылдық мектептің оқушылары дәл осындай биік рухта, асқақтатып, қосыла шырқап айтып көрмеген шығар. Кірерге тесік таппадым. Бірақ, бірер айдан соң, шамасы сол май айының бесіне таман ғой деймін, әлгі әнді өзгелермен бірге өзім де көтеріңкі көңіл күймен айтып жүре беретін болдым...

Алпысбай Боранбаев, ақын, сықақшы: «Жұмыссыздықты жойдық»
Ілияс Есенберлин
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу